Бәйшешек

Әскери киімдегі адамдарды көрсем, бойыма біртүрлі қорқыныш ұялайды. Ол қорқыныш кішкене күнімнен қалған.

Интернатта оқитын кезім. Анда-санда болмаса, интернаттан сыртқа шығу қиынның қиыны. Әсіресе, кешкі уақытта. Кілең күзетші. Біреуінің көзіне шалынсаң, желкеңнен жеті түйіп завучтың алдына апарады. Завучымыз қатал-ақ. Тесірейіп қарағанда, көзі өңменіңнен өтеді. Көзін қойшы...Сөзі...

Бір күні сұранып, қалаға шығып келейін дедім. Әпкемнің үйі интернатқа жақын жерде. Жаяу баруға да болады. Автобуссыз-ақ жаяу жүрейін дедім. Қаланың ішіне көп шықпаған соң ба, көп жер таңсық. Дегенмен, бұл жолмен әпкеммен бірге талай жүргем. Адаспай келе жатырған сияқтымын.

Алдымнан екі қуыс шықты. "Қайсы қуыспен жүруші еді?" Ішкі түйсігім сол жақтағы қуысты нұсқады. Тәуекел!

Кенет... Кенет артымнан жүгіріп келе жатқан аяқ дыбысын естідім. Тасырлап жақындап келеді. Жалт қарадым. Әскери киім киген үш еңгезердей жігіт жүгіріп келіп, мені қоршай алды. "О несі-ей?.."

Үлкен қоңыр көздісі (іштеріндегі бастығы болуы керек) бас-аяғымды сынай шолып шықты да:

-Қайда бара жатырсың?-деді.

-Әпкемнің үйіне. Дауысым ішімнен булығып шыққандай болды. Өз дауысымды өзім әрең естідім.

Үшеуі қарқылдап тұрып күліп алды. 

-Әпкемнің үйіне дейсің... Әпкеңнің үйі қайда?

-Жазирада.

-Құжаттарың бар ма?

-Қандай құжат?

-Қандай құжат болса да...

-Жоқ.

-Кәне, қолыңдағы не?

Қолымда жол-жөнекей дүкенге кіріп, чипсы сатып алармын деп алып шыққан тиындарым ғана болатын. 

-Тиын.

-Аш қолыңды.

Мен дірілдеп кеттім. Не керек бұларға?

Біраз үнсіздіктен соң, қоңыр көзді жігіт қасындағы екі серігіне қарап алды да:

-Сені өзімізбен бірге алып кетеміз. Сен зонаға өтіп кеттің, -деді.

-Қайда???

-Зонаға. Зона деген - түрме... Бұл түрменің территориясы. 

Жүрегім тарсылдап кетті. Ішкі түйсігім алдапты. Оң жақтағы қуысқа өтуім керек еді.

-Мен...Білмедім...Мен әпкемнің үйіне...

Мен жылап жібердім. Көз алдыма қолыма кісен салынған бейнем тұра қалды. 

-Жылама. 

Қоңыр көзді жұмсарайын деді. 

-Мені апармаңыздаршы.

-Есіңде болсын, аңдамай басқан бір қадамың өміріңді құртуы мүмкін...

Бұрылып жөніме кеттім. Өксігімді баса алмай сол үшеуден ұзай бердім. Кенет артымнан тағы да аяқ дыбысы естілді. Әлгі қоңыр көзді екен.

-Мә. 

Сол кезде көктем еді. Бәйшешек енді-енді гүлдеп жатқан. Ол бәйшешектің бір талын ұсынды.

Ол бәйшешек те құдды мен сияқты. Қорғансыз. Әлсіз... Егер ол жылай алса, менімен бірге қосылып жылар ма еді... Тағдырдың қаталдығы үшін. Шалыс басқан бір қадамның өкінішке әкелетіні үшін...

Әлбетте, мен ол кезде бұлай ойламадым. Бәйшешекті өзіме ұқсатпадым да. Қоңыр көздінің қолын итеріп жіберіп:

-Кетіңіз әрі! - дедім де, оң жақтағы қуысқа қарай бар пәрменіммен жүгіре жөнелдім.

Артымнан "Қатты қорқып кетті" деп күбірлесіп жатты...

...Қоңыр көздінің әлгі сөзі әлі күнге дейін есімнен кетпейді: "Аңдамай басқан бір қадамың өміріңді құртуы мүмкін..."



Бөлісу: