Ақындық пен сұлулық

Ақындық пен сұлулық
жеке
блог

Достар, мұрағатымды ақтарып отырып,  студент кезімде "Түркістан" газетінде өндірістік тәжірибеден өткенде жазған материалымды тауып алдым, соны сап отырмын... Енді осы блогымда  жаңа өлеңдеріммен, әдебиет жайлы ойлар мен қаламдас замандастарымның шығармашылығы жайында пікірлеріммен бөлісіп отырмақпын... 


Қасиетті Құран Кәрімде «Ғаламнан бұрын қалам жаратылды». Немесе «Рахман адамды жаратты және де оған баянды (сөз) үйретті» делінеді. Сондықтан сөз қадірін сезіну, сөзбен ойнамау ақынның бірінші міндеті. Қай тақырыпты жырламасын одан шынайылықтың исі аңқып тұруы тиіс. Өлеңде музыка, образ болғанда ғана оқырман жүрегіне жол тартады.

Алдымен поззия деген не? Ақын кім? Мәселеге осы тұрғыдан келіп көрсек. «Поэзия–жұмбақ әрі құпия…(яки тылсым, тұңғиық сырлардың тоғысуы) Оның алдыңғысы— шешіліп, соңғысы — ашылса, онда поэзияның қадір-қасиетінің кеткені. Яғни ол, ежелден айта берді, дүние жаралып адамдар қарым қатынасы басталғаннан келе жатқан, ешкім түбіне жетпеген, киелі де қастерлі ұғым » (Аманхан Әлім—Б.Ә. ) Ал, Құдайдың құдіретімен басына бақ та, сор да боп қонған поэзияны тудырушы ақын кім? Ол–жер бетіндегі бүкіл дүниені жүрегіне сыйдырған, сұлу да сиқырлы сөз ырғақтарымен жаныңды тербейтін күш иесі. Әрі қылдан нәзік сыршылдық пен алапат қайсарлықтың көрінісі. Ақын Құдай да, Пайғамбар да емес…Бірақ, жаныңа жылылық сыйлайтын сұлулық пен әдеміліктің жыршысы, жақсылық жаршысы. А. Блок: «Ақын – үндестік ұлы» -дейді. Яғни ғаламдағы бар үйлесімдіктердің бастауы. «Ақындық болмыс– күміс қоңыраудың үніндей күй-әуезден, көздің жауын алатындай сиқыр сұлулық пен өңкей жарасымнан тұрады». (Ә. Кекілбаев–Б.Ә.) Бұл нағыз ақындар туралы сөз, жолдан қосылғандар (халтурщиктер) жайында әңгіме басқа.

Құран Кәрімнің «Шуара»сүресінде «ал, ақындарға келер болсақ, олардың іздерімен оңбағандар жүреді» делініп, «олардың жасамаған нәрселелерін айтып отыратынын» бетке басады да, соңында: «алайда, иман етіп жақсы амал жасағандар және әрбір сәтті босқа өткізбей, Алланы өте көп еске алғаны (ақындар) басқа»–деп, өлең шеберлерін мақтап -мадақтайды. Яғни мұнда әзелден Хақ Тағаланың бұйрығымен ақындық қонған адамның өзге жұрттан алабөтен қасиетінің болатынын, сол илхам қуатын майда-шүйдеге  шашып төкпеу, арындап жүріп арзандап қалмау керектігін айтады. Өмір бойы жалпақ жұрттың жүрегін жалын жырымен жандырып өтуге тиістігін жеткізеді… Ақындық пен дін тақырыбы басқа мақалалардың жүгі. Біз бүгін соның бір бөлігі, поэзиядағы сұлулық… яки сұлулар жайындағы жырлар төңірегінде ой өрбітсек:

Мысалы, Жұматайдың «Ақындар» өлеңін алайық: Сонда, «Адамзаттың ең алғашқы ақыны қай құрлықта, қай дәуірде туса да, тұңғыш жырын жазған шығар әйелге»- дей келе, техника дамып, жер бетіне күндердің күнінде ақын адам керек болмай қалып, ұмытылып қалған күнде… сол бір кезде де жалғыз ақын, соңғы ақын қалса; «Сол соңғы ақын ең соңғы сол өлеңін, әйелдерге арнарына сенем мен»-дейді. Бұдан ақынның ең негізгі қозғаушы күші—махаббат екенін көреміз. Өлеңнің мөлдір бастауы да, жаны да, күлімкөз арулар. Бұған Қадыр ақынның «Алысты  жақын ететін де, жігітті ақын ететін де– қыз» сөзін қосыңыз. Немесе, Мұқалағидың: «Поэзия– махаббаттан басталып, парасатпен аяқталады» дегені, әрі Жүрсін Ерманның: «Әлемнің тілін таппайсың, әйелдің тілін таппасаң» деуі де жоғарыдағы «Ақындар» өлеңінің аясына сыйып кетіп, ойымызды толықтырып тұр… Әңгіме мұнда емес, әңгіме—ақындардың мәңгі махаббат жыршысы болатынында.    Мысалы: Кеңшілік Мырзабекев: «Он жеті жастан, он сегіз жастан сүйгенмін, Сүйе беремін қурап қалғанша сүйегім, –дей келіп, сүйгеннен ернім жұқарса мейлі жұқарсын, сүйгеннен жүйкем, жұқарса мейлі  жұқарсын!»- деп, «сүйе беремін, сүйе де сүйе шаршасам, махаббатыма басымды сүйеп өлемін»-дейді. Қазақ поэзиясына қайталанбас туындылар қалдырған Сағи Жиенбаев болса: «Ырзамын қыздар сендерге, мен үшін сендер пірсіңдер. Жазым боп кетер жерлерде, өздерің сақтап жүрсіңдер»-деп, қыздарды төбесіне көтереді. Орынды.  Жарасымды. Жүректің қылын шерткен әдемі лирика. Ал, Қадыр Мырза Әлі: «Әдемі қызды көргенде, ақылды қызды аяйсың»-деп, сүйкімділікті жоғары қояды. Астарында әлемді әдемілік ғана құтқарады деген ой жатса керек.

Әйелдер әдеміліктің, әсемдіктің нышаны. Ақын адам сұлулыққа сұқтану арқылы  өлең тудырады. Яғни музасы, кейіпкерлері арулар. «Ақындарды көрінген адамға ғашық болады» -деп, жазғыруға болмас… Өйткені олар, әр гүлге бір қонып бал жинаған  арадай, сұлулыққа сүйсіну арқылы ізгіліктің, әдеміліктің, көркем галереясын жасайды. Дағыстанның көрнекті ақыны Расул Ғамзатов: «Мен саған үйленгенше, мың қызға ғашық болғам» – деп, ағынан жарыла, бар сырын жайып салса, Ұ. Есдәулет: «Ғашық болған қыздарым ғұмыр бойғы, тіпті менің көп  шығар шашымнан да»-дейді. Тағы бір есімі енді ел аузына ілініп келе жатқан жас ақын «мен күн сайын ғашық бола беремін, сүйгеніме ұқсайтұғын қыздарға»-деп осыған үндес ой айтады. «Сұлулыққа қызығу –нәпсіқұмарлықтың кепілі бола бермейді. Жер бетіндегі әдемілік жойылса, адам баласындағы тіршіліктің мәні мен мағынасы да қалмас еді».(Д. Исабеков–Б. Ә.)

Бүкіл ақын шығармаларында таспадай өріліп, жырына арқау  болған арулар, яки болшақ аналар. Хадисте: «Әуелі анаңды,екінші анаңды, үшінші тағы да анаңды сыйла» делінген. Ана бар жерде–сүйіспеншілік те, шуақ та бар. Яғни жоғарыда айтылғандай, сүйіспеншілік, махаббат, ана  тақырыбы майда-шүйде емес.   Алланы бір деп біліп, мойынсұнғандар ғана, ананы құрметтеп, сұлулықты бағалай  алады. Әйел–тіршілік бұлағы. Адамзат ұрпағын өсіріп, өрбітуші. Мәселенки, дүниеге сәби келді дейік. Дәл осындай өте кемел, ғаламат уәзінмен өлшеп пішілген, ет пен сүйектен (тастан, қоладан, ағаштан емес) жаратылған, көкірегінде–санасы, көзінде–нұры, кеудесінде–жаны бар Теңдессіз Өнер Туындысын кім жаратып жасай алады?! Мұндай туындыны әуелі Алладан, екінші әйелден басқа ешқандай өнерпаз жасай да жарата да алмайды. Демек, әйелдерді жырлау Тіршілікті, Әдемілікті, Өнерді жандандыру деген сөз.

Есенғали Раушанов: «Сұлулық та жоқ ғаламда мына, жоқ болса егер ақындық,»-дей келе, «ақындық та жоқ ғаламда мына, жоқ болса егер сұлулық!» дейді. Бұдан түйетініміз, ақындық пен сұлулық бір-бірін толықтырып тұратын ұғымдар… Біз бүгінгі бір мақаламызда «ақындық пен сұлулық…»  төңірегін толық қамти алмаспыз. Өйткені, бұл ауқымы кең, мәнді, мазмұнды тақырып. Тек бұл сүйсінуден, тамсанудан, көңілге тұнған тамшылар ғана… Меніңше, әдемі жырлар, ақындар ғашық болған жағдайда ғана туады. Қалғаны құр машықтық…

Бауыржан ӘЛІҚОЖА

2010