Анарбек Тоқабаев: Ел намысын ер көтермегенде, кім көтермек?

Анарбек Тоқабаев: Ел намысын ер көтермегенде, кім көтермек?
жеке
блог

 Дүние жүзінде спорттың сан алуан түрі бар. Олардың бірін білсек, бірін біле бермейміз. Бүгін қысқы спорт түрі «Шорт-трекке» тоқталмақпын. Осы мақсатта шорт-тректен Қазақстан Универсиядасының чемпионы, спорт шебері Тоқабаев Анарбекпен сұхбаттасқан болатынмын.

-Қайырлы күн, Анарбек! Спортқа неше жасыңызда келдіңіз? Дәл осы спорт түрін таңдауға не түрткі болды?

-Жалпы спортқа бала кезімнен бастап қызығатынмын. 10 жасыма дейін коньки спортымен айналыстым. Кейін 13 жасыма қарай бапкерім: «Сенен жақсы шорт-трекер шығады»,- деп спорттың осы түріне шақырды. Осылайша, орда бұзар шағымнан бастап шорт-трек спортымен айналысып келемін.

-Шорт-трек Қазақстанда қаншалықты дамыған?

-Елімізде Шорт-тректің дәрежесі біртіндеп өсіп келеді. Даму үстінде. Олимпиада ойындарында командалық есеппен бесінші орынға тұрақтадық. Бұл -  қазақ шорт-трекерлері үшін жақсы көрсеткіш. Оған қоса, біздің спортшылар әлем чемпионаттарында да үздіктердің қатарынан бой көрсетіп жүр. Сондықтан Қазақстанда шорт-тректің болашағы бар деп еркін айта аламын.

-Сіз үшін шорт-трек басқа спорт түрлерінен несімен ерекшеленеді?

-Шорт-тректі «жұмбақ спорт» дер едім. Себебі, бұл спорт түрінде жалғыз жолақта сегіз адамға дейін конькимен жүгіреді. Кімнің қай жерде құлайтынын білмейсің. Оған қоса, қарсыласыңның осал тұсын табу да мүмкін емес.

-Өмірде қуып жете алмаған арманыңыз?

-Өмірде әлі орындалмаған бір-ақ арманым бар. Ол – әлемдік деңгейдегі сайыста елімнің намысын қорғау. Алда келе жатқан жарыстарда өзімді барынша көрсетіп, жоғары дәрежелерге жету арқылы әлемді мойындатқым келеді. Себебі, мен қазақтың баласымын. Ел намысын ер көтермегенде, кім көтермек?

-Қазақ шорт-трекерлерінен кімдерді үлгі тұтасыз?

-Қазақ шорт-трекерлерінен Абзал Абайұлы, Нұрберген Жұмағазивтерді мықты деп айта аламын. Ал, өзім спортта Бекжанов Айдарды үлгі тұтамын.

-Жаңадан шорт-трекпен айналысып жүрген жеткіншекетрге қандай кеңес берер едіңіз?

-Шорт-трекке жаңадан келген жеткіншектерге айтар кеңесім: мықты болыңдар! Шорт-тректе әлсіз адамдарға орын жоқ. Армандарыңнан қол үзбей, құлаған сайын шыныға түсіңдер дегім келеді.Жарыстан үзінді

-Жеңіске жеткендегі сезіміңізбен бөлісе аласыз ба?

-Алғашқы жеңіс ең тәтті болады. Есімде, шорт-трекке алғаш келген жылдары Алматы қаласы бойынша өткен сайыста бірінші орынға ие болғаным. Сол сәтен бастап кеудемде жеңіске деген ұмтылыс пайда болды. Алға жылжи бергім келді. Бірінші жеңіс талай жеңістерге жол ашты

-2017 жылғы Универсиядаға қазақ шорт-трекерлерінің дайындығы жөнінде не айта аласыз?

-Біздің құрама Универсиядаға жоғарғы дәрежеде дайындалып жатыр. Жаттығу жүргізуге де бар жағдай жасалған. Әрине, өз жерімізде елдің намысын қорғау өте ауыр. Десе де, біздің спортшылар мықты. Сондықтан, алдыңғы қатардан көрінеміз дей аламын.

-Көп рақмет!