Сыңғырла, соңғы қоңырау, сыңғырла!!!

Сыңғырла, соңғы қоңырау, сыңғырла!!!
жеке
блог

Мамыр айынның жиырма бесінші жұлдызы. Мойыннан ауыр жүк түсетін, бір жылдық қорытынды жасайтын, өткен күндерге сағынышпен оралатын, ертеңгі күнге сенімді серік етіп, үкілеген үмітті арқау ететін күн.

Таң атпастан шоқ-шоқ гүлдері бар, бір қолымен ата-анасының қолын ұстаған, «1-сыныпты бітірдім» деп мақтанған, шаштарына өздерінен екі есе үлкен ақ бантиктерді таққан кіп-кішкентай қыздар мен ақыл жиып, салмақтылықты бойына сіңірген ер балаларды көргенде, өзімнің бірінші сыныпты бітіргендегі  «алғашқы» соңғы қоңырауыма бармай қалғаным есіме түсті. 

Ескі бағдарлама бойынша, жыл соңында әліппемен қоштасу кеші өтетін. Ол кеште менің ән салып, өлең оқығаным есімде. Бізге «Бастау» деген 2 бөлімнен тұратын повестер жинағын сыйлаған болатын. 

Ал соңғы қоңырауға бармай қалған себебім, той десе, қу басымыз домалап кететін қазақ болған соң, дәл сол күні әкемнің досының тойына бардық. Сондықтан да есімде соңғы қоңырау емес, үлкен той есімде қалды.

Кейінгі жылдарда болған соңғы қоңыраулар, әйтеуір, қолыңа мақтау қағаздар алумен, мұғалімдерге гүл берумен есте қалды. «Бұл азаптан да құтылдық-ау» деп бір дем алуға үлгермейсің. Себебі, келесі күні практика деген бәле күтіп тұрады. Не үшін баратының түсініксіз, әйтеуір, барасың. 

Ал мектеп қабырғасындағы соңғы қоңырау, әлбетте, есімде қалды. Таң атпастан тұрып, бала кездегідей екі үлкен бантты шашыма байлап, әдемі киініп, «Жас түлек» деген көгілдір лентаны тағып, қолыма үлкен-үлкен гүл шоқтарын алып, мектепке барғанмын.

Соңғы қоңырауым ерекше есімде қалды десем артық болмас. Міне, биыл, мектеп бітіргеніме алты жылдың жүзі болыпты. Дәл сол жылы, соңғы рет Алматыда «Ақ жол» фестивалі өткен болатын. Сол кездегі қала әкімі Иманғали мырзаның жанында отырып, мерекелік концертті тамашалап, билеп-билеп, үйге шаршап түнгі 11-де келгенім есімде.  

Тарыдай ғана кіріп, кейін таудай болып шыққан алтын ұя мектебімді, достарымды қатты сағынамын. Мектеп қабырғасында өткен әр күн ұмытылмайтын тәтті күндер еді.

Биыл мектебімен қоштасып жатқан жас түлектерге өмірден адаспай, өз орындарыңды табыңдар деп тілек айтамын!!!

Қайран жастық шақ!