Ғаламтор жұлдызына айналған...

Армысыздар, қырағы көз оқырмандар! Менің сіздермен бөліскім келетіні "жломанэ си манэ таманэ глэт" деп өзінің түсініксіз тілдерімен ғаламтор желісін әп-сәтте жаулап алған МС Сайлаубек жайында болмақ. Мүмкін бұл тақырыптан біразымыз жалыққан болармыз. Мүмкін біреудің өмірін талқыға салуымыз дұрыс емес шығар. Алайда бізді бір ғана нәрсе құртады, ол "бірақ". Сайлаубек жөнінде біздің ұлттық арналарымыздан бастап қаншама телеарна сөз қозғаған болатын.
Араларыңызда Сайлаубектің жақтаушылары да, даттаушылары бар. Біріңіз мүмкін "көре алмаушылық" депте айтарсыздар. Себебі, әп- сәтте ғаламтордың жұлдызына айналып, тіпті аты шулы Тиматидің өзі Сайлаубектің рэпін айтқаны баршаңызға мәлім. Бірақ, хакім Абай атамыз "әннің де естісі бар, есері бар",-деп бекер айтпаған. Сайлаубек бір сұхбатында "шайтанның суын" аузына енді алмайтындығы жөнінде айтқан болатын. Бұл әрине қуантарлық жағдай. Сол арақтың зардабынан қоғамымызда қаншама жайттар орын алып жатыр. Ал, арамызға сол арақпен қоштасып бір адам келсе де қуанышты емес пе?! Міне, осы жағынан қуанамын.
Жаңағы сұхбатына қайта оралсақ, "бұл әндерің қай тілде, қай тілде айтасың?" десе, Сайлаубек мырза "менің өз тілімде"- дейді. Иә, Аллаға шүкір, бүгінде тәуелсіз, егеменді елміз. Қазақ тіліміз өркендеп,дамып келе жатыр. Бірақ қазақ тілінде "жломанэ, таманэ глэт" деген сөздердің мағынасын таба алмай басым қатқаны анық. Кешіріңіздер, сөйтсем ол Сайлаубек мырзаның өз тілі екен. Әр адамда өзіндік жеке ой, пікір болады дегенді білетін едім. Бірақ әр адамның өз жеке тілі болатынын білмеппін. Жә, бұл да бір өнер шығар. Сайлаубек қазірде сұранысқа ие әнші. Түрлі тойларда, тіпті сахналарда ән шырқап жүр. Алайда қаншама жыл сахнада жүрген Бибігүл апамыз, Ескендір, Нұрғали ағаларымыздың жанында әнші деуге келеді ме? Немесе рэпер деп алып қараңыз.
Қазақтың жағдайымен күресіп, дәл қазіргі уақыттағы ащы шындықты айтып, бүгінгінің қаһарманына айналған Жан Ахмадиевпен салыстырып көріңізші. Сіз үшін таразының басында кім тұр? Ол енді өз еншіңізде. Бірақ бізде сахна мәдениеті деген бар емес пе?! Көрінген адам келіп, сахнаға шығып, мен әншімін дей берсе, сахнаның киелілігі қайда қалды? Сахна мәдениетін қоя тұралық делік, қазіргі кішкентай балалардан бастап еліктеуге құмармыз. Егер сіздің балаңыз,ініңіз, қарындасыңыз "амонэ бэжэ" деп сізге келіп сайрап тұрса не деп жауап бересіз? Сайлаубектің тілінде немесе сол секілді әрқайсысымыз өз тілімізді құрастырып сөйлесек өз тілімізді тұншықтырып өлтіргенмен бірдей ғой. Ал,сіз өз балаңыздың болашағын ойладыңызба?


Бөлісу: