Түс туралы не білеміз?

Түс туралы не білеміз?
жеке
блог

Адамзат табиғатының жаратылысы құпия нәрсе. Сол құпия сырлар мен күңгірт жағдайлардың бірі – ұйықтап жатқанда көрінетін тылсым белгілер.

Барлық адам түс көреді. Бірақ, барлығымыз ояна салсымен, түні бойы көрген түсімізді жоруға асықпаймыз. Тіпті, оған мән бермей, қолын сілтеушілер де аз емес. Ал егер, көрген түсімізді ақылмен байыптап, ой жүгіртсек, бізді алдағы уақытта не күтіп тұрғаның білуге болады.

Түс – табиғаттың сыйы, ал түсті жору – өнер. Қазақ халқы түсті тек жақсылыққа жорыған. Қандай қорқынышты түс көрсе де, түс жорушы оны жақсы істермен, жарқын болашақпен байланыстыратын болған. Атамыз қазақ жақсы түске «Түс – Тәңірдің аяны» деп қараса, шайтани түске «Түс – түлкінің тезегі» деп аса мән бермеген.

Түсті таңертең жорыған дұрыс. Себебі, жорушының миы тынық, сергек болады, ал түс көрген кісі түсін есте сақтап тұрады. Мынадай үш уақытта түсті жоруға болмайды: күн шығып келе жатқанда, күн тас төбеде тұрғанда және күн қызарып батып бара жатқанда. Хадистерде жаман түс көрсең, сол иық жаққа түкіру керек делінген, сонда ол түстің еш жамандығы тимейтіндігі айтылған. «Түсті көруден емес, жоруынан қорық» деп аталарымыз айтып кеткен, яғни түсті жақсылыққа жорысаңыз жақсы жағына,, жамандықты ойлап, қорқып жамандыққа жорысаңыз, дәл солай жамандыққа ұрынасыз. Сондықтан, түсімізді тек жақсылыққа жоруға тырысайық.

Түс тек адамдарға ғана емес, ол сүтқоректілерге, балықтарға, құстарға, кейбір жануарларға және жәндіктерге(мысалы, дрозофилаға) тән құбылыс.

Көптеген ғалымдар түс көрудің табиғатын түсіндіруге тырысып жүр, бірақ ол әлі де құпия болып қалуда. Келесі кезекте, түс жайлы қызықты фактілерді келтіремін:

1.Түсті зағип адамдар да көреді. Туылғанынан кейін көзі көрмегендер түрлі-түсті түстер көреді, ал зағип болып туылғандардың түстері ерекше. Өйткені, олардың түстері бейнесіз, бірақ, олар сипап сезеді және түстері әртүрлі дыбыстар мен иістерге тола болады.
2.Ұйықтап жатқан адамға сыртқы факторлар әсер етеді. Мысалы, сіз жатқан бөлме суық болса, түсіңізде сіз Антрактидада жүргендей боласыз. Немесе, шынайы өмірде шөлдеп жатсаңыз, түсіңізде де шөлдеп жатасыз, су ішіп, шөліңізді басқыңыз келеді.
3.Ең әсерлі түстерді бұрын шылым шеккен адамдар көреді екен. Олардың түсі шынайы өмірге көбірек ұқсас болады.
4.Шетелдік ғалымдар 6 жыл зерттеу жүргізіп, мынандай нәтиже шығарды: күніне 6-7 сағат ұйықтайтын адамның өмір сүру уақыты 8 сағат ұйықтайтын адамның өмір сүру уақытынан ұзағырақ.
5.Адам бір ұйықтағанда 6-7 сюжет түс көреді, бірақ, оянғанынан кейін оның есінде тек жартысы қалады.
6.Статистика бойынша, адам өмірінің 6 жылын ұйқыда өткізеді.
7.Адам түсінде көргендерінің 20%-ы шынайы өмірде кездестіргендері. Ал, қалған 80%-ы ойынан туған құбылыстар.
8.Статистикалық мәліметтерге сенсек, испандықтар Еуропаның басқа халықтарына қарағанда 40 минут аз ұйықтайды. Ал, француздар керісінше, ұйқыны жақсы көретін халық. Олар ұйқыға 9 сағат жұмсайды екен.
9.Қорылдаудың зияны қандай? Қорылдайтын адамдардың 10%-ы ұйқы кезінде тұншығады. Мұндай адамдардың дем алуы түнде 300 ретке азаяды. Соның салдарынан, инфаркт пен инсульт сияқты жүрек ауруларының тәуелділігі артады. Сонымен қатар, қорылдап жатқан адам түс көрмейді.
10.Түрлі-түсті түстерді барлық адам көре бермейді екен. Ақ-қара түс көретін адамдар саны 12%-ды құрайды.
11.Адам мүлдем ұйқтамаған жағдайда не болады? Гиннес рекордттар кітабында ұйқысыз ең ұзақ уақыт жазылған. Рекорд 18 тәулік, 21 сағат, 40 минутты құрайды. Бұл рекордты қойған адамның айтуынша, ұйқысыз жүрген күндерінде сөйлеуі қиындап, көру мен есте сақтауы нашарлаған, паранойя мен галлюцинациялар пайда болған.