Ит ұлыған түн

Біздің үй жайлауда ең соңғы үй болып күзеуге көшті. Жайлаудағы үйлердің ертелі кеш көшуі шөптен оралған үй иелеріне байланысты еді. Сол жылы біздің үйдің шаппасы көктемей қысқа қажетті алатын шөпті межеден кешігіп алды. Біздің үй мен іргелес Жомарттың үйі көрші отыратын. Өздері малды, балалы үй еді. Жомарт қария ірі денелі, шоқша сақалы бар, екі беті қызара бөртіп жүретін ақ көңіл кісі болатын. Әнтек, бір аяғын сылти басып, таяқ ұстап жүретіні болмаса қарымды, анау-мынау кісіге алдыра қоймайтын тақымды шал. Қашан барсаң да үй-іші азан қазан шу болып жататын. Әсіресе кешке мал сауатын кезде қоралары тіпті құжынаған базар секілді болып кетеді. Анандай жерде қосақ басында Жомарт ақсақал сауатын қойларды түгендеп: "Сынық мүйізді қызыл саулық жоқ, ала дон ешкі жоқ" деп сауылуға тиіс малдарын түгендеп тұратын. 
"Әйт, шік былай, өй әкеңді" деп қойды шырқ иіріп, сауылатын малды қуып жүрген балалары енді ғана тай мініп жүрсе де көшпелі өмірдің тірлігіне бейімделген, асау үйреткен жотаның бөлтіріктері еді.
Биылғы жаз ерте аяқталды. Шілденің аяғын ала күздің аңызғақ желі жотаны кезіп есіп тұрып алды. Жерде бітік көктемей жайлаудағы жұрт биелерін ерте ағытып, сірге жияр қымызын жылдағыдан ерте ішті. Сондағы жиында шөпке биыл ерте түсуге пәтуаласқан еді...
 
Жайлау әдеттегіден тыныш. Кешкісін азан-қазан болып жататын Жомарт ақсақалдың үйі де тым- тырыс. Әр үйдің менмін деген білекті ер азаматтары шөпке кеткенді. Көршіміз Жомартта бір ақ тал қызы бар. Тай мініп қозы қайрып жүрген үш тетелес кіші ұлдарынан басқа  едел- жедел өскен атпалдай тағы үш ұлы барды.  Екі беттері нарттай қып-қызыл, ірі денелі жігіттер болатын. Ауылдағы көкпар біткеннің бәрі солардың еншісінде еді. Қымыз ішіп, ет жеген жеріне кейде қор ете түсетін. Биыл да олар шөпті тез шауып, жайлаудан күзеуге көшкелі міне үш күн болды.
 
Бүгін әдеттегі күннен ерте жаттық. Әкеммен ағаларым шөпке кетерде малға ие бол деп тапсырғасын атты ерте арқандап, қойды ерте жайлап жүретінмін. Көшеміз деп қозы лақты жамыратып, тек сүтке бола бірнеше сиырларды ғана сауынға алғанбыз. Айнала тым-тырыс. Тек малдардың ыңырсуы мен күйсеуі ғана естіледі. Арагідік еміс- еміс күмбірлеген дауыстар естіліп тұратын Жомарттың үйі де жоқ. Сол көрші үйдің Ақтөс атты кәртейген қара иті бар еді. Алдыңғы сол аяғы ақсақ болатын. Суырға құрған қақпанға түсіп ақсап қалған деседі. Жүні сабалақ, еңгезердей ит болғанымен ешкімге зияны жоқ еді. Қой үркіп шыққан түні ұлып шығатыны бар. Ондайда Жомарт ақсақал тәйт дегенде жым болатын. Қарияның қақырғаны мен Ақтөске тәйт деген дауысы киіз үй ішінен бізге естіліп тұратынды...
Кенет көршінің жұртта қалған Ақтөс иті ұзақ ұлыды. Әдеттегі түндегі дыбыстан бөлек, ащы зардың үніндей ұлиды. Анамның тәйт деген дыбысына да мән бермей ұлуын тоқтатпады. Қараңғы түндегі желмен жарыса ұлыған иттің дауысы көңілге қорқыныш ұялатып, төбе құйқаңды шымырлаты жіберді. "Иттің ұлығаны жаман ырым" деп анам ішінен әлдебір дұғаларды қайталап жатты. Ақтөстің анда-сонда үйінің есігінен бас сұғып қарап тұратыны болмаса керегедегі еттерді іліп кететін сұғанақтығы жоқ ит еді. Тіпті қораға дүбірлеп атты қонақтар шауып келсе де бір-екі рет ап дейтін де қоятын. Сол Ақтөсті иелері алжыды дедіме әйтеу әдейі жұртқа тастап кетіпті. Енді міне қатарынан бірнеше түн ұлуын тоқтатар емес. Кейін үш-төрт күн түнімен ұлып шықты да ұшты күйлі жоғалып кетті. Бірақ Ақтөстің ұлығаны миымда сол күйі қалып қойды. Оның ұлыған дауысынан жоқтау зар сезілетін. Одан бері біраз жыл өтті. Бізде Майтабан атты ит болған. Сол жұртта қалған иттің ұлығанынан кейін Майтабанға кәдімгідей қамқорлықпен қарайтын болдық. Көшкенде машинаға артып, бірге алып жүретін едік. Үйткені ит екеш итте иесін іздеп, ұлитыны жанымызға тиді. Кейінгі жылдары Майтабан да алжып, ұшты күйлі жоқ болды. "Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді" дегені рас екен.
Кейін қалаға көштік. Өзімше тағы ит асырайын деп жүргенде көрші үйіміз атамекенге қоныс аударды. Олардың да Барыс деген қара иті бар еді. Ол итте жұртта қалды. Ит екеш итте иесін іздеп тағы ұлыды. Түнімен ұлып шыққан итке анам жаман ырымға балап "Жағың қарысқыр, тәйт" деп түнімен зекіп шығатын. Кейін ол итте өлімтігін көрсетпей ұшты күйлі жоқ болды. Сол ит ұлыған да сонау жайлаудағы жұртта қалған Ақтөс пен Жомарт қария есіме түсетін. 
О, тоба иттің адамға достығын айтсашы. Недеген адал еді. Кейбір адамдардың иттігінен осы иттер адам екен-ау.
Тағыда жұртта қалып, ұлыған итті көріп ит асырайын деген ойымнан айнып қалдым. Ертең мен де көшсем, мен де атамекенге аттансам жұртымда осы иттер тәрізді оны ұлытып қалдырғым келмеді. 
 
Қазір шекара асып атажұртыма келдім. Қоныс тепсемде ит асырауға қорқамын. Бір күні бір жерге қоныс аударсам ол итте жұртта қаладығой. Үлкендер ит пен мысықтың киесі қатты деуші еді. Өзім қоныс іздеп ұлып жүрсем де жұртымда итті қалдырып, ұлытпайыншы деп әлі жүрмін. Иә, ит жеті қазынаның бірі, адамның досы екені рас екен.
Ұлыған иттің дауысын естісем сонау жұртта жетім қалған Ақтөс пен Барыс есіме түседі.
Төбе құйқам шымырлап артта жұртым жетім қалғандай ішім ұлып жатады...
 
"Бұрынғы иттер есіктен ғана қарайтын, Қазіргі иттер төрге шығып алып, қазаққа ақыл айтып жүр".


Бөлісу: