Қоқысты сұрыптау мен оны өңдеу мемлекет гүлденуіне апарар тоғыз тораптың біреуі

Қоқысты сұрыптау мен оны өңдеу мемлекет гүлденуіне апарар тоғыз тораптың біреуі
жеке
блог

Қазақстанда өндірілген және қолданылған қалдықтар бүгінгі таңда 100 миллиярд тоннаны құраса, соның тек 5 пайызы ғана қайта өңделеді екен. Орта есеппен жыл сайын 5-6 тоннаны жинақтаймыз. Осы қарқында жалғаса берсе 2025 жылы бұл 8 тоннаны құрауы ғажап емес. Осындай аса ірі көлемдегі қоқысты өңдеу - зауыт ресурстарын ұзаққа апармайтынын айтпаса да белгілі. Бұған себеп еліміздегі қоқысты сұрыптап жинау мәдениетінің болмауы. Егерде қалдықтарды қоқыс свалкалары мен полигондарға жинай берсек, келешекте жер тапшылығы басты мәселеге айналуын күтуімізге болады. Ал кейбір полиэтилен сияқты қалдықтардың ыдырауы тек 100 жылдан кейін болатынын ескерсек, жағдайымыз мәз емес.

Қолда бар алтынның – қадірі жоқ

         Осы жылы Астана қаласында, тұрғын үй қорының демеушілігімен, қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинау сынамалы жобасы өз жұмысын бастаған болатын. Қала тұрғындары, нақтырақ айтсақ 36 тұрғын үй қоқысты шығарғанда, қағазды, пластикті және қалған қоқыстарды жеке-жеке тастау керек болды. 3 түске боялған 50-ден аса контейнерлер тұрған алаңдар, арнайы қоқыс тастау орындары болып бекітілген болатын.  Одан бөлек қосалқы жоба ретінде БҰҰ-ның электронды қалдықтарды бөлек жинау, наурыз айынан бастау алып, қалаларда арнайы экобокстар орнатылған болатын. Нақты бір нәтиже туралы сөз айту әлі ерте болар, дегенімен бос сөзден нақты іске көшкен ,әрине қара халықты қуантады. Осындай бастамалар орта жолдан тоқтап қалмаса болғаны, себебі ТМД  ірі қоқысты қайта өңдеу зауыттарының бірі болған Алматы зауыты не бәрі 2-ақ жыл жұмыс жасады. Оған себеп – мекемеге құйылып отырған қаражаттың болмауы. Зауыт басшылығының мемлекетке 2 ұсынысы болды: бірі – дотацияның қолдану болса, екіншісі – тариф бағасының өсуі. Бірақ, бірде бірі жүзеге асқан жоқ, бұл саланың аяқ алысы онсызда қиын болған тұста, өте ауыр жағдайға тап болдық. Сонда да, еліміз осы типті зауыттарға қатты мұқтаж.

Полигон, свалкалар – тығырықтан шығатын жол емес

         Қазақстанда жылына 5-6 миллион тоннаға жуық қоқыс жинақталады. Алматының өзінде бұл көрсеткіш миллионды құраса, астанамызда 300 000 тоннаға жетіп отыр. Бүгінгі таңда 100 миллиярд тоннаны құраса, соның тек 5 пайызы ғана қайта өңделеді, ал қалғаны көмілуге жіберіледі. Дәл осылай болған күннің өзінде, кейбір бөлігі апатты свалкаларға лақтырылып тасталынады. Себебі полигон орындарының толып кетуі, қоқыс көлемінің артуымен байланысты. Былайша айтқанда, полигондардың өзінде қоқысқа орын жоқ. Дания физигі Нильс Бордың әзілдеп: «осылай жалғаса берсе, өміріміздің соңына қоқыстар жетіп тынады» - дегенін қазіргі таңда күлуге емес, ойлануға айтқандай. Оның үстіне барлық полигондар оқшауланған, жабық территорияда барлық сақтық жабдықтармен қымталған болса ғой. Өңдеу жүйесі мен ағын суларға апаратын жолы барлық полигонда бар деп айта алмайсыз. Негізінен, бұндай полигондар мен ашық свалкалар, қала маңына жақын орналасатыны көңілге қаяу салады. 

Мәселенің төркіні

         Көптеген дамыған мемлекеттер, қоқысты түрлеріне бөліп жинау жүйесіне көшкеніне айтарлықтай уақыт өтті. Бұл экологиялық тұрғыдан ғана емес, экомикалық жәрдем болуын айтуымызға болады. Неге, біздің еліміз бұндай жүйені енгізе алмайды?

- Қазіргі таңда Қазақстан аумағында қатты тұрмыстық қалдықтардың 5 пайызы ғана қайта өңделеді, бұның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, қоқыспен жұмыс жасау жүйесінің базасы Қазақстанда, Кеңес одағы тұсында жасалған. Ал, олар полигондық жерлеу орындары. Екіншіден, сұрыптап жинақтау мәдениетіне қатысты бастама жобаларға, инвестицияның көп тартылмауын атап өткен жөн. Және ең бастысы – қалдықты қайта өңдеу саласы мемлекетте бастапқы сатысында екенін ескеріп, одан қандай да бір нәтиже күтуіміз дұрыс емес. Елімізге қайта өңдеу мекемелері қатты қажет. Ал, бар зауыттар күшін толық жұмылдырмаған көрінеді. Мекеме жұмысының мардымсыз болуы - жергілікті билік өкілдері және коммуналды қызмет орындарымен зауыт арасындағы өзара байланыстың жоқтығы. – деп есептейді «Тұрақты дамытуға көмек көрсету» орталығының директоры Мустафина Вера. Оның айтуы бойынша, компания үшін бастысы – қалдықтарды зауыттарға жеткізуде теміржол тарифтерінің қымбаттылығы, себебі қайта өңдеу зауыттарына тасымалдау бір аймақ пен екінші аймақтың арасындағы ұзақтылыққа да сүйеніп тұр. Одан басқа Қазақстанда «жасыл» тауарлар деген ұғым әлі де өз дәрежесіне жеткен жоқ. Бұл тауарлардың қалдықтарын қолдануға жарамды етіп жасайды, және экологиялық таза шикізат қорын пайдаланылады. Дәл осындай тауар өндіретін өндіріс орындары, өз тауарларының қайта өңделген түрінен пайда тапқысы келсе де мүмкіндік болмайды. Бұл мәселені мемлекетсіз шешу мүмкін емес. Әрине, мемлекет тарапынан жасалып жатқан бағдарламалар жоқ емес, бар. Жасыл экономикаға қатысы заңға бірнеше өзгерістер енгізгені баршаға мәлім. Бұл заңға сәйкес, мемлекеттік жоба бойынша өндіріс орындары, тауарды шығарғанда қайта өңдеуге болатындай нарықтық қадамдарды қолданатын болады. Осындай өндіріс орындары мен тауар өндіруші мекемелер үшін, өздері басқаратын арнайы ассоциациясы мен қаржылық қордың ашылуы жоспарда бар екенін қуана айта аламыз. Бұл стратегия 2018 жылдан бастап жұмысын бастамақ. Эксперттердің айтуынша, мемлекеттік қаржыландыру мен заңдық жағдайы едәуір жеңілдесе өте орынды болар еді- деп отыр. 

Инвестицияға мұқтажбыз

         Статистикаға сүйенетін болсақ, Қазақстанда қоқыс қалдықтарымен жұмыс жасайтын 500-ге жуық мекемелер бар екен. Оның шамамен жартысы – қайта өңдеумен айналысатын зауыттар. Ірі зауыттар елімізде жоқтың қасы. Соның бірі «АЛТЫН - ТЕТ» қатты тұрмыстық қоқыстарды сұрыптаумен және қайта өңдеумен айналысады. Қағаз, картонмен «KazakhstanWasteRecycling», шынымен «SAF», көксағыз және резіңке қаптамамен «КазКаучук», WestDala мұнай өнімдерімен «ПромТехноРесурс KZ», ал электронды өнімдермен «Промотход»  зауыттары айналысатынын білеміз. 

Жас-маман ретінде

         Сұрыпталмаған қалдықтардың полигондарда жинақталуы – мемлекетке, адамдарға, табиғатқа жасалған қиянатымыз болуы мүмкін. Ал зауыттар бар күшін жұмылдырғанымен еліміздегі көп көлемдегі қоқысты өңдеуге шама-шарқы жете қоймас. Халықаралық тәжірибе мен Қазақстанның практикасына сүйенсек, қалдықтар тауар болып жасалған кезінде сұрыпталып жасалуы өте ұтымды шешім екенін айқындаған. Бұл  қайта өңделетін қалдық сапасы мен уақыт жағынан тиімділігін көрсетіп тұр. Сол үшін де қайта өңделген шикізатты, табиғиден кейін екінші шикізат қоры ретінде қараған оңды.

         Мен жапонтанушы ретінде, олардың қоқысты қайта өңдеу жүйесі өте жоғары дәрежеде дамығанын айта аламын. Жапония экологиясының қыр-сырын меңгеру жолындамын. Қоқысты сұраптап, қайта өңдеу еліміз үшін өте маңызды. Елдегі жер дауы қазіргі таңда өте өзекті мәселелердің бірі. Әрине, пайдалануға беретін жерлер көп, дегенімен болашақта қоқыстың жағдайы осы болса, жердің өнімділігі туралы сөз айту қиын болуы мүмкін, бұл бір. Екіншіден, экономикалық жағынан тиімді қадам, тіпті оның орнын шикізат қоры деп қарастыруға келетіндей жағдай жасауға болады. Үшіншіден, тауарлардың тазалығын қадағалау. Егерде қайта өңделетіндей тауарлардың бақылауын жасасақ, үлкен әрі қиын қадам болғанымен, келешегі кемелді екеніне шүбә келтіру қиын. Дәл қазір жапонтанушы жас-ғалым болып, Жапонияның бұл саласын меңгеру арқылы, еліміздің мемлекеттік жобаларына шағын үлес қосып, тиімділігін арттыру негізгі мақсатым.