жеке
блог

Бұрымды қыз...

"Қыздың көркі-шаш, шаштың көркі-шаштеңге" демекші, дана халқымыз шашты сұлулық пен мәдениеттілік белгісі ғана емес, әйелдер қауымына берілген Алланың айрықша сыйы деп ерекше қарап, құрметтеген. «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген», –  деп жырға қосқан. Одан қалса, данагөй ата-бабаларымыз «шаштың киессі бар» деп қыз-келіншектерді жалаңбас жүргізбеген және шашының бір талын да кез келген жерге тастамаған. Ал  бүгінгі күні  қыздың көркі – шаш деген сөзді басқа ұғымдармен алмастырып алғандаймыз. Шашы емес, тырнағы ұзын, астында машинасы,  қолында қос телефоны бар қыздарымыз сәнде. Алайда бұл қазір шашы ұзын кыздар жоқ деген сөз емес. Әрине, бар. Бірақ ұзын шашын жайып, автобуста қысылып тұрғанда кейбірінің аузына, көзіне кіріп кететін шаштарға не айтамыз?!

Бір апта өтпей осы оқиғаға өзім де куәгер болдым. Жұмыстан сағат 6 шамасында шығып, автобусымды күтуге аялдамаға барсам, көпшіліктің көзін өзіне қаратып ұзын  шашын жайып алған бір қыз автобус күтіп тұр екен.  Ішіне лық толған адамдарымен келе жатқан автобусымыз бір болып шықты. Автобус тоқтай салысымен  екеуміз де сығылыса ішіне сыйып кеттік. Жаңа ғана түзу таралған қыздың шашы, автобуста  жұлмаланып, қысылысып ары-бері өткен адамдардың киіміне жабысып қыздың біраз мазасын алды. Тіпті артында тұрған бір қыздың бетіне тиіп сөз де естіп алды. Сол көріністі қарап тұрып ана қызға «шашыңды жинап алшы» деп айтқысы келіп тұрған мен ғана емеспін бе деп қалдым. ҚазҰУ аялдамасынан түсіп қалған сол қыздың шашына бәрінің көзі түскенін қайтейін, автобус ішінде сондай ыңғайсыз жағдайға қалған сол қызға іштей жаным ашып тұрды. Бұл бір ғана емес, жылдың қай мезгілі болмасын көріп жүрген дүниеміз болып қалды. Айтайын дегенім, жалпы қазір ұзын шашын өріп немесе жинап жүрген қыздарды емес бар шашын әдемілеп жайып алған қыздарды көп көретін болдық. Сонда бұл біздің бұрынғылар айтып кеткен бұрымды қыздарымыз ба? Әлде...

Бұрым деп әйел адамдардың өрілген ұзын шашын айтады. Бұрым – сұлулықтың сәні деген ата-бабаларымыз қыздарының жас кезінен-ақ бұрымын айрықша күтімге алып, ұзын етіп өсіруге түрлі шөп тұнбаларын, халық рецептерін пайдаланған. Бұрымды жалғыз өрім, қос өрім  деп бөліп, шаштың қалың болуы  мен жұқа болуына қарай үлкен бұрым, кіші бұрым деп бөлген. Қыз баланың бұрымын жас кезінде өруге шешесі, жеңгесі, әпкесі, әжесі, құрбылары көмектескен. Соған сәйкес қазақта Қосбұрым деген де қыздың есімі бар. Бұрым – қыз-келіншектердің бақыты мен абыройы деп санаған халқымыз көп бұрымның қасиеті де көп болады деген. Африка мен Өзбекстанда да қыз баланың шашын көп бұрым етіп өреді. Қазір бірқатар бойжеткендер африкалық стильде бұрым өруге құштар. Бұл олардың Шығыс халқының көп бұрымды қалай өретінін білмегендігінен шығар. Адам шашының құпия қасиеттерін зерттеуші ғалымдар «көп бұрымды шаш сол баланың отбасындағы тұрмыс-тіршілікке оң ықпалын тигізіп, жақсартады» деп ғылыми тұрғыда нақты деректермен дәлелдейді.  Жалпы айтқанда қазіргі кезде  жуан бұрымды жеңді білектей, қос бұрымды тау басынан құлаған бұлақтай деп дәріптеген қазағымыздың ежелгі салтын ұмыт қалдырып жатқандаймыз немесе оны мүлде басқа қырынан танып білгендейміз.

Бұрымды қояйықшы, қазақ халқының ежелгі қылмыс туралы заңында шаштың өзіне байланысты арнайы баптар болған. Бұзық ойлылар, есерлер әйелдің шашын кесетін болса, ол әйелдің бір дене мүшесін кескен болып есептелген және соған сәйкес әлгі адам қатаң жазаға тартылып, үлкен айып төлеген. Ал енді әйелдер қылмыс жасаса, оларға қолданған жазаның ауыр бір түрі – шашын кесу болған. Ол кезде шаш кесу әйелдер үшін өлім жазасына тең жаза ретінде қаралған. Қарап тұрсаңыз, мұның бәрі халқымыздың әйелдердің шашын баяғы кезден-ақ өте қатты бағалағанын, қасиетін терең түсінгендігін көрсетеді. Бұл күнде мұны біріміз білсек, біріміз тіпті де білмейміз. Бәрін айт та бірін айт мен мұны не үшін айтып отырмын, шашты жай сән үшін өсіріп жүрген қыздарымыз бұрым дегеннің не екенінен бұрын, ең бірінші шаштың қасиетінен хабары болса екен деймін.  Қыздың көркі – шаш болғандықтан, табиғат берген көркімізден айырылмай, айнымай жүрейік! 

Бөлісу:
Пікір қалдыру үшін сайтқа кіріңіз
Өзгерту



Жұлдызды блогтар

Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Жайлауға атпен бардық // Екіаша, Көкбұлақ, Шет Меркі, Орта Меркі
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Шет Меркі өзені, Тоғызбұлақ ауылының тамаша табиғаты
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі
Ораза айының өңірлер бойынша кестесі