Күнделіктегі жазбалар

Күнделіктегі жазбалар
жеке
блог

Жалпы күнделік жүргізудің артықшылықтары мен пайдасы жайлы ойланып көрдіңіз бе? Күнделік бір қарағанда, өз ойымызды жазатын қарапайым кітапша тәрізді. Ал шын мәнінде, күнделік жүргізудің адамға тигізер пайдасы көп. Егер күнделік жүргізер болсаңыз, сіз келесі пайдалы әдеттерге дағдылана аласыз.

Армандарыңызды ұмытпау

Кей кездерде ойымызға ойламаған жерден әртүрлі идеялар келіп жатады немесе өзіміздің армандарымызға байланысты болашаққа ойша жоспар құрып та жатамыз. Алайда, біраз уақыттан кейін олардың кейбірі есте қалса, кейбірін мүлде ұмытып кетеміз. Сол себепті оларды жазып отырған жөн. Күнделікке жазған болсаңыз, сіз оларды ұмытпайсыз, оқыған сайын оларды тез іске асыруға асығасыз. Сондықтан күнделігіңізді әрқашан өзіңізбен алып жүріңіз, тіпті жатар алдында да жаныңызға қойып қойыңыз, сонда сіздің армандарыңыз ешқашан ұмытылып қалмайды.

 Мазалаған ойлардан құтылу

Сіз күнделікке өзіңіз қалаған затты жаза аласыз, себебі сізді бұл үшін ешкім сынамайды. Өзіңізді мазалаған келеңсіз жайттар жайлы жаза отырып, сіз ашуыңызды баса аласыз. Мәселеге басқа қырынан қарап, түсініп, бәлкім шешімін де тауып қаларсыз, себебі жазу ойыңызды жүйелеуге көмектесетін пайдалы дағды. Психологтар мұндай жағымсыз жайттарды естен шығару үшін, оларды күнделіктің бір бетіне жазып, кейін жыртып немесе өртеп жіберуге кеңес береді. Нәтижесінде сіз келеңсіз жайттарды есіңізден шығарып, өзіңіздің күш-қуатыңызды пайдалырақ заттарға жұмсайтын боласыз.

 Жетістікке қуану

Күнделік болғандықтан, сіз мұнда өзіңіздің қуанышты сәттеріңіз бен жетістіктеріңіз жайлы да жиі жаза аласыз. Олардың сізге алдағы уақытта қажет боларына күмән келтірмеңіз. Ол үшін, әр қуанышты сәтіңіз бен сол кездегі эмоцияңыз жайлы қағаз тіліміне жазып, бүктеп, банкаға жинап отырыңыз. Кейін өз-өзіңізге көңіліңіз толмай, күйзеліске түсіп кетсеңіз, сол банкадан қағаздарды кезекпен алып оқыңыз. Осылайша, күнделіктегі бір жыл ішіндегі көңілді жазбаларыңыз өзіңіздің көңіл-күйіңіз бен еңсеңізді көтеруіңізге септігін тигізеді.

 Банка

 Өз-өзіңізге есеп беру

Сіз күнделікке әртүрлі оқиғаларды жаза отырып, өз-өзіңізге есеп бересіз. Не істеп, не істемегеніңізді сараптау арқылы тиянақтылыққа, ұқыптылыққа үйренесіз. Ескі және жаңа жазбаларды салыстыра отырып, қаншалықты прогресс жасап, дамығаныңызды көре аласыз.

Өткеннен сабақ алу

Егер жазып қойсаңыз, өткен қателіктеріңізді де ұмытпайсыз, оларды еске алып, саралап, өмірлік сабақ алып, қайта қайталамауға тырысасыз. Осындай қателіктерден сабақ алу үшін әр қателігіңіздің жанына сол жайттан өзіңіздің не түйгеніңіз жайлы жазып кетіңіз. Осылайша өткеннен өзіңізге болашаққа кеңес аласыз.

 Diary

   Қарапайым күнделік-армандарыңыз бен жетістіктеріңізді еске салып қана қоймай, кез-келген мазалаған ойлардан арылып, өткеннен сабақ ала отырып, өз-өзіңізге есеп беруге мүмкіндік беретін пайдалы зат.