Кезексөз кезегі менде. Өзім жайлы сыр шертемін.

Кезексөз кезегі менде. Өзім жайлы сыр шертемін.
жеке
блог

Бүгінгі мереке туралы... Баршаңызды бүгінгі мерекемен құттықтаймын!!!

25-мамыр, соңғы қоңырау туралы естелік. (Анкетаның тәртібінен ауытқып кеткеніме кешіріңіздер. Бұны бүгін жазбағанда, қашан жазамын? - деген ой маза бермеді)

Соңғы қоңырау... 1-ші сыныпты бітірген жылғы соңғы қоңырау ерекше есімде. Сол күні мамам мені шырттай тап-таза қылып киіндіріп мектепке алып келді. Басымда аппақ бантик, үстімде ақ кофта, қара юбка, аяғымда ақ колготка мен қара туфли, ал қолымда гүл шоғы. Мен гүлімді - қолыма қалам ұстатып, әріп үйреткен алғашқы ұстазым Дүйсенкүл апайға ұсындым. Ол ала салысымен мені бетімнен сүйіп, қолымнан ұстап алып бір жаққа асықтырды. Барлық мән-жайды мамама түсіндіріп жатыр, ал мен «неге? қайда» асығып жатқанымызды түсінбедім. Сөйтсем, соңғы қоңырауды соғатын Мен екенмін! Оны бізге алдын-ала айтпаған. Бұрынырақ дайындалған қыз сол күнге сәйкес киініп келмеген болу керек, содан аяқ астынан ұстазымның шешімімен соңғы қоңырауды Мен соғатын болдым. Мектепті үздік бітіріп жатқан бір түлектің иығына отырғызып, қоңырауды қолыма ұстатты да, «Назерке соқ» деп айтты. Сонымен елдің алдына шықтық... Маған жұрттың бәрі жалт қарады. Ал мен болсам, ұзын жігіттің иығына отырып алып, жан-жағыма жайлап көз тастап, аңтарылған жұртты қызықтап келемін. Бәрінің езуінде күлкі, маған күлімдеп қарап тұр. Қолымда қоңырау бар екенін ұмытып та кеткендеймін... Оны жай ғана «сыңғыр-сыңғыр» еткізіп келемін. Мамам мен ұстазым тұрған тұстан өте бергенде, екеуі бірдей «Қаттырақ соқ» -деп қалды. Сонда барып «соңғы қоңырау» екені есіме түсіп, бар күшіммен соға бастадым. Ол кезде өте арық, әлжуаз едім, қоңырау қолымды талдырып жіберсе де, соңына дейін сыр бермедім. Ал аспаннан жерге түскенде, өзімді жұлдыз сияқты сезіндім. Себебі бүкіл жұрт мені қолымнан алып, бетімнен сүйіп, «сүйкімді екенімді айтып» құттықтап жатты... Сол күні Мамам менің бар тілегімді орындап, орталыққа апарып балмұздақ әперіп, езуіміз екі құлағымызда болып үйге қайтқанымыз есімде. Сол күні менің мамаға: «Мама мен әнші болайыншы!» - дегенім бар. Бірақ есейе келе елдің алдына шығуға ұялдым. Бұл менің балалық аяулы арманым болып қалды...

 Өзім жайлы... Ағымнан жарылып, ештеңені жасырмай жазуға тырыстым.

1.    Өзің жайлы қысқаша мәлімет

-     Аты-жөнім:  Нысанбаева Назерке Елтайқызы. 

-    Тұрғылықты жерім: Туып-өскен жерім – Шымкент қаласы, Төлеби ауданы, Маятас ауылы, Нысанбаев Қожахмет көшесі. (Менің атамның атымен аталады.)


2000 жылы мектепті бітірген соң, Алматы қаласына оқуға түстім. Содан бастап, тұрғылықты жерім Алматы қаласы. Әке-шешем де көп ұзамай көшіп келді. Бауырларымның бәрі мектепті осы жақтан тәмамдады. Қазір ауылдағы үйімізде құлып тұрғанымен, ара-тұра барып тұрамыз. Ал өзіміз Алматы қаласының тұрғынымыз.

- Оқуы/қызметім: Д.А.Қонаев атындағы университетте, шетел тілі факультетінде оқып білім алдым. Оқуды 2005 жылы бітірген соң, француздық фармацептикалық Sanofi Aventis компаниясында ресепшн болып жұмыс істедім. Одан кейін СейМар әлеуметтік қайырымдылық қорында жазбаша аудармашы болып жұмыс жасадым. 2009-жылдан бастап «Алаш айнасы» газеті ашылғаннан қазіргі уақытқа дейін хатшы-референт қызметін атқарып келемін. Келесі жұмыс орным еркін, ешкімге тікелей бағынбайтын жұмыс болғанын қалап жүрмін. Алла қаласа, өзімнің көңіліме жағатын, содан ләззат алатын іспен айналысқым келеді. Бұл енді алдағы уақыттың еншісінде.

Тұрмыстық жағдайым:  Тұрмыс құрмағанмын, әлі бойдақпын. «Құдай өзі сәтін салсын» - деп жүрмін. Негізі отбасында 7-еуміз: Әке-шешем, Мен, 3-інім, 1-сіңлім бар. Менен кейінгі інім 2007 жылы үйленген, 2-қызы бар, ол қазір бөлек тұрады.

-   Мінезім: Ақ-жарқын, кей кезде қырсықтығым ұстап қалатыны да бар. Жаңа ғана танысқан адаммен тез тіл табысып, оның бұрыннан танитын танысындай болып кетемін. Әсіресе көбіне жол жүргенде, баратын жеріме жеткенше қасымдағы адам мені өзіне жақын тартып кетеді. Өзім де кейде таң қаламын. Адамдарың көңіліне қатты қараймын, бар мүмкіндігімше түсінуге тырысып тұрам. Егер біреу менің көңіліме әдейі тисе, немесе кемсіткісі келсе, мен өз-өзімді ұстай алмаймын. Ал білмей көңіліме тиіп кетсе, түсінемін, кешіремін. Оны бірақ бетіне айтамын, ішімде бүгіп қала алмаймын. Дегенмен, көп кек сақтай да алмаймын. Кейде бірнәрсе ұнамай қалса, соны жасаған адамға айтпасам болмайтындай болады. Мүмкін меніңкі мүлдем дұрыс емес те шығар, бірақ мен соны түсінгім келеді. Содан соң жай қимылдаймын, бірнәрсе істесем оны өзімнің көңілімнен шығатындай қылып, жақсылап жасағанды жақсы көремін. Бірақ жалқаулығым, еріншектігім де жоқ емес. Осы анкетаны асықпай, толық жазғаныма қарап, қандай адам екенімді өздеріңіз шамалай берерсіздер.:)  Мектеп кезінде де дәптердің 3-4 бетін анкетадағы әрбір талапқа толық жауаппен толтыратынмын.

2.    Хоббиің не?

1) Бұрын бала кезімде, түкке қажеті жоқ, сағыздан шыққан фантиктерді, кәмпиттің әдемі қағаздарын жинағанды ұнататынмын. Соны көршінің қыздарымен қосылып, бір-бірімізден ұтып алып ойнайтынбыз. Егер мен ұтылып қалсам, әдемі фантиктерімді қимай, біреудің қолына өткеніне ішім күйіп кете жаздап, көзіме жас толып тұратын еді. Қалайда қайта ұтып алуға тырысатынмын. Қазір күлкілі! Әлі күнге дейін әдемі қорап көрсем, не болмаса әдемі қатты қағаздан жасалған пакет көрсем соны жинап қоятын әдетім бар. Кезінде құттықтап берілген ашықхаттар да үйде жинаулы. Мен сосын өзімнің түскен суреттерімді жинап, альбом жасағанды жақсы көретінмін. Суретке түссем, соны тезірек шығаруға тырасатынмын, сосын оны үйлестіріп, сәйкестіріп альбомьға салудан ләззат алатынмын. Ал қазір, оның бәрі қалды, тек компьютерге көшіріп, көріп болған соң, сол күйінде қалады. Бірақ соңғы кезде суреттерді пост жазғанда пайдаланып жүрмін.

2) Мен де осы жердегі біраз адамдар жазғандай, кітап оқығанды жаным жақсы көреді. Бірақ кітапты оқығанда, маған ешкім кедергі келтірмегенін қалап тұрамын. Сондықтан көбіне түнде, бәрі ұйқыға кеткенде оқимын. Не болмаса, бір бөлмеге кіріп, есігін жауып алып оқимын. Бұрын мектеп оқып жүргенде, қыстан басқа мезгілде баудың ішіне барып, ағаштың астына көрпе төсеп отырып кітап оқығанды, жаным сүйетін. Табиғатпен ой-санаң үндесесіп, ерекше күйге бөленесің. Тағы бір қызығушылығым, театрларға бару. 8-сыныпта Алматыға алғаш нағашы әпкеммен қыдырып келдім. Сол кезде нағашы жеңгем мен әпкем мені М. Әуезов атындағы театрға «Мәңгілік бала бейне» қойылымына алып барды. Сол күннен бастап мен театрға, өнерге ғашық болдым. «Мектепті бітірген соң, міндетті түрде Алматы қаласына келемін»-дедім іштей, Алматы қаласына сүйіспеншілігім театр арқылы артқан еді. Өзімнің өнерім болмаса да, өнерді тамашалау – менің ең басты қызығушылығым. 

3.    Қай елге саяхат жасағың келеді?

- Қазақ болғандықтан, Қазахстанның барлық қаласын аралап, өз көзіммен көргім келеді. Менің асқақ арманым – бүкіл жер бетіндегі елдерді көріп, әдемі жерлерін тамашалау. Әсіресе табиғаты тамаша жерлерге барып, сүйіктіммен бірге демалғым келеді. - Сен мысалы қай жерге барғың келеді, таңда? - десе, - Швейцария және Кариб аралдарын таңдайтын едім. Бәрін көріп қайтуға мүмкіндік болса, жалықпай жүре беруге дайынмын. Тек Алла тілегімді қабыл етсін!!!

4.    Егерде осы өмірге келеріңде саған таңдау жасалса кім болып келер едің (құс,жануар,жәндік,планета)?

- Егер осы аталғандардың ішінен таңдау керек болса, әрине Мен құс болғым келеді. Кейде құстарға қызығып қарайтыным бар, «Осылардай қанатым болса ғой, бүкіл әлемді армансыз аралайтын едім» - деп армандап кетемін. Содан шығар көбіне түсімде ұшып жүргенімді көремін, кәдімгідей қолым – қанатым сияқты, қалаған жағыма ұшып-қонып жүремін. Бала кезімде көп көретін едім (қазір анда-санда бір ұшып қоямын:)). Құстардың ішінде қай құс? - десеңіздер, бейбітшіліктің символы «Ақ көгершін» болғым келер еді!:)

5.    Өмірлік ұстанымым немесе жиі колданатын нақыл сөзім?

- «Бәрі де жақсы болады!», «Шындықты ешкімнен, ешқашан жасырмау»,

 - «Бұл мүмкін емес» - десе де Себеп, «Бұл ақылсыздық» - десе де Тәжірибе, «Бұл саған абырой емес» деп кесіп айтса да Көкіректік, «Тағы да көрші...» - деп сыбарлайды Арманым. Кейде ешқандай қарсы ойға бой бермей, ойымдағыны орындаймын.

- Өсіңіз, жетіліңіз, тасқынданыз, бірақ та биікпін деп асқынбаңыз.

  Сен мықты, анау осал, мен орташа - бәріміз бір аспанның астындамыз.

6.    Алғаш рет кіммен қайда сүйіскенің есінде ме?

- Әрине. Алматыға келіп, оқып жүрген кезімде. Бірақ ол кезде «сүйісу» - деген маған жиіркенішті көрінетін. Сондықтан жігіттің, ерінін ерніме тигізгені болмаса, одан арыға бармаған едік. Оның атын айтқаныммен, қызық емес.

7.    Кімді жақсы көресің? (жігіт пен қыздарға қатысты)?

- Өзімді!:) Ес-түсімді жоғалтып ғашық болған жоқпын әлі! Біреуге ғашық болсам, оның да мені шексіз сүйгенін қалар едім. Өзімнің сүйікті екенімді сезініп өмір сүруден артық бақыт жоқ сияқты. Сол бақытқа жеткізсін!!!

8. Сүйікті әншің, әртісің, саясаткерің (былайша айтқанда кумир) неге ол адам?

- Әнші Мәдина Сәдуақасова, әндері, әдемілігі, дауысы, қылықтары ұнайды.

- Актер Берік Айтжанов, актерлік шеберлігі, бет-бейнесі, болмысы ұнайды.

- Актриса, тележүргізуші, продюсер Баян Есентаева, өткірлігімен ұнайды.

- Саясаткер, Тұрар Рысқұлов, ақылымен, қайтпас-қайсар әділдігімен ұнады.

9. Сүйікті спорт түрі?

- Жүзу, мәнерлеп сырғанау, парашюттен секіру. Спортқа айтарлықтай ебім жоқ. Бірақ мына аталғандарға қызығамын. Боулинг ойнау қолымнан келеді!

10. Сүйікті кино? Неге дәл осы кино?

- «Не родись красивой» - деген телесериал. Кинодағы басты рөлдегі актер маған қатты ұнады. Содан соң кино желісі де өте қызықты болғандықтан. Орыс телесериалдарына деген қызығушылығымды осы кино оятқан болуы керек. Кинодағы басқа актерлер де қатты ұнады. Әні, музыкасы да ойымнан шықты. Мен мелодрама мен комедия жанрындағы киноларды көргенді ұнатам.

11. Үйде кім басшы? (болу керек деп ойлайсың?)

- Әрине Әке болатын адам. Өйткені әйеліне билікті беріп қойып, өзі қарап отыратын еркекті ешкім сыйламайды. Мен күйеуімнің мінезді болғанын қалаймын, себебі күйеуімнің «сүмелек» болғанынша, болмағаны жақсы.

12.  Үйде ақшаны кім ұстауы тиіс?

- Отбасы болған кезде келісіп, ақшаны ақылмен жарата алатыны ұстауы керек деп ойлаймын. Сәкен айтпақшы, «есі дұрыстауы» ұстаған дұрыс.:) Әсіресе әйелдер ақшаға пысық болатындықтан, соларға берген жөн сияқты.

Жарқынның сұрағына жауап: Жағдайымыз болмай жатыр.:) «Үйлену де, үй болу да қиын» мына заманда. Құдай өзі қолдаса, бір құтты күні үйленерміз.

Розаның  сұрағына жауап: Малшы жігіт әдемі қыздарға: «Сендердің ішіңде қай қыздың түрі жаман, ұсқынсыз болса, сол қыз мені өлтірсін» - дейді. Қыздардың ешқайсысы өзін көріксіз деп санамаған соң, оны жібере салады.

13.  Анкетаны ұсынатын адамға қояр сұрағым:

- Бет-бейнеңді жасырып, өзіңді құпияда ұстаудың сыры мен себебі неде?

Кезексөз кезегін Семейлік Мейіржанға ұсынамын.