Астанада мүмкіндігі шектеулі жастар арасында  шығармашылық Фестиваль өтті
жеке
блог

Астанада мүмкіндігі шектеулі жастар арасында шығармашылық Фестиваль өтті

28-29 маусым күндері Астана қаласында мүмкіндігі шектеулі жастар арасында республикалық шығармашылық Фестиваль болып өтті. Республикалық деңгейде өткен бұл шараға Астана қаласы және Ақмола, Атырау, Алматы, сондай-ақ Павлодар облыстарынан 14-29 жас аралығындағы І, ІІ және ІІІ топтағы мүмкіндігі шектеулі 100-ден аса ерекше жастар қатысты. Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының тапсырысы бойынша шараны ұйымдастырушы «Қазақстан жастарының конгресі» ЗТБ өнерпаз жастардың басын біріктіріп, талантты жандарға қолдау көрсетуде.

 

Фестивальдің негізгі мақсаты – ерекше жандардың шығармашылық қарым-қатынасын жақсарту және жаңа таланттарды табу, ұлттық өнер мен мәдениетпен таныстыру, сонымен қатар Астана қаласының жалпы ақпараттық және мәдениет кеңістігін сақтау болып табылады.

 

 Екі күнге созылған Фестиваль аясында қатысушылар 5 шығармашылық және 5 спорт түрлерінен өзара сайысқа түсті. Оның ішінде, вокал, хореография, ыммен әндету, инструменталды шығармашылық, қолөнер шығармашылығы, армспорт, штанга көтеру, боулинг, үстел теннисі және шахмат секілді бағыттар қарастырылды. Сонымен қатар, іс-шара барысында қатысушылар Астана қаласының көрікті жерлерін (Қазақстан Республикасының Ұлттық мұражайы, «Бәйтерек» монументі, «Хан-Шатыр» ОСО, «Астана Опера» МОБТ және т.б.) тамашалап серуендеді.

Фестивальдің құрметті қонағы Қазақстан Республикасы Бала құқықтары жөніндегі Уәкіл Зағипа Балиева: «Мемлекет әрдайым ерекше қажеттілігі бар жандарға айрықша назар аударады және осы іс-шара да оның дәлелі»,-деп фестивальдің маңыздылығын атап өтті.  Ерекше жастарды қолдап жеңімпаздарды марапаттау үшін шараға  Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаттары Серік Сәпиев, Бақтияр Мәкен, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Жастар саясаты департаменті директоры Оспанқұлов Ғабидулла, Астана қаласының «Наз» мемлекеттік би театрының бас балетмейстері, көркемдік жетекшісі, «Қазақстан Республикасы Еңбек сіңірген қайраткері» Хадиша Ағымбаева, қазақстандық шахматшы, әйелдер арасындағы халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова және басқа да кәсіби өнер және спорт қайраткерлері келіп қатысты.

 

Шақырылған қонақтар, әртүрлі саланың шеберлері және миллиондаған адамдардың үлгі тұтар тұлғалары фестиваль қатысушыларын жеке құттықтап, марапаттаулары арқылы, әрбір қатысушының жүрегінде болашаққа, жақсылыққа деген үміт отын жағып, мейірімділік пен ерекше назар сыйлады. Өнерпаздардан бөлек, оларды қолдауға келген ата-аналары,туыстары мен достары үлкен сахнаға шығып өздерін республикаға көрсетуге мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға шексіз ризашылық білдірді. Конкурс жеңімпаздары мен барлық қатысушылары арнайы дипломдармен, кубоктармен және тұрмыстық техника түріндегі бағалы сыйлықтармен марапатталды. (Жеңімпаздар тізімін қосымшадан қараңыз)


Марапатату рәсімінің соңы «MEGA SILKWAY» ОСО-да отандық эстрада жұлдыздары Маржан Арапбаева, Досымжан Таңатаров, ағайынды Жүгінісовтер және осы фестивальдің жеңімпаздары Ерлан Жұмабаев, Ақботы Атығайқызы, ВИА Young Stars және т.б. өнерпаздардың қатысуымен өткен салтанатты гала-концертпен аяқталды.