Жарқын түстер мына әлемді  билесін
жеке
блог

Жарқын түстер мына әлемді билесін

Адамның көңілі табиғат секілді, құбылмалы. Бірде – күлімдеген жаз болса, бірде – қабағын шытып, қаһарын төккен қыс бола салады. Соңғы кезде болып жатқан негативтерді бір сәтке ысырып, достарымның шақыртуымен "KATEV" қоры ұйымдастырған "Colours of the world" деген халықаралық фестивальге бардым. «Әлемнің түстеріне» алыс-жақынды 25 шет елден жас өнерпаздар келіп, өз өнерлерін көрсетіп кетті. 25 елден арнайы қонақтардың шақыртылуы бекер емес екен. Еліміздің тәуелсіздігііне 25 жыл толуына орай арнайы ұйымдастырылған екен. Мұндай шараға бірінші рет барғаныммен, осымен 8-рет ұйымдастырылып отырғанын білгенде «мен неге хабарсызбын» деп, таңғалдым, ұялдым.

Осы уақытқа дейін бұл шараны «KATEV» Халықаралық қоғамдық қоры республикалық қазақ тілі олимпиадасы ретінде ұйымдастырған. Олимпиада жеңімпаздарына ЖОО-лардан арнайы тегін оқу гранттары үлестіріледі. Сондай гранттың біріне Моңғолиядан келген Қатыренқыз Алтынай ие болды. Ол енді Сулейман Демирел университетінің студенті атанбақ. Сонымен қатар, бұл олимпиадаға оқыту тіліне қарамастан, мемлекеттік және мемлекеттік емес жалпы білім беретін мектептердің, лицейлердің, гимназиялардың арасында еліміздің барлық облыстарынан келген қазақ тілі мен әдебиеті бойынша 7-11 сынып оқушылары 5 бағыт бойынша («Тілші-әдебиетшілер», «Жас ғалымдар», «Жазушылар», «Сөз шеберлері», «Әнші-бұлбұлдар») білімін сарапқа салды.

Фестивальге келген жас өнерпаздар өз ана тілдерімен қатар, қазақша да әндер орындап, бәрімізді таңғалдырды. Әсіресе, Уганадан келген жас жігіттің Ибрагим Ескендірмен орындаған триосы мен Сенегалдан келген қара домалақ қыздың «Үш қоңырды» қазақша айтуы маған ерекше әсер етті. Бұл қанша жылдан бері Қазақстанда тұрып, бір қазақша сөз білмейтін қазақтарға үлгі болды десем, артық айтпағаным.

«Бұл дүниеде сүю үшін, достық үшін өмір сүрші» деген өлең жолдары әлі құлағымда тұр. Жас жеткіншектердің шынайы болмысы, олардың кіршіксіз көңілдері мен жарқын түстерді үйлестіре білген фестивальден алған әсерім ерекше. Мұндайды тек көзбен ғана көру керек ;)
Пост соңында сіздерге де айтарым: «Бұл дүниеде сүю үшін, достық үшін өмір сүрші»