«Практикант мұғалім» қандай болуы керек?

«Практикант мұғалім» қандай болуы керек?
жеке
блог

Студентке сабақтан қалу, кешігу, қатыспай кетіп қалу сияқты әдеттер кешірімді, қалыпты құбылыс, тіпті сол бір кезеңге тән «жарасымды» қылық. Ал тәжірибе жинақтау барысында бұл еркелікті басқалар көтерсе де, балалар адалдығымен, сенгіш көңілімен өлшеп, қалт жібермейді.

Ең алғаш, 2-курста, мектепке мұғалім болып барарда іштей әбден дайындалғанмын. «Қалай жүремін, қайтіп танысамын, оқушыларды қайтсем өзіме жақын етемін, не киемін» деген сауалдардың жауабын көз алдыма келтіріп, момақан оқушыларды елестететінмін.

Сонымен алғашқы апта басталды.  6-сынып. Бейкүнә таңданыспен мөлдіреген балақайлар.  Ұяла қарап, үркек көзқараспен бақылаған бала сыншылар, сабақ соңында шешіле сөйлеп, не нәрсеге жол бермеуім керектігін өздері-ақ анықтап берді. «Бізге талай «практикант» келген. Бір-екеуін жылатып жібергенбіз». «Сол кездегі апайды «практикант» дегенше «квартирант» десеңші», «Апай, бес алуыңыз керек қой, иә. Сынып жетекші апайдың қағаздарын реттеп берсеңіз болғаны» дегенде, «ақырын жүріп, анық басудың» қандай маңызды екенін ұғындым.

 

Тәжірибе жинақтаушы студент қандай қателердің жолын бөгеу керек?

 

  1. Алдымен мұғалімнің киімі мен шаш үлгісі үйлесім табуы қажет. Шашты бір буа салу, макияжсыз қалыпта сабақ өткізу не тым қатты бояну, шалбар киіп бару оларға «нағыз ұстазды» сезіндірмейді.

 

  1. Танысу үшін шағын ойын ұйымдастырыңыз. Бұл сіздің ерекшелігіңіз ретінде есте қалмақ. Сабақ барысында жас ерекшеліктеріне байланысты тренингтер, ойындар, психологиялық тесттер өткізіп, өнегелі әңгіме айтыңыз. Олармен көңілді әрі жақын қарым-қатынас орнатудың бір жолы – осы.

 

  1. Оқушылармен әңгіме айтып, ішкі сырыңызды бөлісуден аулақ болыңыз. Дауыстап күлмеңіз. Айырмашылық 2-3 жас, тәжірибе жинақтау мерзімі аз уақыт болса да өзіңізді сыйлы тұлға ретінде қалыптастырыңыз.

 

  1. В контакте, Watsapp әлеуметтік желілерінде дос болудан қашпаңыз. Бұл «достық» олардың виртуалды әлемін бақылап отыруға мүмкіндік. Егер тәрбелеймін десеңіз олардың түнгі сағат нешеге дейін ояу отырғанын, неге қызығатынын қадағалай аласыз. Алайда әлеуметтік желідегі өз парақшаңыз мәдениеттілік пен тәрбиелілікке шақыратындай үлгілі болсын.

 

  1. Ең бастысы қашанда мейірімділік танытыңыз. Кіріп келген сәтте оқушылар шулап жатса айқайлап, партаны ұрмаңыз. Бұл олардың масаттанып, өрши түсуіне себеп болуы мүмкін. Жәй ғана үнсіздікпен өзіңізге қаратып, содан соң тынышталдырыңыз.

 

  1. «Практикант ағай, апайдың» мектепке барғысы келмейтін бір себебі – сынып жетекші мен пән мұғалімінің тапсырған жұмысы. Баға үшін оқытушылардың айтқанына құстай ұша бермеңіз. (Тіпті дүкенге, дәріханаға жұмсайтындар да кезігеді). Не тапсырса да алдымен «қолымнан келетін іс пе?»-деп ойланып алыңыз. Ең бастысы кез-келген шараны тәжірбе жинақтау күнделігіне қарай отырып, шын ниетпен, ерекше етіп ұйымдастырыңыз. Ақылды, білімді студентті ешкім де артық іске жұмсай алмайды.

 

  1. Мұғалімдік жұмысты ұнатпай тұрсаңыз да, балаларды шын жақсы көріп, жанашырлық танытыңыз. Жеке оқушымен әңгімелесіп, ата-анасы туралы сұрап, арманына қанат бітіріңіз. Бұл арадағы сенімсіздікті жояды. Ең бастысы кейін осы күндерді еске алғанда, өмірге деген құштарлығыңыз артады.

 

Дайындаған: Айдана ЖҰМАДИНОВА