Эстафета - жауаптар by qisyq

Эстафета - жауаптар by qisyq
жеке
блог

1. Өзің жайлы қысқаша мәлімет

    Дінмұхамед qisyq Зиядин. 1988 жылы 25 сәуірде Алматы облысында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінің мамандығы бойынша іске аспай қалған түлегі. Қазір MediaNet халықаралық журналистика орталығында жоба менеджері қызметін атқарады. Қатты мақтанғанда өзін «болат сүңгі журналистпін, Қаратаудай мызғымас редактормын, таңдай қақтыратын блогшымын, интернет-журналистиканың майталманымын, шашасына шаң жұқтырмас қарагер қаламгердің нақ өзімін, боран мінез, дауыл тектес ақынмын, тренингтердің жілігін шағып, майын ішкен тренерімін, аяулы жармын, абзал әкемін деп таныстыратыны бар. (Қараңыз: "Ол кім, бұл не", бірінші том, 124-бет, "Қазақ совет энциклопедиясы", үшінші том, 236-бет) 

2. Хоббиің не?

Негізгі хобби - өмір сүру. Тек кейде күйбең тірліктің кесірінен сол хоббимен дұрыстап айналысуға уақыт бола бермейді.

Басқа, екінші кезекті хоббиларым жұмысыммен астасып кеткен, қайсысының қайсысы екенін білмеймін. Аха, бақыттымын:) 

3. Қай елге саяхат жасағың келеді?

Оңтүстік-шығыс Азия мен Оңтүстік Америка елдеріне баруды қалап, жоспарлап жүрмін. Профессор Челленджер барған жерлерге, мысалы. 

4. Егер де осы өмірге келеріңде саған таңдау жасалса, кім болып келер едің (құс, жануар, жәндік, планета)?

Білмейді екем. Алып секвойя болып тұрған жаман емес шығар.

5. Өмірлік ұстанымың немесе жиі колданатын нақыл сөзің?

"Қарапайым бол, бірақ амебаның деңгейін түсіп кетпе". Эмиль Кроткий

"Егер проблема шешілетін болса, онда оған бас ауыртып қажеті жоқ. Ал егер проблеманы шешу мүмкін болмаса, онда тіпті де қайғырмау керек, бәрібір пайда таппайсың". Тибет мақалы

Сосын... не... анау... не... "Терминатырдағы" Шварснегрдың "Айлбибак" дитіні ұнайд:)

6. Алғаш рет кіммен қайда сүйіскенің есінде ме?

Акт залы, подсовка, парк деп жүріп сүйіскен шығармыз біреумен, есімде жоқ, шыным.

7. Кімді жақсы көресің (жігіт пен қыздарға қатысты)?

Үйдегі берекемді кіргізіп отырған адамды. 

8. Сүйікті әншің, әртісің, саясаткерің (былайша айтқанда кумир). Неге ол адам?

Балалық психологияма футболшы Зинедин Зидан қатты әсер етті. Әлі күнге керемет сыйлаймын сол адамды.

Кумирім жоқ деуге болады. Аса қатты құрметтейтін адамдарым көп.

9. Сүйікті спорт түрі?

Бәрі де банальді - футбол ғой:) Сосын, бассейнге барғалы бері, жүзу ұнап жүр. Шалшықта шалпылдап жабайы жүзу бір бөлек те, техниканы сақтап, сыдыртып отыру бір бөлек.

10. Сүйікті фильм? Неге дәл осы фильм?

Блин, мен жауап беруге қиналатын екі сұрақтың бірі - осы:) Киноман болғандықтан, әсіресе соңғы кезде кәсіби киносыншылыққа, кино саласын бет бұрғандықтан, етене араласқандықтан, тіпті де ауыр жауап жазу. Соңғы ұнаған фильм - "Артист". Жалпы, олардың саны өте көп. Бөлек пост арнасам ба деп жүрмін, "Қисықтан топ-100" деп:)

11.Үйде кім басшы болуЫ керек деп ойлайсың?

Басшы, қосшы деген әңгімені түсінуден қалдым, бәріне жарым кінәлі:) Садо-мазоға берілмей, кеңесіп, қолдасып өмір сүруге болады деп ойлаймын. Солай жасап жатырмыз да.

12. Үйде ақшаны кім ұстауы тиіс?

Ситуацияға байланысты. Екі жарым жыл болды отбасымызға, осы әңгімені қозғамаппыз. Ауысып жүре береді:) Мұндайға бас ауыртып қажет емес сияқты. Мүмкін, мен өзім алаңдамаған соң, солай қарайтын шығармын. Ақшаны сыйлау керек, бірақ фетиш жасамау қажет деген пікірдемін.

13. Егер сіздің сүйіктіңіз басқа мемлекетке кететін болып ұйғарса, сізді өзімен шақырса барар ма едіңіз?

Сол кездегі жағдайға байланысты. Кетуге не себеп болды, неменеге барады, қысқасы бұл сұраққа жауап беру үшін, алдымен бірқатар бірінші кезекті сұрақтарға жауап беру керек. 

14. Адамзаттың бұл дүниеге келуінің мәні неде деп ойлайсыз?

Әркімнің тәлейі әрқалай. Әр адам өзіне берілген миссияны орындау үшін туылады деп ойлаймын. Орындай алса құба-құп, алмаса өшеді, сөнеді, жоғалады.

Болаттың сұрағы: Консерватизм, дәстүрлі қағидалармен өмір сүру надандыққа ұрындырмай ма?

 

Консерватизм, дәстүрлі қағидалардың надандыққа еш қатысы жоқ ойлаймын. Супермодерн адамдардың да надандыққа жете, я өте тірлік істейтінін байқаймыз. Ал өмір сүру стилін таңдау әркімнің ыңғайын қарай. 

Керекинфода "Мейірімнен жұрдай Мейіргүл" атанған Ұшқынға кезекті берсем... Сұрақ былай:

"Қыздарға бұрынғыдай біртекті емес, бірнеше бағытты (намазға жығылудан бастап ашық сексуалдылыққа дейін) ұсынып отырған түрлі заман ұсыныстарына қатысты ойың қандай? Болашақта арты не болады деп ойлайсың?"


Болаттың жауаптары мұнда.