Мен тамашалаған Тараз: 2000 жылдық тарих

Мен тамашалаған Тараз: 2000 жылдық тарих
жеке
блог

Тараз десе - тарих, тарих десе - Тараз қаласы еске түседі. Екі мың жылдық тарихы бар киелі Әулиеата мекені дегенде Айша бибі, Қарахан, Бабаджа Қатын кесенелері ойға оралады. Соларды бір көрсем, баба рухына тағзым етсем деп жүрген едім. Бұл миссияны мен ғана емес, құрылтайға келген блогерлер де орындады.

Құрылтайдың үшінші күні жоспар бойынша қаланың маңызды нысандарымен танысуға тиіс едік. Алдымен "Көне Тараз" тарихи-мәдени орталығына жол тарттық, бұрынғы орталық базар орнында мүлдем басқа нысандар бой көтерген. Айта кетерлігі 2011 жылдан бері кешеннің құрылыс жұмыстарына еліміздің 14 облысы да бір кісідей атсалысқан екен. Бұл орталық  «Көне Тараз» мұражайы, "Домбыра" стелласы, «Достық үйі», шолу мұнарасы мен «Мыңбұлақ» скверінен тұрады. Нысанның жалпы аумағы 9,4 гектар.

Көне Тараз

Бұл шолу мұнарасы Астана қаласының Таразға деген тартуы. "Қарауыл мұнарасы" деп те атауға болады. Биіктігі 36 метр, 8 қабатты және 21 терезеден тұрады. Тараздықтар "Біздің де  Бәйтерегіміз бар" деп мақтанған еді, шынымен архитектуралық жобадан ұқсастықтар байқадым. Жоғарғы қабаттарға Бәйтеректегідей 3 басқышы бар лифтімен көтеріледі. Мұнда да қол қойып, ішіңнен арман-тілегіңді айтуға болады. Мұнараның ұшар басына көтеріліп, айналаңызға көз тастасаңыз көне мен бүгін астасқан Тараз қаласын көруге болады. Сосын төменге қараңыз.  Ал төменде... 

Көне Тараз

Ал төменге қарасаңыз ерекше нысан - "Мыңбұлақ" скверін көре аласыз. Батыс Қазақстан облысының Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап әзірлеген сыйында ерекше мән жатыр. Атауының өзі Батыс түркі қағанатының жазғы астанасы орналасқан Мыңбұлақ жайлауынан алған екен. Бұл сәулет жобасының авторлары VІІ ғасырдағы қытай тарихшысы Сюань Цзань еңбегін негізге ала отырып, тарихшы суреттеген қағандық мекен еткен жазық даланың сұлулығын, таудан сылдырап аққан бұлақ пен жасыл желекке оранған көк кілем, сол замандағы тарихи нысандарды қиялдай келе осындай тамаша дүние жасап шығарған екен. Демалыс аумағында өзіндік тылсым сыр бар, геометриялық формалар архитектуралық қиялды жандандыра түседі. Келесі барғанда субұрқақтар қосылып, таудан аққан мың бұлақтың сыбдырын естимін деп ойлаймын.

"Мыңбұлақ" сквері

Биіктен тамашалап болған соң түскіміз келмей жерге түстік. Алда әлі археологиялық парк пен музей бар. Жол-жөнекей келе жатып "Туған жерім менің,  Қазақстаным" деп барлық қаланы біріктірген Қазақстан картасы бейнеленген шарға ұшырастық. Композиция кешеннің салынуына мұрындық болған, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған күллі облысқа арналғандай көрінді маған. Әркім өзі туған мекенді нұсқап суртеке түсіп жатты, әсіресе студенттер. Бұл да бір тарихи сәт қой.

Көне Тараз

Сонан соң нағыз археологиялық қазба орнын тамашаладық. Ашық аспан астындағы тарихи-мәдени орталықтың ең ежелгі жәдігерлері осы қазба орнынан табылған көрінеді. Ұзақ қарап көне қаламен тілдескендей болады екенсің. Әлі мұндай жер астына көмулі ашылмаған тарихи орындар қаншама...

Көне Тараз

Археологиялық жұмыстарға қаншама күш, қаншама еңбек кеткені анық. Археологиялық жұмыстар кезінде ортағасырлық қалалардың ешбірінде табылмаған көлемді алтын, күміс, қола бұйымдары бар құнды қазыналар қазып алынған екен. Бұрындары археологтардың атқарып жатқан жұмыстарына аса назар аудармайтынмын, мұндай қазба орнын көріп ерекше құрметпен қарайтын болдым. 

Көне Тараз

Ежелгі тұрғынжайларды көрдік, енді қазба жұмыстары кезінде табылған экспонаттар мен жәдігерлерді көру үшін "Ежелгі Тараз" музейіне кірдік.  Музей екі қабаттан тұрады. Экспонаттар мен тарихи жәдігерлердің көп бөлігі екінші қабатқа қойылған. 

Көне Тараз

Музейде құнды тарихи заттар қатарында теңгелер, қыш бұйымдар, қыш құмыралар және басқа да заттар бар.

Көне Тараз

Сонымен бірге бұл музейден 2000 жылдық Тараз қаласының тарихын көрсететін  ежелгі, ортағасырлық, Әулиеата, Кеңес Одағы және Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне жататын  жәдігерлерді көруге болады.

Көне Тараз

Төмендегі суреттегі макеттерді танып тұрған боларсыз. Айша бибі, Қарахан, Бабаджа Қатын кесенелері екенін  аңғардыңыз ба? Иә, биылғы блогқұрылтайға қатысу арқылы кітаптан, сонан соң музейден көрген мәдени мұраларды көзбен көру бақыты бұйырды. "Көне Тараз" тарихи-мәдени орталығын аралап біте салысымен үш кесенені көрмекке жолға шықтық.

Көне Тараз

Кесенелер мен ойлағандай қаладан алыс орналаспаған екен. Бірінші киелі Тектұрмас кесенесіне тоқтадық. Жақын бару үшін биікке шығуыңызға тура келеді. Алдымен сүйір аркалы кіреберіске, сонан соң Тектұрмас күмбезді мазарына жақындайсыз. Көне мен жаңаны бөліп тұрған бұл төбе қаншама дәуірдің куәсі десеңші...

Тектұрмас

Кесене қабырғасында: "Тәуелсіз халқымыздың тағдырын, азат еліміздің болашағын және осы үшін жаным пида деп жүрген Елбасын, аяулы азаматтарды, сіздерді, Ұлы Азиз баба "Тектұрмас-Әулиенің" рухы қолдасын!", - деген сөздерден соң 2002 жылы Амангелді Момыштың кесенені тұрғызғаны жазылған. Сонда кесененің қайта қалпына келтірілгенін, жаңғыртылғанын байқайсыз. Мұның себебі 1935 жылдары большевиктердің дінге қарсы күрес науқаны кезінде кесене қиратылыпты. Негізі ғалымдар ХІV ғасырда салынған сәулет өнері деп санайды.

Тектұрмас

Тектұрмас әулие кесенесі тараздықтардың Көктөбесіне айналып кеткен. Жас жұбайлар ең бірінші осы киелі орынға соқпай кетпейді. Адамдар бұл мазарды қасиет тұтады, шырақ жағып, құран бағыштайды.

Тектұрмас

Жоғарыдан ағып жатқан Талас өзені мен Тараз қаласын көруге болады. Кесене жанына қолдан ағаштар егілген, арнайы мал сойып, құрбандық шалатын орын да бар. Әулие басына түнейтіндерге арнап киіз үй дайындалған.

Тектұрмас

Сонан соң блогерлер мінген автобус қайтадан қалаға кірді. Сөйтсем Қарахан кесенесі қала орталығында орналасқан екен. Бұл сәулет өнері  ХІ-ХІІ ғасырларда Қараханидтер мемлекетін билеген Ша-Махмұд Бұғра Қарахан (Сатұқ Бұғра Қарахан) қабірінің басына орнатылған кесене. 

Қарахан кесенесі

Сол заманда Қарахан есімі ел ішінде беделді, әулие кісі ретінде танылған. Содан ел арасында мазар «Әулие ата күмбезі» аталып кеткен.  Одан бөлек, 1836 жылдан 1936 жылға дейін қазіргі Тараз қаласы әулиенің құрметіне Әулиеата атанған. Кесене 2002 жылы қайта жөндеуден өтті. Бізге беймәлім болған ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың болашақ ұрпаққа аманат хаты осы жерде сақтаулы тұр. Елбасы бұл хатты 2100 жылы ашуға рұқсат еткен екен.  

Қарахан кесенесі

Қарахан кесенесінің құрылысы Айша бибі мен Бабджа қатын кесенесімен тікелей байланысты. Бұл кесенелер де ХІ-XII ғасырлардағы сәулет өнерінің үлгілеріне жатады. Сұлулығымен мені тәнті еткен Айша бибі кесенесі бұл жерден 18 км қашықтықта Айша бибі ауылында орналасқан. Бұл кесенені Айша сұлудың мәңгілік ғашығы Қарахан салдырған, ал сәулетшісі кім екендігі белгісіз. Қарахан мен Айша бибінің махаббатын баяндайтын аңыздардың 28 нұсқасы сақталған.

Айша бибі

Ескерткіштегі кірпіштер әр түрлі, плита түрінде қапталған ою-өрнекке толы терракотамен безендірілген. Төмендегі суретке қарап Айша бибі кесенесінің бұрынғы кірпіші мен қалпына келтірілгендегі түрінің айырмасын байқауға болады. Мавзолейді қайта қалпына келтіру жұмыстары 2001-2004 жылдары жүргізілген. Қандай ғажап архитектуралық ескерткіш, қайта қалпына келтірілген десек те әрбір бедері ерекше, геометриялық зооморфты ою-өрнектеріне қарасаң көз тоймайды.

Айша бибі

Айша бибі кесенесінен таяқ тастам жерде Бабаджа қатын кесенесі орналасқан. Тарихы да бір-бірімен байланысты, бір аңызда Айша бибінің күтушісі осы мазарда жерленген деседі. Архитектурасы қарапайым, күйдірілген кірпіштен салынған.  Кесененің күмбезінен басқасы бізге жақсы сақталып жеткен.

Бабаджа қатын кесенесі

P.S Осылайша сапарымыздың соңын осы екі кесенемен аяқтадық. Астанаға жеткен соң Тараздың тарихи тамашаларын көргенім рас па, өтірік пе деп ойлап жүрдім. Бүгін бұл жазбаны жазу барысында қайта барып келгендей күй кештім. Негізінде осыншама тарихты өз қойнауына сыйдырып, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келе жатқан қасиетті мекен Қазақстанның нағыз туристік орталығы болуға сұранып тұр екен. Мен көрген тарихи орындар осы болса, мұнан бөлек қаншамасы бар. Сонымен бірге былтыр пайдалануға берілген, ел болып жұмыла көтерген "Көне Тараз" тарихи-мәдени орталығы бар. Жамбыл облысы, оның ішінде Тараз қаласы ғасырлап жеткен тарихи туындыларын дамытып, келешекте әлемге танылар туристік брендке айналуға толық мүмкіндігі бар.