Жүрекке хат

Кеудемнің тұңғиығынан орын алып, он екі мүшемнің сұлтанына айналған "жүрегім" қалың қалай? Өзіңмен жеке отырып сыр шертпегелі біраз уақыт өткен екен. Айыптамассың деп үміттенем?! Сыртқы өмірдің қарбалас сәттерінен қажып, қу тірліктің қамымен жүрген жайым бар. Дүние есігін ашқан сәттен бастап жанашырым, көп жағдайларда тура жолды дұрыс таңдауға себепкер болдың.

Иә, сенің маған өкпелеуіңнің жөні бар. Түсінем. Кейінгі уақытта сен айтқан ақылды тыңдап, сен көрсеткен жолды таңдамай жүргенім рас. Есіңде ме, бала күнімде аяғынан жарақат алған торғайды үйге алып, емдеуге тырысқаным?! Бүгінде ондай жағдайларға тап болсам байқамаған сыңайда өте шығатын болыппын. Құдды бір біреу құлағыма "сенсізде өмір болған, сенен кейін де өмір жалғаса береді" - деп сыбырлайтындай. Алғашында мән бермегенмен кейін сен берген жылулық, сен берген махаббаттың мұндай емес екенін түсіндім. Кеше саябақта жалғыз жылап отырған бөйжеткенді көрдім. Сен тұрған тұс сыздап қоя берді. Саған арнап хат жазып, сенімен оңаша сырласқым келгенінің себебі де осында.

Біздің заман қатыгез болып барады. Жүрегі бар адамдар санаулы-ақ. Басым көпшілігін дүние қамы, атақ-даңқ билеген. Адамгершілік құндылықтар жоғалған. Жасырмаймын, менде осы екі тораптың айналасын жағалап жүрмін. "Заманына қарай адамы" деген сөзді құрастырып алдық. Бірақ сол заманды өзіміз жасайтынымызды әсте естен шығарып алғанымыз өкінішті...

Есіңде ме ең алғашқы махаббатым? Балалықтың пәк сезімі. Сол кезде махаббаттың не екенін шын сезінбесем де, сен тұрған тұс сол жанды көргенде еріксіз қатты соғушы еді ғой. Бұл да сенің маған берген белгілеріңнін бірі екенін, кейін, ес біле барып түсінгенім өкінішті. Сол мезетте ұғынар болсам бұл күндері осынау "ұлы сезім" жайлы басқаша ойда болар ма едім?!

Бала күнімде анашымның көңілі жабырқау болған сәттерді ұмытпаған боларсың. Сол кездерде сен қанжылаушы едің ғой. Бірақ мен ол кісіге жылы сөздер айтып та, көңілін көтеруге де тырыспаған екем. Бүгінде мен басқа қалада, ол кісіні жылына бір-екі рет қана көремін. Әр көрген сайын он жасқа қартайып жатқандай көрінеді. Шіркін уақытты кері айналдыра алсақ қой. Мүмкін, басындағы ақ шаштары аз болар ма еді...

Сен әрдайым менің кеуде тұсымнан белгі бердің. Көріп отырғанымдай көп жағдайда сезбеппін. Түсінбеген екем...

Қазір саған осы хатты арнап отырмын. Құлаққапта Бетховеннің "Ай сонатасы" ойнап тұр. Бір қызығы мен сені толықтай сезініп отырмын. Құдды саған ақтарған сырларыма жауап қайтарғандайсың...М-м-м...Түсінген секілдімін. Әлі де кеш емес дейсің, сезіп отырмын. Рахмет саған "жүрегім". Келесі жолы сырласқанша пәк, таза күйіңнен арылмағайсың...



Бөлісу: