Кенеттен кездескен Каринадан кеңес

Кенеттен кездескен Каринадан кеңес
жеке
блог
Шығармашылық емтихан қарбаласы барысында көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген Карина есімді орыс қызымен сұхбат жүргізіп көрген едік. Оның қазақ тәлән оқып-үйренудегі ерекше ынтасы бізді де таң қалдырды.

 -Карина, сәлем! Бірден қызықтырған сауалға көшейік. Қазақ тіліне деген қызығушылық қалай және қашан пайда болды ?

 - Сәлем!Мен негізі Ақтөбе қаласының тумасымын және мектепті орыс тілінде бітіріп шықтым. Кіші сыныбымда қазақ балаларын көріп, олар оырсша түсіне ме екен, олармен қалай тілдессем болады деп ойлайтынмын. Алайда, қазақ тілінің қажеттілігін 11-12 жасымда түсінгендеймін және сол кездерден бастап қазақ тілді бағдарламалар мен көптеген отандық телесериалдар кинотуындыларды тамашалайтын болдым. әрине, алғашында тек субтитрдың көмегіне сүйеніп жүргенім рас. Оның үстіне, көптеген мекемелерге барғанда, қазақ тілін білмегендіктен ыңғайсыз болды, себебі өзім қазақ тілінде сөйлеген адамға орысша жауап беруден қысылатынмын. Мұнан бөлек отбасым да, әсіресе, анам осы ойымды қолдап, маған ерекше көмек көрсетті. Оның "Сен Қазақстан азаматысың және сен қазақ тілін білуге міндеттісің" деген сөзі маған одан әрі серпін бере түскендей.

  -Ал, бүгіндегі қазақ тілі - мемлекеттік, ал орыс тілі - қарым-қатынас тілі дегенге қалай қарайсың?

 -Менің ойымша, қазақ тілінің беделінің артуы, мемелекеттік мекемелер мен жұмысқа тұрар алдында қазақ тілінен білімнің болуының талап етілуі құптарлық дүние деп ойлаймын. Орыс тілі ,расында, халықаралық қатынастар мен келісімшарт мәселелерінде керек болуы мүмкін. Десе де, қазақ тілінің дәрежесі жоғары болғаны дұрыс.

 -Қазақ тілін меңгеруің саған қандай істерде көмектесті?

 - қазақ тілін үйренуім қазақ халқымен толықтай танысуға көмектесті деп айта аламын. Себебі, мектеп қабырғасында жүріп әртүрлі сайыстарға қатысқанда көптеген қазақ достармен еркін араласып, қазақ халқы жайында мені қызықтырған көп сұраққа жауап таптым. Мүмкін патриоттығымнан бөлек, қазақ тілін меңгеруіме де осы қазақ халқының әдебиетіне, мәдениетіне деген қызығушылығым шығар.

 -Ресейде болдың ба немесе баруға мүмкіндік туып жатса, кетуге тура келсе, барар ма едің ?

 - Жоқ,жоқ,жоқ!(күледі) Мен Қазақстанда туып-өстім және осы елдің игілігі үшін қызмет еткім келеді. Мен Ресейге тек көршілес мемлекет ретінде қараймын. Орыс ұлтынан болғандықтан, бәлкім, тарихи отаныңа оралу ойыңда бар ма дегісі келетін шығар көбісі. Бірақ біз байырғы заманнан бері Ақтөбенің тұрғындарымыз. 

 -Карина,осыдан бұрынғы өзіңнің кейпіңде жүрген, қазақ тілін қалай үйренсем деп жүрген құрдастарыңа қандай кеңес берер едің?

 - Менің ойымша, қазақ тілін меңгеру өте оңай. Өз басым, аса қатты қиналдым дей алмас едім. Абайша айтқанда, еріншектіктен арылып, сөздікті қолына алып, сол Абай атамыздың қара сөздерін оқып шықса, санасына тоқып шықса, міндетті түрде меңгеріп шығады тілді. Сәттілік!

 - Сұхбат үшін өзіңе рақмет, Карина! Өзің секілді елін сүйер жастарымыздығ саны арта берсін!