Ғылыми-технологияның (әлеуметтік желі) дамуы бақытты болуға кедергі деп ойламайсыз ба?

Ғылыми-технологияның (әлеуметтік желі) дамуы бақытты болуға кедергі деп ойламайсыз ба?
жеке
блог

   Бірнеше уақыттан бері әлеуметтік желілерде "синий кит", " тихий дом", "разбуди меня 4:20" сынды бірнеше атқа ие ойын таралып кетті. Әрине, бұл ойын бүгінде бәрімізге таныс та шығар. Себебі, осы ойынның зардабы жайлы БАҚ жарыса жазуда. Шыны керек, өз басым бұл ойынның бар екенін алғаш естігенде неге ғылыми-технология аса қатты дами қоймаған заманда дүниеге келмегенмін деп ойладым. Маған мұндай ой қалыптастырған "Менің атым - Қожа" фильмі. Бұл фильмді қарап отырып, қайнап жатқан қазақ өмірін көремін. Ол кездегі көрініс бүгінгі күннен мүлде өзгерек. Істелген жұмыс, атқарылған міндет - бәрі де таза еңбекпен келетін еді. Қарияларымыз жас жеткіншектерге ақыл-өсиетін айтып, тәлімді тәрбие беріп, жастарға бағыт-бағдар беріп отырушы еді. Ал, орта буын өкілдері арқа еті арша, борбай еті борша болып, таң атқаннан, кеш батқанға дейін бала-шаға қамын ойлап таза еңбек атқаратын.Сондай-ақ, ол кездегі балалық шақ - нағыз балалық шақ болатын. Балалардың жүздерінен шынайы күлкінің, еркіндіктің, зор қуаныштың желі есіп тұратын. Себебі, олар,расымен де, шын бақытты еді.                            

Ал, бүгінде мұндай көріністі сирек кездестіреміз. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?

Менің ойымша, шын бақытқа кенелуге кедергі болып отырған ғылым мен технологияның пайдасына қарағанда зиянының көп болып кеткендігі. Әрине, пайдасының бар екенін жоққа шығара алмаймын. Дегенмен, бүгінде әлем оның пайдасын былай қойып, зардабын көп тартып жүр. Мысалы, сол технологияның жемісі - әлеуметтік желіні қарастырайық. Әлеуметтік желі - нағыз уақытты бос өткізетін жандар тоғысатын, жаңалықтар тез таралатын, адамды пайдасыз нәрселерге үгіттейтін орын. Ол адамды тәуелділікке алып келеді. Ал, адам бойында белгілі бір нәрсеге тәуелділік туған жағдайда не болатыны бесенеден белгілі шығар. Міне, ата-аналардың көңілдерінде күдік туғызған жаман ойын да осы әлеуметтік желі арқылы таралып отыр. "Ойыннан от шығады" деген осы шығар, бәлкім. Ойын, ойын деп арты қайғылы жағдайлармен ұласып жатыр. Жастарымыз ол ойынның құрбандары жайлы естісе де, қызығушылықтары артуда. Себебі, жақындарынан көре алмаған жылулықты сол ойыннан іздейтіндей көрінеді маған. Сондықтан да, жақындарыңыздың ойнап жүріп, от басып, бақытсыздыққа ұшырауына жол бермеңіз. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ғаламтордан емес, ата-баба өсиетінен іздеуді үйретіңіз. Бастысы тәлімді тәрбиені тал бесіктен берсеңіз, ертеңгі күні сан соғып, зар жылап қалмайсыз!