Әнші болам десең...
жеке
блог

Әнші болам десең...

Қазақ халқы тумысынан өнерге жақын екенін бәріміз білеміз. Қазақтың тарихы, өнері, мәдениеті өте бай. Ата-бабаларымыздан бізге мирас болып жеткен бұл құндылықты ерекше "күтіп", келер ұрпаққа дұрыс жеткізу - міндетіміз. 
Осы міндетті қалай атқарып келеміз? Міне - СҰРАҚ!
Жалпы қазақ өнерінің шыңында тұрған дүлдүлдеріміздің туындыларын елге таратып жүрген жандар жайлы сөз қозғағым келіп отыр...

Осыдан бірнеше жыл бұрын "Жігіттер" тобы Ақан серінің "Балхадиша" әніне бейнебаян түсірген болатын. Шыны керек, ол бейнебаян мені сәл жылатты, көңілімді босатты... Қызығушылығым артып, "Ақан мен Балхадишаның махаббаты қандай болды екен" деген оймен Сәкен Жүнісовтің "Ақан сері" романын оқыдым. Қызық... бірақ Ақан сері мен Балхадишаның арасындағы ыстық сезімді көзім шалмады... Одан әрі Ақан сері шығармашылығымен таныстым.... Онда да жоқ... 

"Екі жұлдыз" бағдарламасында осы "Балхадишаны" орындаған әншілеріміз Рамазан Стамғазиевтен ұрыс естіген болатын. Себебі бейнебаянды көрумен ғана шектеліп, сері мен Хадиша арасындағы махаббатты жеткізу мақсатында ортаға той көйлегін киген қыз шығып, жылап билеген болатын. Міне, тіпті өнер адамдарының өзі олқылыққа жол беріп отыр, халықтан не күтеміз?! 
Елге ақынның, серінің өмірін қате жеткізу дұрыс па?! Бұл тарихты бұрмалаудың бір көрінісі емес пе?! Ол - бір.
Ал енді екінші мәселеге көшейік.
Шәкәрім Құдайберді ұлының есімін естімеген қазақ жоқ шығар! Әдебиеттен алыс адам болғанның өзінде мектеп бағдарламасында бар, демек, бәрі таниды... Бірақ, бірақ, шығармашылығымен де жақын таныс болу керек емес пе?! 
Шәкәрім Құдайбердіұлының бәрімізге белгілі "Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек" деген туындысы бар. Бұл туындысымен өлең-сөзге ерекше назар аударатынын, ән мен өлең сөзінің бір-біріне үйлесіп, ұйқасып тұруы керек екендігін білдірген болатын. 
"Ән- өлшеуіш, өлең - күміс,
Қоспаңыз мыс аралас.
Артық алу, не кем салу,
Қәрпі қалу жарамас" - деген тұсқа ерекше назар аудартқым келіп отыр. Бұл тұстағы "қәрпі" сөзі "әріп" деген мағынаны білдіретінін білеміз, бірақ эстрада әншілері неге екенін білмеймін, әйтеуір "Қапы қалу" деп орындайды... 
Бұл - ақын атамыздың рухына етілген үлкен құрметсіздік! "Қарпі қалу жарамас" деп ескертіп тұрса да, "р" әрпін тастап кеткенді қалай түсінуге болады?!
Елге әдебиетті насихаттаймыз десеңіздер, өз тараптарыңыздар өзгертулер енгізбеңіздерші, "өнер жұлдыздары"! Алдыңғы толқын өкілдерінің аманатына қиянат жасамайықшы!

Әнші болам десең, әннің тарихын біл!