Мотивация. Менің ерік-жігерім.

Мотивация. Менің ерік-жігерім.
жеке
блог

Сізді артыңыздағы мәселелер емес, алдыңыздағы армандарыңыз жетелеуі керек.

                                                                                                            Дуглас Эверетт

Тағатымды тауысып, асыға күттірген кәріс тілі курстары да басталды ақыры. Корей мәдениет орталығының табалдырығын аса үлкен қуанышпен, тамаша көңіл күймен аттадым. Сабақ та ойдағыдай өтті. Осының барлығын ойлап отырып, арман-мақсаттарыма деген қадамдарымның бірі осы  ма деп ойлап қоямын.

Кімнің болмасын ерік-жігерін қайрап, алға ұмтылуға деген талпыныс беретін бір күш бар екені анық. Қысқаша айтқанда мотивация десек те болады. Мотивация әркімде әртүрлі. Біреуде  әуен, біреуде сурет, тіпті біреулерде ол адам болуы да мүмкін. Ал, маған мотивация беретін дүние - көркем суреттер, музыка, кітап және атақты тұлғалар. Сонымен қатар өзімнің құлшынысымды арттыру үшін сүйкімді, әдемі кеңсе тауарларын сатып алғанды жақсы көремін. Бұл да бір кішігірім мотивация. 

Ерік-жігер. Адамның жан-дүниесін ешкім түсініп болмас, сірә. Әркімнің ішкі сана-сезімі мен түйсігі әртүрлі. Біреуінде қорқыныш, біреуінде батылдық басым. Не дегенмен, ең батыл деген адамда да кішкентай болсын қорқыныш бары анық. Ал сол қорқынышты жеңе білу әрбір жанның өз қолында.

 

Мен де өз ішкі қорқынышымды жеңуге бел байлаған едім. Ол қандай қорқыныш дейсіздер ғой? Жаңа бір істі бастауға, таңсық емес жерлерге баруға, жалғыз жүруге деген қорқыныш дүниедегі ең жаманы екен. Жаның қалаған жақсы істі өз еркіңмен бастай алмасаң оның несі жақсы? Осы бір сөздерді көкейіме түйіп, мақсатыма деген қиын да қилы жолды бастап кеттім. Ал оның қорытындысы тек өз қарекетімнің нәтижесі болмақ.