Дін де емес, діл де емес насихат - Бен Гур

Дін де емес, діл де емес насихат - Бен Гур
жеке
блог

7 қыркүйек күні Esentai кинопаркінің IMAX залында Меломан холдингінің ұйымдастыруымен отандық режиссер Тимур Бекмамбетовтың көптен күткен «Бен Гур» атты фильмінің алғашқы көрсетілімі өтті.

Әйгілі Иуда Бен Гурдың хикаясын бейнелейтін бұл әлем бойынша алтыншы туынды. 1959 жылы шыққан нұсқаның шеберлігін бүкіл әлем мойындаған еді, тіпті, туынды 11 Оскар жүлдесіне де ие болған. Әуел баста Бекмамбетовтың Бен Гурдың ремейкін түсірмек ойы белгілі болғанда әлемнің түкпір-түкпірінен мінеу, сындар айтылып жатты. Бірі Тимурдың бұл іске шамасы жететініне күмән етсе, екіншісі бас кейіпкердің тарихын шолу оңай іс емес екенін айтып, алдын ала төмен баға беріп жатты. Үшіншілері бұл оқиғаның дінмен тікелей байланысы бар болғандықтан үлкен сын астына алып жатты. Не дегенмен, отандасымыз ешбір пікірге алаңдамай, 2015 жылдың ақпанында фильмнің түсіріліміне жетекшілігін бастады.

Фильм 2015 жылдың соңына қарай көрермен назарына ұсынылуы жоспарланған еді, алайда осындай биік дәрежелі туынды жаздың соңғы айында көрсетілгені жөн деген оймен шешім өзгерді.

Енді, міне, қазақ бауырымыздың жетекшілігімен түсірілген кинотуынды көрерменге жол тартты.

Фильмге спойлер жазып қайтейін, бар болғаны өз пікірімді барынша бүркемелеп білдірмек ойым. Ендеше, сценарий, актерлік құрам, спецэффект, сезімдер: бәрі жайында екі ауыз сөз.

Картина пеплум жанрында түсірілген. Біз мұндай жанр туындылары ретінде "300 спартандықтар", "Гладиатор", "Египет құдайлары" фильмдерін танимыз. Сценаристер - Кит Кларк пен Джон Ридли. Туынды Рим елінде және Италияның оңтүстігіндегі Матера қаласында түсірілді. Отандасымыздың айтуынша бұл жерлер ескі Иерусалимге ұқсас келеді.

Фильм сюжеті кітап мазмұнына барынша жақын болатынын Бекмамбетов өзі де айтқан болатын. Джудо (фильмде Иуда аты транслетирацияға ұшырап, Джудо болып дыбысталды) жаны мейірім мен сабырға толы, махаббатқа деген сенімі бар, болашаққа деген үміті бар жас ханзада. Дәл осы жерде қазақтың «Әпкеме жездем сай» деген терең мағыналы сөзі есіме түсті, себебі Джудоның бойы игі қасиеттерге толы, ойы түзу, мақсаты адал болғандықтан тағдыр оған өзіне ұқсас, пікіріне ортақ, ұлы жолға бағыттайтын жар кездестіреді.

Мына шалды көрген өз басым қуандым :) Батыс елінің ең ең ең мықты актерлерінің бірі Морган Фриманның осы туындының мүшесі болғаны фильм жайында көп хабар береді. Рас қой?

Бекмамбетовтың бұл ұсынған туындысында адамдар сезімі мен сезім жетегіндегі қарекеттерінің бейнесін өте (!) жақсы берген. Нақтырақ айтқанда, ашу-ызаның серпінімен кек алу мақсатында адам өлімінен де ауыр күнәға баруға болады. Фильмнің сюжеті бойындағы сәттер арасында режиссер картинаға құдды бір қатысы жоқ сияқты бөлімді бейнелейді: Иса пайғамбардың кейіпкері. Сюжетке алыстан келіп, көрерменнің құлағына сыбыс болатындай, әрі діни үгіт-насихатсыз пайғамбардың халқына көмегі тамаша суреттелген. Сабыр мен махаббатқа шақырып, жауыздықтан алшақ жүру қажеттігін еврей халқына жеткізуге тырысады. Исаның соңғы айтқан ақылы да алтынмен теңдес: "Қылыш көтерген қылыш аузынан өлім табады".

Бен Гурдың басына түскен ауыр күндерде мақсатына жету арманының арқасында 5 жыл ит құсап жұмыс істеп, ақылынан адаспағанына кез келген адам таң қалар.

Спецэффектілер сюжет соңына қарай көбейе түседі. Каскадерлердің еңбегі бұл арада зор. Музыкалық сүйемелдеу де жақсы таңдалған. Әрине, көзге іліккен бірер қателіктер бар, бірақ, онсыз бола ма? Әрі оларға назар аударғың да келмейді, себебі көрермен үшін Бен Гур де, жаңа Бен Гур де, Римдіктердің қарекеті де таңсық.

Актерлік құрамға келетін болсақ, басты рөлдерге таңдалған әртістер тамаша! Иуда кейіпкерін сомдаған Джек Хьюстонның ойынына сөзім жетпес. Жас актер болғанмен де, бар бойындағы талантты көрерменге паш етеді. Әрине, бұл істе жалғыз актердің емес, режиссер, редакторлар мен сценаристердің еңбегі зор. Айтпақшы, Бен Гурдың қарындасын сомдаған аруды түрік сериалдарының көрермендері әйгілі телехикаяның бас қаһарманына (иә, ол расымен қаһарман) ұқсататыны анық. Бас кейіпкердің өгей бауыры да өзіне берілген кейіпкердің мінезі, қарекеті мен жүрегін тулаған ұшан теңіз сезімін аса шеберлікпен жеткізеді.

Соңғы сөз, режиссерге қалсын. Айтпақшы, алғашқы көрсетілімнің неліктен Бекмамбетов театрында көрсетпеген екен? Қайткен күнде де, отандас режиссеріміз Тимур Бекмамбетов Голливудтың биік дәрежелі фильмдеріне теңдес туынды түсіруге бел буғаны үшін мың алғыс! Браво, сәттілік пен шабыт!

Фильмді бүгін, яғни 8 қыркүйектен бастап тамашалай аласыздар. Өз пікіріңізді қалдыруға ұмытпаңыздар : )

Меломан холдингіне көп рахмет!