Ақ тілектің белгісі — бата
жеке
блог

Ақ тілектің белгісі — бата

Қазақ халқының ұлттық мәдени игіліктерінің ішінде, елдің рухани қазынасында бата сөздің мән-мағынасы, қадір-қасиеті айрықша бағалы. Өйткені, қанымызға сіңісті, жанымызға жұғымды, ой-санамызға нұрлы шуақ сыйлап, сілкіндіріп серпілтетін, марқайтып қанаттандыратын осынау нақыл сөздер — тәрбиенің бастау бұлағы. Аталардың қасиетті өсиеті — замандар мен ғасырлар бойы жиналып, ақыл елегінен өткізіліп тексерілген өмір тәжірбиесінің, тарихи санасының даналық қорытындысы, адамгершіліктің ереже қағидасы болып табылады.

Халықтың тілек-бата сөздері жеткіншек жас ұрпақты әдепті, сабырлы, зерделі, арлы болып өсуге баулиды, малды-басты, дәулетті, бақытты, кекшіл емес кешірімді болуын тілейді, жерін, елін қорғауға талапты, батыр болып ержетуге талпынтады.

Халықтың ежелгі қонақжайлы салты бойынша, егер де құрметті мейман белгілі бір шаңыраққа ат басын тіресе, оған арналып қой немесе тай сойылып, қонақасы беріледі. Содан кейін үй иесінің сау-саламат болып, бәле-жаладан амандығын тілеп бата жасалады. Сәздердің назарларыңызға нағашы атам Қайролла Балтағариннің дастархан басында дәм қайырғанда айтатын батасын ұсынамын:

Күнін шуақты болсын

Өзенін суатты болсын.

Көлін құрақты болсын

Бақытын тұрақты болсын.

Тұрмысын жарқын жаз болсын,

Сүйсініп досың мәз болсын,

Қас дұшпанын аяққа басылып,

Уайым-қайғың аз болсын.

Ер балаң ез болмасын,

Кесапатқа кез болмасын.

Тапқаны мал болып,

Баққаны сылдыр сөз болмасын.

Келінін  келісті болсын,

Қызың өрісті болсын.

Дәулетің шалқи түсіп,

Еңбегің жемісті болсын.

Ағайын арасында ынтымақ

Дастарханыңа береке берсін.

Белгілі бір этникалық, эстетикалық, педагогикалық жүйемен құрылған бата-тілек сөздері — халықтың өзімен бірге жасасып келе жатқан ежелгі мұрасы. Бұлар — оның рухани  өмірінде тұтастық, бірлігін, салт-дәстүрін, адамгершілік қасиеттерін сақтауда ерекше қызмет атқарады. Сөз құрамында кейде діни ұғым-түсініктер кездессе, ол — заман таңбасы, сол дәуірдегі тәрбиенің пәрменділігін арттыру үшін қолданылған тәсіл.

Жарылқа Алла,

Көңілімізге қайғы салма.

Ынтымақ, бірлік бер.

Берекемізді алма.

Бақ дарыт,

Қыдыр қондыр.

Альхамду лилла

Альхам берекесін бер.

Жасаған Алла

Көпке бер мол рыздық

Біздің де дастарханымызды

Молшылыққа бөле.

Ал бүгінгі таңда туған тілек-бата сөздер қайта түлеген өскелең заманның рухына сай жаңаша жарасым, мәнге ие болған.

Көргенін рахат болсын,

Жүрген жерің рабат болсын.

Екі тойың қабат болсын,

Дастарханын берекелі болсын.

Әр күнін мерекелі болсын

Ғұмырың ұзақ болсын

Несібең таса берсін.

Дұшпанын қаша берсін.

Шырағың Астананың бәйтерегіндей болсын,

Босағаң ақсақ Темірдің дарбазасындай берік болсын.

Бетіңе түскен әжім қасірет табы емес,

Шаттық күлкінің ізі болсын.

Шынында да, шынайы шеберлікпен, терең толғаныспен тоқылған бата сөздер қоғамның адамгершілік моральдық жаратылысын, ұлттық дәстүрлерін аңғартады. Ұрпағына амандық, парасаттылық, ізеттілік, өжеттілік, мейірім, өнер-білім, құт-береке, ұзақ өмір, үлкен табыс тілеу — ежелден келе жатқан адамзаттың асыл мұраты.