ҰЛТ TIMES

ҰЛТ TIMES
жеке
блог

Сәлем, достар! Бір ай бұрын ару Алматыны қимай Астанаға кетіп едім. Сол кезде басталған қауырт жұмысымыздың нәтижесі енді көріне бастағандай. Қазақ ақпарат кеңістігіне ҰЛТ TIMES атты 20 мың таралыммен шығатын апталық газетті қостық. Бағасын патша көңілді оқырман берсін. Газеттің ерекшелігі сонда, біржақты билікті, я болмаса оппозицияны қолдамайды. Журналистикада ең басты принцип - ақпараттың объективтілігі қамтамасыз етіледі. (мұны айтып отырғаным республикалық бір телеарнаның шолақ белсенділері: оппозициялық газетті жарнамаламаймыз деп шорт кесіпті) Қазақтың тілінде шығатын газеттің саны тағы біреуге толығып жатса, өтірік қуанбайық. Орыстілді басылымдар ақпараттық қауіпсіздігімізді тізеге салып тұрған қазіргі кезде, бірге болайық! Төменде біздің газеттің доктринасы жазылды. Ал басылымға бағаларыңызды бере жатарсыздар.

Ал Жарқын достарыңыз осы газетке Бас редактордың орынбасары болып келіп жатыр.  

Қазақтың дәуірі

 

Қазақ мемлекеті тәуелсіздігінің үшінші онжылдығына аяқ басып отырмыз. Өзіміз мәтел қылып жүргендей, «біржылы ғасырға татитын» осы тарихи мерзім қазаққа – бізге не берді?

Қазақстан саяси, әскери, экономикалық, мәдени-рухани жағынан шын мәніндегі тәуелсіз елге айнала алды ма?

Біз осы мерзім ішінде жүз жылдықтарға созылған отаршылдықтың орасан зардаптарын моральдық-психологиялық тұрғыда еңсере алдық па?

Ұлттың ой-санасы, қоғамдық болмысы, әлеуметтік ұстыны қалай өзгерді?

Өкінішке қарай, жиырма жылдың жүзі болса да, жоғарыдағы сауалдарға толыққанды жауап таба алған жоқпыз. Және тәуелсіздіктің үшінші онжылдығына аяқ басып отырсақ та, жауабы табылмаған сұрақтардың көп екені қынжылтады.

Қазақ қоғамында, жасыратыны жоқ, дәл бүгін сенімнен гөрі күдік, үміттен гөрі үрей басым. Бүгінге деген күдік пен, ертеңге деген үрей. Ұлттың өзіне деген құрметі, мемлекетіне деген мақтаныш сезімі шайқалып тұр. Тіпті, соңғы біре ай шамасындағы сорақылықтардың өзі-ақ «титулды ұлттың» еңсесін басып, есеңгіретіп кеткендей:

Жаңаөзен оқиғасы тәуелсіз Қазақ мемлекетінің сүйегіне түскен қаратаңба болды. Жазылмайтын жараға айналды. Етжақын, бауырына сойыл сілтемейтін қазақ баласы бірін-бірі қырып салды.

Оралмандарды «ауытсайдерге» балап, бір-ақ күнде оларға берілетін квотаның тілерсегін қидық. Енді Қытайдағы, Өзбекстандағы, Ресейдегі көгенкөздеріміздің болашағымен қоштаса беруге де болатын шығар...

Әнұранды Рикки Мартиннің шлягеріне айырбастап, көк байрағымызбен қанарлап қоқыс таситын болып шықтық. Лондон олимпиадасының төрінде мемлекеттік әнұранның орнына афро-америкалық әуен ойналып, көкбайрақтың орнына Гондурастың туы көтеріліп жатса да таңқалмайтын деңгейге жеттік.

Қазақтың билігі атышулы Боратты сыртқы саясаттағы таптырмас көзірге айналдырды. Оған қарғыстың орнына алғыс жаудырдық.

Ал, тіл мәселесін... оны саясатқа айналдыруға мүлдем болмайтын көрінеді.

Қалай ойлайсыз, қадірменді оқырман, біз осы бояуды тым қоюлатып отырған жоқпыз ба? Бірақ, бәрін бояуға жабайын десең, көз алдымыздағы картина әлгіндей ғой.

Уақытында ұлы гуманист Махатма Ганди адамзатқа жойқын залал келтіруі мүмкін жеті әлеуметтік күнәдан сақтандырып еді. Олар: принципсіз саясат, бейнетсіз байлық, арсыз рахат, ақиқатсыз білім, имансыз сауда, ізгіліксіз ғылым, құрбандықсыз құлшылық.

Әрине, бұл қағидалар Ұлы даланың салқар төсін еркін жайлаған Қазақ ұлты үшін жаңалық емес. Қанымызда бар, сүйегімізге сіңген ғадеттер еді. ХХІ ғасыр сынағы бізді содан айырып жатыр. Құдайшылығын айтайық, оған жаһандану да, мултикултурализм де, ғылыми-техникалық прогрессте кінәлі емес. Оған жиырма жыл бойы «уақыты келедімен» жүрген өзіміз кінәліміз. Билік кінәлі, оппозиция кінәлі, қоғам кінәлі.

Уақытты біз тосқанмен, уақыт бізді тоса ма? Сонда не істемек керек? Алдыңыздағы су жаға басылым – «ҰЛТ TIMES» газеті осы мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді. Және соның жауабын тапқанда ғана біз Ата-баба аманатының, Абай өсиетінің, Алаш тағылымының үддесінен шыға алмақпыз. Соның жауабын тапқанда ғана Қазақтың дәуірі, Ұлттың уақыты оңынан туады деп біліңіз!

 

ҰЛТ TIMES ұжымы