Менің жанұям! Асыл жарым!

Менің жанұям! Асыл жарым!
жеке
блог

Кеш батып, қараңғы түсе құптан намазын үйдің жанындағы мешіттен оқып, отбасыммен әңгіме дүкен құрып, ата - ана, сүйген жарыммен әзілдесіп, көңілді күйде Құранымды оқып ұйқыға кеткенмін. Тәтті ұйқыда жатқанымда бетіме себелеген судың суықтығынан ояндым. Көзімді ашсам, асыл жарым мені түнгі намазға оятып жатыр екен. Дәретімді алып, әйелім екеуміз кешегі күнгі жаттаған Құран парасын оқып, түнгі намазды өтедік. Жанымдағы әйелімнің көзінен сорғалап аққан жасы менің сүйіспеншілігімді арттыра түсті. Бұл уақытта біз екеуміз 15-параны жаттап жүргенбіз. Сүйіктімнің жүрегіндегі тақуалығы екеуміздің махаббатымызды шыңдай түсті. Намаздан соң таңғы дұғаларды жасап,сүйіктім ата - анама дәрет суларын дайындауға кірісті.  Таң намазының сүннетін үйде оқып, әкем екеуміз мешіттен үйге келгенде әркім өз күйеуін күлімдеп күтіп алғаннан кейін таңғы ас ішуге кірістік. Әкем тағам дұғасын жасап, күніме сәттілік тілеп, әйелімнің күлімдеп: "Отағасы, бізге адалынан ризық алып келіңіз! Біз бұл дүниенің аштығына шыдаймыз, ақыреттің отына шыдай алмаймыз" - деген сөзі мені Аллаһтың разылығын табу жолында шабыт беріп, күнімді көңілді әрі тақуалықпен бастауға себеп болды. Жұмысты ерекше шабытпен істеп, түс қайта жұмыстан ертерек шығып, әйеліммен серуендеп, ұзақ сырласып, әзіл әңгімелермен көңілімізді жайлап, Аллаһтың рахымын еске алып, жәннатта бірге болатындығымызды ойлап, махаббатымызды арттырып қайттық. Мен сүйіктіме жақсы көретін тәтті тағамын алып беріп, тосыннан гүл сыйлағаным оның көңілін көтерді. Бұл уақытта әйелім менің перзентімді құрсағында көтеріп жүрген болатын. Мен жұмыста болған кезімде құрсағындағы сәбиімізге Құран оқып береді екен. Кеш бата әйелім, құрсағындағы сәбім үшеуміз сырласамыз. Күнделікті жаттаған аяттарымызды бір - бірімізге тапсырып, дұға етіп, жатар уақытында Уақиға, Мүлік сүрелерін бірге оқып, ұйқыға кетеміз. Серуеннен қайтар кезімізде әкем мен анама сыйлық алып үйге келгенде, ол кісілердің біздің сүйіспеншілігімізді көріп, көздерінен қуаныш жасы тамып, дұғасына бөленіп, кешкі ас ішуге кірістік. Кешкі аста әкем жәннатта Аллаһтың разылығын табу жолында өмір сүрген отбасылардың бірге болатындығын, Құран жаттаған кісінің ата - анасына нұрдан болған тәж кигізетіні жайлы хадисті айтып, Құран жаттауға шабыт бергендей, жанұямызға жылылық сыйлады. Ертеңіне, демалыс күнімде отбасымды алып туған - туыстардың үйін зиярат етуге кеттік. Қайтарымызда киім дүкеніне кіріп, әрқайсысына ұнаған шариғатқа сай киімдерін алып бердім, ол кісілер риза болып үйге оралды. осылай көңілді өтіп жатқан күнімде әйелімнің толғағы қысып, перзентханаға келдік. Тағатсыздана күтіп, сыртта өзімді қоярға жер таппай тұрған уақытта,  мейірбикенің "Сүйінші!" деген дауысы елеңдетіп, қуаныштан Аллаһқа мадақ айтқызды. Перзентімді қолыма алып, сол сәтте құлағына азан шақырғанымда, шырқыраған дауысы басылып, менің азаныма құлақ түргендей, көзі жымсиған перзентімнің иісінен жәннаттың иісін сезгендей болдым. Көңілді күндерімнің қуанышты сәттері көбейе түсті. Бұл көңіл тыныштығының барлығы да Аллаһқа және Оның елшісіне (с.ғ.с.) деген сүйіспеншіліктен туындап жатқандығы ақиқат. Өміріміздің Құранға және сүннетке сай өтіп жатқандығының сүйіншісі. Сәби жанұямның берекетін арттырды. Жұмыстан үйге асығып, кішкентайыма әртүрлі заттар алып келуім мені Жәннатқа жетелейтіндей көрінетін Әкем мен Анамның немерелерінің жанындағы қуанышын жазып жеткізе алмаймын. Осындай сүндетке сай отбасында өскен перзенттеріміз әйелім екеумізге де нұрдан болатын тәж кигізетіндігіне сенімдімін. Осылай бақытты күндеріміз жалғасуда.....

 

Пы. сы. Ой саларлық бұл оқиғадан түйгенім біршама түйіндер болды. Сізге де пайдасы тиіп жатса, қуаныштымын)