Сенгеніміз полиция болса....

Сенгеніміз полиция болса....
жеке
блог

Кеше біздің үйдің қасында кісі өлімі болды. Ия, біртүрлі ма? Мен де бірінші естігенде аздап тітіркендім. Сөйтсек "өлік" (труп) дәл біздің пәтердің ас үй бөлмесінің терезесінің түбінде жатыр екен. Оны таңғы сағат сегізден он минут кеткенде дүрлігіп жеткен тергеушілер жеткізді. Мен төртінші қабатта тұрамын...

Жұмысқа жиналып жатқам. Есікті біреу соққандай болды. Әуелі таң атпай кім болуы мүмкін деп құлағымды түріп тұрдым. Сосын жәйлап басып, есіктің қасына бардым. Сосын тың тыңдап тұрдым да кенет, әдетімде жоқ болса да есіктегі кішкентай тесіктен қарадым...Кенет аяғым дірілдеп, денем түршігіп, тілім байланып, қаттым да қалдым...Маған бір көз қарап тұр.

Бір кезде әлгі "көз" әй-шәй жоқ есікті жұлқа ашып кіріп келді. Ол тергеуші деп топшыладым. Азаматтық киіммен жүр. Жас жігіт. Қасында арқасында криминалдық полиция деген жазуы бар форма киген орта жастағы тағы бір полицей бар. 

Мәдениет дегеннен жұрдай. Құдды бір мен кісі өлтіргендей пәтерге ентелеп барады. Кешірім де сұрамады, қалай дегенмен де адам ұйқыдан тұрды, сыртта не болып жатқанынан бейхабар. Мүмкін менің жүрегім әлсіз шығар...Аз да болса этика болу керек қой...Жоқ...

Мен кенет "құжаттарыңызды көрсетіңіздер, кімсіздер" дедім. Әлгі "көздің" иесі оны құлағына да ілмеді. Қасындағы ағай көрсетті. "Ия, айта беріңіздер",-дедім. Жаңағы тергеуші "көз" рұқсат жоқ, дым жоқ кухнядан бір-ақ шықты. Сосын "осы үйде правохранительный органның сотруднигі тұрады деген хабар түсті" деді өп-өтірік. "Мен пәтер жалдап тұрамын, білмеймін, қожайындарымыз болмаса",-дедім. Бір кезде жұлып алғандай "сен қайда жасайсың" деді. Мен қайда жасайтынымды айтып едім, әлгі "көз" екпінін аяқ асты бәсеңдетіп алды. Маған бастан-аяқ қарап шықты да. Сосын қасымда тұратын сіңлімнің қайда жұмыс жасайтынын   айтып едім, тағы да екпіні азайды. Сосын... 

"Ол ол ма" демекші. Әлгі "көз" "осы үйдің терезесінен біреу секіріп өлген" деді. Қасымыздағы ініміздің досы қонған сол түні. Ол бірақ, таң атпай жұмысына кетіп қалыпты. Інімді ояттым, бір кезде ұйқысын аша алмай тұрған оған "қарашы анау өліп жатқан сенің досың емес па" деді. Інім "шок" болып тұрып қалды. Тергеуші "көздің" бұл қылығын қасындағы криминалист ағай оғаш көрді де, "қорықпа, оған звондап көрші" деп адамша сөзге келді. 

Содан не керек, біз түсініктеме жаздық. Мен жұмысыма ескертейін кешігіп қалсам деп едім, "жоқ" деп тұрып алды әлгі "көз". Мен оған да сабырлылық таныттым. Сосын қоярда қоймай менің ұялы телефонымның нөмірін жазғызды. Оған да жарайды деп көндім (сөзге келсем жұмыстан кешігетінімді сезіп).

Бір кезде шығып бара жатып, бір-біріне "жүр подьезге темекі тартып алайық" деді. Мен жұлып алғандай "ол заңсыз, үлкен кісілер тұрады, болмайды, шекпеңіздер" дедім. Жұлып алғандай, көздері жымысқыланып кетті, "онда сенің балконыңа барып шегіп алайық" деді. "Олай мүлдем болмайды"  дедім.

Сосын қаным басыма шапты..."Осы жұртты оқытқанда кереметсіздер, өздеріңіз заң бұзып жүре бермекшісіздер ме",- деп дауыс көтердім. 

"Білесің бе???Мен не істегім келеді өзім білемін, заң бұзам ба, жоқ па",-деді "көз". 

Одан әрі оның бетіне қарап тұрғым келмеді, "болдыңыздар ма" дедім де шығарып, есікті тарс жаптым. Ол біреудің жары, бір баланың әкесі шығар...Ол қандай тәрбие береді екен...Осыны да ойлап үлгердім...

Біздің полициямыз міне осы... Ар-намыс, ұят, кішіпейілділік, қызметтік этика, тағысын тағылар оларда "өлген". Мүмкін арпа ішінде бір бидайлар бар шығар. 

.....Қылмыскерді сол күні түстен кейін ұстады.