Cіз білмеген 5 қызық

 

Адам баласы қазіргі заманда өте көп мөлшерде жан-жақты,  әртүрлі мәліметтер алуда.Бала кезімізден бастап есейген шағымызға дейін жиналған деректердің растығына көзіміз жетпей, өмір бойы кей нәрселерді тіпті заңдылық ретінде қабылдай бердік. Бірақ қазіргі таңда технология мен ғылымның арқасында кей нәрселердің жалған, не шындық екендігіне зерттерулер мен бақылаулар арқылы көзіміз жетеді. Дегенмен, адамдардың біле бермейтін қарапайым заттары бүгінгі күнге дейін баршылық. Осы мақсатта кей қызықты, әрі пайдалы мәліметтерге көз жүгіртсек деймін.

1.         Ұлу бақалшағын әр адам өмірінде кем дегенде бір рет көрген шығар. Сол бақалшақты шет елдерде демалып қайтқан адамдар, естен кетпес демалыстың естелігі ретінде өздерімен бірге алып келеді. Құлағын салсан неткен керемет, мұхиттың таласа, бірін-бірі қуалай ойнаған толқындардың дыбысы естіледі.  Табиғаттың бұл тылсым дүниесі бұл кішкентай бақалшаққа қалайша сыйып кеткен деп ойлайсың. Шынтуайтына келетін болсақ, естіп жатқан керемет дыбыс сол бір ғажайып толқындардың дыбысы емес. Ол өзіміздің құлақ ішіндегі қан тамырларының қуалай жүруі екен. Егерде біреулер әлі де болса, сізге мұхиттың дыбысын ұлу бақалшағы арқылы тыңдатамын десе, сеңбеңіз. Шынайы дыбыс өкінішке орай тек мұхит жағасында боларын ұмытпайық.

 

2.          Кішкентай кезімізде су жағасында жүріп, жолда кезігіп қалған бақалардан қорқып, қашатын едік. Оның себебі бақаны ұстаған адамның үстіне сүйел шығады деп ескерткен еді. Сыртқы терісі сүйелге толы бақаның сөйтсек еш кінәсі жоқ екен. Сүйел сүйелге жанасу арқылы жұқпайды. Сүйел тек папиллома вирусы арқылы адамнан адамға тасымалданады деседі дәрігерлер. Сонда да бақадан ешқандай сүйел шықпайды деп, жалма –жан ұстай берудің де қажеті жоқ. Сақтықта қорлық жоқ демекші, олардың ішінде улы бақалар да болуы әбден  мүмкін.

 

 

3.         Суға түсіп, шомылуды  кім ұнатпайды дейсіз? Қарапайым болса да, суға түсудің де өзіндік әдебі бар. Дегенмен әр адам бұл әдепті сақтай бермейді. Оның себебі, бойұсынбаушылықта емес, білмегендіктен болар. Қарнымызды тамаққа толтырып алып, суға түсуге болмайды, батып кетесің деседі. Қолын бір сілтеп, сенімсіздікпен бұл сөзді бағалайтындар да жетерлік. Бірақ дәл осы кеңеске құлақ түріп, тыңдағанымыз жөн. Себебі дәрігерлердің кеңесі бойынша әбден тойған қарнымен суға түсетін болсаңыз ас қортуыңыз нашарлап, құрсақ қуысыңызға қатты қысым түседі екен.  Бірақ тоқ қарнының кесірінен суға батып кетуіңіз екі талай. Әйтсе де, денсаулығыңызға зиян келтіріп алмайын десеңіз, бұл ережеге бағынуыңыз абзал.

 

4.         Жақында бір мақаланың ішіндегі мынадай қызықты дерекке тап болдым. Қыздардың дәм сезу рецепторлары, ер адамдарға қарағанда әлде қайда көп екен. Ал сіз бұл тұжырымға келісесіз бе? Дұрыс-бұрысын анықтау үшін кішігірім зерттеу жүргізген едім. Сөйтсек, бұл шындық екен. Оны Копенгаген университетінің ғалымдары дәлелдеген. Бұл ғылыми тәжірбиеге Данияның 89 мың балалары қатысыпты. Тәжірбие барысында қыздардың әртүрлі дәмдерді тез, әрі оңай тауып алып, ажырата алатындарын байқаған. Дегенмен неге дәм сезу рецепторы жынысқа байланысты айырмашылық жасайтынын білмейді. Егер дүниенің бар қыр сырлары ашылып, зерттейтіндей жаңа нәрселердің жоқтың қасы десеңіз, бұл сұраққа жауап іздеп, ғалым атануыңызға әлі де кеш емес.

 

5.         Денсаулығыңызға қатысты тағы бір мәліметпен бөліссем деймін. Ол мәлімет жейтін тамағымызға қатысты. Жасыл түсті картопты көргенде, халқымыздың ойы: « Ой жас болар, жата-жата қараяр», «Жасыл болған жерін алып тастап, жей береміз ғой, түк етпейді» - дейтіндер де баршылық. Ол жасыл картопты жесек, шыныменде денсаулығымызға түк болмайды ма? Бұл сұрақтың жауабы әттең қуантарлық емес. Себебі жасыл түсті қабық картоптың ішіндегі стероидтық алкалоид соланинның жиналуынан пайда болады. Ал бұл қарапайым тілде айтатын болсақ, өте мықты өсімдік уы екен. Бұл уды мөлшерден көп қолдансаңыз селкілдек тырыспа, безгек пен қалтырауға шалдығуыңыз мүмкін. Себебі зиянды у эритроциттерді құртады. Ал эритроциттер ағзамызда көмірқышқылды тасымалдауда маңызды рөл атқарады. Саудада жүрген кезде алатын картоптың сырт келбетіне мұқият қарап, таңдап алыңыздар. Ал егер жасыл қабықты картопқа кезігіп қалсаңыз, одан ас дайындаудан бұрын, кеңесімізге құлақ түріп, бас тартуыңыз жөн болар.

 



Бөлісу: