«Менің Әуезовім»

«Менің Әуезовім»
жеке
блог

Жақында қазақтың ұлы жазушысы, ғұлама ғалым, филолог, академик, қоғам қайраткері Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің  соңғы он жылы өткен үй-мұражайына барып қайттық. Бұл экскурсияның әр түрлі саладағы пайдасы орасан зор болды.

Бұрқақтың жанынан өте бере сарғыш түсті ғимараттты көре сала, оның мен іздеген ғимарат екенін аңғармау мүмкін емес еді. Үйге екі есіктен кіруге болады. Бірінші барған жерімнен кіре алмаған соң, мұражай менің кешіккеніме өкпелеп, кіргізгісі келмей жатыр деп ойлап қалдым. Сөйтсем, қателесіппін. Барлық студенттер және жетекшіміз Мөлдір Кенжебекқызы қапталдағы есіктен енді кіріп жатыр екен. Содан, қазақ данасының үйіне сапар басталды.

Кіре берістен бастап ескерткіш, жәдігерге толы үй, біріншіден, өзінің түсімен қатты әсер етті. Көңілді тынышталдыратын сары түс күнделікті көзге үйреншікті ақ қабырғадан әдемірек екен. Жалпы, әр бөлме Мұхтар атамыз тұрған кездегі қалпынан өзгермегені қатты ұнады. Ескінің көзі, асылдың сынығы боп тұрған әрбір зат шын мәнінде құнды. Әр бөлмеде кездескен үнді сапары естеліктері мен осы елдің мәдениетіне қызықтырып, тереңірек зерттеу қажеттігін сездірді. Үйді аралағанда, досымыз Қанат айтқандай, «бұрынғының естеліктері көздің жауын алады. Табақша, вазалардың оюларын айтсаңшы. Қазіргілер бір-біріне не береді? Құлаққап, ұялы телефон тысы...»

Мұражайдың көрігі, алтыны үй кітапханасы десе болады. Алты мыңнан астам кітап, газет-журналдар жиналған кітап сөрелері көздің ғана емес, ойдың да жауын алады. Шынымен-ақ, зиялы қауымның мүшесі болу үшін диплом жеткіліксіз. Еңбектеніп, кітап көбірек оқу керектігін сол жерде тереңірек түсіндім. Біздің қазір кітап топтамам деп жүргеніміз бұл жеке кітапхананың қасында мардымсыз жинақ болып қалды. Кітаптардың түгел шығарылымдарымен бар болғаны Мұхтар атамыздың бір жинақты бастаса, соңына дейін оқымай тастамайтын табандылығын көрсетті.

«М. О. Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығына саяхаттан алған әсерім тек оң жақты болды. Орталық қызметкерлерінің жан-жақтылығы, білімділігі және ашық-жарқындылығы саяхатты пайдалы өткізуге сеп болды. Осындай қаз қалпында сақталған жәдігерлердің ұлт болмысын айшықтауда, ұлттық иммунитетті қалыптастыруда және жастарды алдыңғы дәуірмен байланыстырып, шабыт беруде маңызы зор. Көзайым болып жүрген мұндай үй-мұражай қызметкерлерінің зерттеу жұмыстарының жандана беруін тілеймін.