Эссені қалай жазу керек? 4-шығарылым

Эссені қалай жазу керек? 4-шығарылым
жеке
блог

Құрметті оқырмандар! Сіздерді жаңа 2017 жылмен құттықтап, денсаулық пен бақытты, барлық салада үздік көрсеткіштерді тілегім келеді! Сонымен қатар, өз парақшама кірумен қиындықтардың болғаны үшін, мақалалардың шықпағанына кешірім сұраймын.

«Эссені қалай жазу керек?» атты мақалалар сериясының
3-шығарылымында талқыланған артықшылық пен кемшіліктер эссесіне мысалды бұл мақаладан таба аласыздар. Алайда бірден төмендегі эссе қарастырып кеткен теориялық кеңестердің практикадағы қолданысын көрсету мақсатынды жазылғанын айтқым келеді. Ол сіздердің эссені қатал түрде осылай жазу керексіздер деген сөз емес. Сонымен қатар, негізгі бөлімдегі тарауларда тезис жазудағы SEE моделін қалай жазғанымды көрсету үшін жақша ішіне әріптерді жазып кеттім.


Мысал №1. Сарапшылардың бір тобы балалардың шет тілді орта мектептен емес, бастауыш мектептен бастап үйренуді дұрыс деп санайды. Бұл тұжырымның артықшылығы мен кемшілігін қарастырып, талдау жасаңыз (және өзіңіздің жеке ойыңызды беріңіз*).

 

Қазіргі таңда екі немесе үш тілділік саясатымен көптеген адамдар таныс, алайда сол жаңа тілдерді бастауыш не орта мектепте оқыту мәселесі әлі де министрлер мен оқушылар ата-аналарының алдарында тұрған шешімді керек ететін мәселе. Шет тілдерді оқыту сұрағының күрделілігі оның артықшылықтары мен кемшіліктерінің ғылыми тұрғыда бір-біріне басымдылық көрсетуінде екені эсседе талқыланады. (Ал менің ойымша, шет тілді бала кезінен бастап үйрену керек деген тұжырыммен толықтай келісемін*)

 

Біріншіден, жастайынан 2 немесе одан да көп тілді оқу студенттердің еске сақтау қабілетін шектейді(S). Ерика Хаф, «Тіл дамуы» атты кітаптың авторы, өз зерттеулерінде бұл тұжырымды мида туындайтын когнитивті шиелініспен түсіндіреді(E). Мысалы, 5 жастағы баланың еске сақтау сиымдылығы 1 күнде 20 жаңа сөзді жаттауға мүмкіндік береді(E). Бірақ, егер ол 2 тілді қатарынан оқитын болса, онда әрбір тілге он оннан тиесілі(E). Бұл зерттеуден туындайтын сөздік қормен байланысты кемшілікті Америкалық Психология қауымдастығы (ағылш. АРА) аңғарды(S). Яғни екі тілде сөйлейтін адамның семантикалық санаттағы сөздерді білуі бір тілде сөйлейтін адамнан аз екен(E). Сонымен, қосымша тілді бастауыш сыныбынан бастап оқығандықтан оқушылар шет тілді ғана емес, өз тілінде де  сөйлеуде сөздік қордың тапшылығына тап болады.

 

Оған қарамастан, мидың атқарушы функциясы екі немесе одан да көп тілді оқитын адамдарда көбірек дамыған деген қорытындыға келгенін 2009 жылы «Білім» журналына Альберт Коста жариялаған (ағылш. «Cognition journal», Albert Costa)(S). Өз кезегінде билингвл адамдар бір тілден екінші тілге ауысуын ми және когнитивті дағды аспектісінен қарастырғанда, олар бір іс-әрекеттен екіншіге оңай көше алады және бұл әрекеттің тілге қатысы болуы заң емес(E). Мысалы, сол себепті бүл студенттер бір тілді ғана білетін студенттерге қарағанда әр түрді пәндерді меңгере алу қабілеті жоғары(E). Бұдан басқа  «екі және үш тілде оқитын балалардың 7 жылдан соң миындағы нейрондық байланыстар санының бір тілділерге қарағанда әлденеше артық болатынын» өз сұхбатында Қазақстан Республикасының Білім және Ғылым министрі, Ерлан Сағадиев, айтып өтті(S+E).

 
Эссе тапсырмасында ойыңызды сұраған жағдайда жазылатын 3-тарау*

Бала кезден бастап шет тілді оқу болашақ академиялық жетістіктердің кілті деп айтқанды жөн көремін(S). Себебі, қаншалықты көп тіл білсен, соншалықты көптеген білім мен мәліметтер ресурсына жол ашық(E). Мысалы, ағылшын мен орыс тілін білу арқасында бастауыш сыныпта оқытылатын дүниетану пәнінің бір тақырыбына материалдарды орысша теледидар бағдарламаларынан, ағылшын тіліндегі мультфильмдерден және ана тіліміздегі оқулықтан алып, барлығын түйіндеуге болады(E).

 

Қорытындылай келе, бастауыш сыныптан бастап өзге тілді оқу сөздік қордың бай болғанына теріс әсерін тигізеді, алайда когнитивті процестерді дамытып, болашақта студенттің мәселені шешу икемділігіне кепілдік береді. Бала кезден бастап шет тілді оқудың оң жақтары салмақты және маңызды нәтиже беретініне байланысты бастауыш сыныптан бастап, тіпті балабақшаларда да тілдердің оқытылуын қолдаймын.

Құрметті эссені қалай жазу керек екеніне қызығатын оқырмандар, эссені жазу кезінде осы сияқты мысалдар сіздерге көмегін тигізеді ме? Бұл жайлы ойларыңызды қалтырсаңыздар, себебі мақалаларымның сіздерге түсінікті және пайдалы болғанын қалаймын. Сау болыңыздар!