Үшеудің  жазасы
жеке
блог

Үшеудің жазасы


«...ұмытуға болмайтын да жайттар бар, кешегі тарихымызға тергеу жасағанда жадымызда сақтарлық құндылықтар аз емес.» Бұл - белгілі қаламгер Медеу Сәрсекенің сөзі.


Медеу Сәрсеке көпшілікке беймәлім тарихи ақтаңдақтар құпиясы, белгілі адамдар өмірінің күңгірт тұсы жайлы талай-талай деректі туындылар жазған. Соның бірі сталиндік зобалаңның құрбаны болған ағайынды Асылбек, Мұсылманбек және Мұратбек Сейітовтер жайлы еңбегі. Бұл ағайындар өз ортасынан қара үзіп шығып, өткен ғасырдағы әлеуметтік күреске белсене араласқан, ұлт жанашырларының алдыңғы сапында болған азаматтар. Біз Медеу Сәрсекеге хабарласып, Сейітовтер туралы әңгімелеп беруін өтінген едік. Ол былай дейді:

-         Сейітовтер туралы мен Қаныш Сәтбаев туралы мәліметтер іздегенде кездестірдім.

     

    Дегенмен олар жайлы егжей-тегжейлі жаза алмадым. Оған себеп – Сейітовтермен аралас болған адамдар сирек және олардың көбі өмірден ерте озған. Дегенмен іздестіре жүріп, біраз адамдардың естеліктерін жазып алдым. Сөйтіп, абзал азаматтардың тағдыры жайлы деректі хикая ақыры «Ағайынды үшеуге – бір жаза» деген атпен көптомдық шығармаларымда жарыққа шықты...


Баянауылдың тумасы Асылбек Жұманұлы Сейітов – аса білікті дәрігер болған. Ол 1918-1922 жылдары Баянауыл емханасында қызмет еткен, 1922-1937 жылдарда Ертіс атырабындағы денсаулық сақтау жүйесін ұйымдастыруда жанкештілікпен жұмыс істеп, сол кезеңдегі қоғамдық өмірде қайраткерлік көрсеткен ұлтжанды азамат.


Асылбектің атасы Сейіт - Баянауыл болысының ауқатты адамы Бекжан байдың жалшысы болыпты. Сейіт баласы Жұманды орыс миссионерлеріне береді. Солар арқылы приходской мектепті бітірген зерек ұл Омбыдағы тілмаштар мектебін де үздік бітіреді, губернатор кеңсесіне қызметке шақырылады. Қызмет істей жүріп, генерал-губернатордың да, дала шонжарларының да мәселелерін шешіп, бәрімен жақсы тіл табысып, беделді адамға айналған. Уәлиханов, Шорманов секілді белгілі адамдардың ұрпақтарымен араласқан. Ол Омбының ауқатты қазағы Керімбайдың Хадиша деген қызына үйленеді. Жұман мен Хадиша - Сұлтанбек, Мұсылманбек, Асылбек, Омарбек, Мұратбек есімді бес ұл мен екі қыз бала көрген.  Асылбек Омбыда 1894 жылы 22 қаңтарда туған.


1901 жылы Жұман Сейітұлы ауырып қайтыс болған екен. Жесір де болса  Хадиша жасөспірім төрт ұлын орыс мектебінде оқытқан. Тіпті Омбының қақ ортасындағы даңғарадай кең үйін меншік пансионатқа айналдырған, қыр балалары осында тұрып оқыған. Өзі олардың тамағын істеп, кір-қоңын жуып, содан түскен қаржымен балаларын оқытқан. Сөйтіп, үлкен ұлы Сұлтанбек – топограф, Мұсылманбек – мұғалім, Асылбек пен Мұратбек – дәрігер мамандығын алады.


Асылбек дәрігерлік қызметін Ақмола уезіндегі Алексеевка селосында бастайды, кейін облыстық санитар-дәрігердің көмекшісі болады. Ақмола облыстық қазақ комитетінің мүшесі ретінде әлеуметтік жұмысқа араласады, Сәкен Сейфуллинмен бірге жүреді. Сондай-ақ ағасы Мұсылманбек пен інісі Мұратбек те ұлт жанашырларының алдыңғы легінде болған. Мәселен, 1917 жылы тамызда Ақмолада уезд қазақтарының құрылтайына Асылбек Сейітов облыстық өкіл ретінде қатысып, ұлттық партияға мүше болады. Әлеуметтік белсенділігі, саяси тұрғыдан да дәрігер ретінде де біліктілігі, беделі  жоғары жас жігіт бүкілресейлік құрылтайға Алаш партиясының делегаты мандатын иеленеді.


Ол сапта Әлихан Бөкейханов, Мағжан Жұмабаев сынды алаш қайраткерлері болғандығы белгілі. С.Сейфулиннің «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында ағайынды Сейітовтердің есімдері жиі аталады. Сол кездегі оқыған қазақ азаматтарының ұлт бірлігі жолындағы қаһармандық күресі жайлы әлі де егжей-тегжейлі зерттеуді, жазуды, көпшілікке танытуды қажет етеді. Міне, ағайынды Сейітовтердің де еңбегі тарихи әділдік үшін тиісті бағасын алуы тиіс деп ойлаймын.


Түрлі алмағайып жағдайларға байланысты 1918 жылдың бас кезінде Асылбек Жұманұлы Алаш қозғалысынан бас тартып, Баянауылдағы ауруханаға дәрігер болады. Міне, аумалы-төкпелі осы кезеңде Асылбек дәрігер елдің денсаулығын сақтау үшін ерен жұмыс атқарған. Жолындағысын жапыра келе жатқан атаман Дутовтың әскерлері Баянауыл арқылы өтіп, аурухананы тонап дәрі-дәрмек, спирт сұрағандарымен ештеңе таба алмайды. Оның барлығын, тіпті сырқаттарға беретін азық-түліктерді Асылбек бастаған әріптестері тауға тығып тастайды. Дутовтардың ізінше қызыл әскер келіп, осы кезеңде ел ішін сүзек қаптаған. Міне, ел басына қауіп төнген осы бір қысылтаяң шақта Асылбектің дәрігерлік қайраты мен іскерлік қабілеті анық танылған. Ол кеңес өкіметінің жергілікті мекемелерінің көмегімен бес-алты жерде уақытша емхана ашқызып, наубайхана, монша салғызады.


Індеттен сақтандыру үшін ауыл-ауылда шаралар жүргізеді. Баянауыл уезінде халықты жаппай шарпыған сүзекпен  Асылбек және оның 4 фельдшері жан аямай күреседі. Өкініштісі, осы дерттен ауруханадағы барлық фельдшерлері мен көмекшілері қайтыс болып, Асылбектің өзі ғана қалады. Сүзек Павлодар, Ақмолада ерекше өршіп, адамдар әсіресе бала-шаға өлім құшқанда Баянауылда өлім шығыны аздау болған екен. Бұдан кейін тырысқақ деген індет шығып, бұл сырқатпен күресте Асылбек Жұманұлы бастаған 3-4 адам шұғыл әрекетке кіріседі. Павлодардан 500 адамға төсек-орын, палаталар әкеледі, тырысқаққа ұшырағандарды аластап, емдік шаралар жүргізеді, эпиотряд ұйымдастырады, он болыс елді аралап, жер-жерде түсінік жұмыстарын жүргізіп, екпе жасайды. 


Кейін Семей губерниялық (атқару) комитетінің денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі қызметін 14 жыл атқарды. Қазіргі Шығыс Қазақстан мен Павлодар облыстарының аумағы түгел енген кең атырапта медицина жүйесін тыңнан құрып, барлық елдімекендерде дәрігер қосындарын құрып, ауруханалар ашуға ұйытқы болған қайраткер азамат осы Асылбек Сейітов болды. Ол тіпті Ресейдің күншығыс жағындағы қаладан жетпіс шақырым жерде өкпе дертіне шалдыққандарды емдейтін сауықтыру орындарын ашқан. Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдары Том мен Новосібірден Попов, Елизарьев, Нигматуллин деген аса білікті дәрігерлерді Семейге алдыртып, оларға жағдай жасаған. Сонда осы дәрігерлерге әр облыстан науқастар келіп, емделген екен.


Алайда, «қызыл қырғын» 1937 жылғы зауал есіл азаматы құтқармады, ол небәрі 43 жасында атылды. Ең ауыры – бұл тұзаққа ағайынды үш Сейітовтің үшеуі де  іліккен.


Мұсылманбек Сейітов – мұғалімдікпен қоса, есепшілік мамандығын да меңгерген, тұтқындалғанға дейін республиканың жоспарлау мекемелерінде жауапты қызмет атқарған. Оған тіпті Мағжан Жұмабаевтың шығарған әзіл өлеңі де бар.


Мұратбек Сейтіов Омбыдағы 8 басқыш коммерция училищесін, сосын осы қаладағы дәрігерлік институтты тәмамдаған. Ол аса күрделі операцияларды батыл жасауымен атаққа ілінген, сол үшін медальмен марапатталған, 1936 жылы Қазақстанның 15 жылдық тойында орденмен марапатталған. Мұратбекті Москва институты жұмысқа шақырған. Алайда білікті азамат әлдебір қаныпезердің көрсетумен оққа ұшты. Бұл жайлы Гүлнар Міржақыпқызы естелігінде егжей-тегжейлі баяндаған. НКВД қызметкерінің үйіндегі қысастықты біліп, соған ара түскені үшін дарынды дәрігерді «халық жауына» жатқызып, өз қолымен атқан. 


Ал Асылбек Сейітовке кеңес өкіметіне қарсы сөз айтты, қазақ жерінде аштықты қолдан ұйымдастырды деп жала жапты деген желеумен «қылмысы» небәрі үш-ақ «тексеріліп» 1937 жылы 4 желтоқсанда ату жазасына кесіліп, бұл үкім сол күні-ақ орындалған. Сөйтіп, ағайынды үшеу бір жылда жазықсыздан жазықсыз сталиндік зобалаңның құрбаны болды. Асылбекке жала жауып, жазалаушы мекемеге жеткізгендер балдызы Аспандияр, оны өзі Баянауылдан Семейге алдырып, білім алуына бас-көз болған, тағы біреуі фармацефт мамандығын игерткен С.С.деген шәкірті екендігі анықталған.


Ең ауыры ағайынды Сейітовтердің отбасының тағдыры да қайғы-қасіретке толы: Мұсылманбектің әйелі Қарағандыдағы АЛЖИР лагеріне тап болған кезде қайтыс болған, әкесі тұтқындалғанда балалар үйіне тапсырылған екі ұлы бірдей сырқатқа ұшырап, қайтыс болған, Мұратбектің жары да НКВД лагерінде опат болып, жетімдер үйіне алынған екі баласы ұшты-күйлі жоғалып кеткен, Асылбектің орысша оқуы бар, сауатты әйелі Нафиға Сәдуақасқызы әділдік іздеп, Алматы түрмесін жағалап жүргенде сырқатқа ұшырап, ол да қайтыс болған. Клара есімді қызы әкесі тұтқындалғаннан кейін туған.


Сөйтіп, Асылбектің 15 жасар қызы Роза мен 8 айлық Кларасы аналары қайтыс болғанда баспанасыз, қаражатсыз, қамқоршысыз далада қалған екен. Панасыз жетімектерді ерлі – зайыпты Мария Николаевна (Нафиғаның Омбыда бірге өскен құрбысы) мен Валерий Елизарьев (Асылбектің әріптесі) қамқорлыққа алады. Қос мұңлықтың мүшкіл халін естіген нағашы шешесі, Сәдуақас Шормановтың екінші қосағы Зейнеп Айтбақина Омбыдан жанұшыра Алматыға жетіп, күйеу баласының күйреген шаңырағын қайта көтереді. Бұл кісі соғыс жылдарында қайтыс болған соң, қос жетімге нағашылары Нұрмұхамбет Шорманов ие болады.


Асылбек   Сейітов 1957 жылы 20 маусымда ақталды, дегенмен білікті дәрігердің ел үшін атқарған еңбегі беймәлім қалпында қалды. Кейін «тоң» жібіп, оның ел үшін атқарған игілікті істері там-тұмдап болса да жарыққа шыға бастады, өкініштісі үлкен қызы Роза Асылбекқызы бұл қуанышты көре алмады. Оның жалғыз ұлынан немерелері бар. Әпкесі бастап кеткен істі, яғни Алаш қозғалысының жетекші тобында болған қайраткер әкесі мен ағаларының жанқиярлық еңбегін, табанды күресін ақтау ісін Клара көп жылдар анықтап, зерттеп, тәуелсіз Қазақстанның тарихына енгізді. Жазықсыз мерт болған ағайындылардың есімі республикалық «Аза» кітабына жазылды.  


Кезінде Асылбек Сейітов ұйымдастырған Алматыдағы №5 емхананың қабырғасына мемориал тақта орнатылды, сол маңдағы бір көшеге есімі берілді. Дегенмен Сейітовтің есімі туған өлкесі Павлодар – Баянауыл мен еңбек еткен жері Семейдің тарихына еніп, лайықты аталуы тиіс. Өйткені ағайынды Сейітовтер бүгінгі, ертеңгі ұрпақ мақтан етерлік елеулі тұлғалар!


Түйін: Ел тарихында «ақтаңдақтар» деген атпен қалған отыз жетінің зобалаңы жүздеген, мыңдаған білімді, талантты қазақ азаматтарын жоқ қылды. Олардың арасында, ұмыт болғандары да аз емес. Әйтсе де өз заманының аса білікті азаматтары атанған Сейітовтер өмірінің зауалды шағын Медеу Сәрсеке зерттеп, анықтап, жарыққа шығаруының өзі үлкен еңбек. Десек те, бұл деректі айғақты -  жазықсыз опат болған ағайынды Сейітовтерді жұртшылық білуі тиіс. Оны таныту бүгіннің міндеті. Сондықтан Сейітовтердің туған жері Баянауыл ауданы, Ертістің Кереку өңірі, әрине Шығыс Қазақстан облысы игілікті іс-шара ұйымдастырып, қаламгер айтқандай, Сейітовтердің есімдерін жаңғыртуды қолға алуы тиіс. Бұл уақыт күттірмейтін іс!

                     Жазып алған – САЯ  МОЛДАЙЫП