Берен мен Энгин тағы да экранда - "Фатмагүл" телехикаясының жалғасы...

 

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/q2KXVMHoPac&feature","width":"425","height":"350"});

 

Келбеті мен келісті ойыны арқылы көрерменін бірден тартып әкететін Берен туралы аз айтылған жоқ. Алайда, телехикаяда Керемнің рөлін сомдаған сымбатты да, келешегі зор актер Энгинсіз «Фатмагүл» телехикаясы мұндай тартымды болмас па еді?! Энгин Акюректің түрік кинокөгіндегі жұлдызы қалай жанды? Қысқа мерзім ішінде осынау қой көзді актерді түрік телетоптамасы жанкүйерлерінің басым бөлігі жақсы көріп кетті. Энгиннің талантын дәлелдеудің қажеті жоқ! Ол өз кейіпкерінің бейнесіне толық еніп, оның мінезін әрбір қимылымен, көзқарасымен жеткізе алатын актер. Көптеген режиссерлар Энгиннің осы бір актер ретіндегі ерекше қасиеті үшін өз туындыларына шақырады. Барлығы да бір дауыстан оның көзқарасының тартымдылығын атап айтады. Оның қоңыр көздері ешбір нәзік жандының жүрегін селт еткізбей қойған емес! Энгин өз кейіпкерінің бойындағы махаббат, қуаныш, торығу сезімдері немесе жүрек мұңын көзімен «айтып» жеткізе алады.

Түркия жұрты Энгин Акюректі тұңғыш рет 23 жасында телеэкранда тамашалады. Ол кезде актердің шашы қысқа және мұрты бар болатын! Алайда, ол «Түркия Жұлдыздары» атты думанды жоба арқылы халыққа кеңінен танылды. Бұл жобада ол көпшілікті таңдай қақтырып, бірінші орынға ие болған еді. Ал, Берен Саат болса, дәл осы жобада екінші орынды иеленді. Бұл екі актердің де нағыз жұлдызды сәті болатын. Мүмкін «Фатмагүл» телехикаясының режиссері Хилаль Сарал екі актерді де дәл осы сәтте байқаған болар? Өйткені, бұл думанға дейін Энгин «Шетелдік күйеубала» топтамасында Қадыр Садықоғлының рөлін ойнаған еді. Кейіннен Зеки Демиркубуздың әйгілі фильмінде Кадердің рөлін сомдады. Ал Cevat фильміндегі бейнесі үшін Энгин Акюрек марапатқа ие болды және киносыншылардың пікірінше, Түркияның ең келешегі зор актерына айналды. Дәл осы кезде Энгин имиджін өзгертіп, шашын иығына түсіріп, бұрынғысынан да сезімтал көрінетін болды... Алайда «Фатмагүл» топтамасындағы Керемнің рөлі арқасында қой көзді, сымбатты жігіттің атағы асқақтады. 164 400 оқырманның 40 пайызы «30 жастағы Түркия актерларының ішіндегі ең сымбаттысы кім?» деген сауалға Керемнің рөлін сомдаған Энгин Акюрек деп жауап беріпті. Бұған қоса, Энгин Акюрек 2011 жылдың үздік актері сауалнамасында бірінші орынға ие болды.

Енді «31 арнаның» көрермендері де «Фатмагүл» телехикаясының жалғасын тамашалау арқылы Берен Саат пен Энгин Акюректің жараса сомдаған керемет ойындарына куә бола алады.



Бөлісу: