Балаңыз немен ойнап жүр?

  Қазіргі таңда қай дүкенге, қай базарға бас сұқсаңыз да балаларға арналған жылтырақ ойыншықтар көздің жауын алады. Мұндай ойыншықтарды көргенде, бала түгелі ересектер де қызыға  қарап, өзінің есейіп кеткеніне өкініп қала ма дерсің.

   Алайда, ішінен ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін  нақыштағы ойыншықтарды табу қиынның-қиыны. Тек, кәдесыйға арналып жасалған киіз үй, ұлттық киімдегі қуыршақтар мен түйе, ат сынды мүсіндерді кездестіруіміз мүмкін. Оның өзі шрек, өрмекші-адам, трансформерлер мен барби сынды ойыншықтар арасынан көрінбей тұрғандай. Осы ойыншықтардың дені-Қытайдан келген сапасыз дүниелер. Олардың не қауіпсіздік  сертификаты, не басқалай құжаттары да жоқ. Мамандар да тексеру кезінде Қытайдан әкелінген тауарлар құрамынан зиянды заттар анықтаған. Ондағы өткр иіс, шамадан тыс хлорсутек пен формальдегид бала денсаулығына  үлкен қауіп төндіреді. Яғни, бүйрек, бауыр, ішек, нерв жүйелерінің клеткаларын зақымдайды. Нәтижесінде, жүректің айнып, лоқсуы, жұтынғанда өңештің ауруы, тыныс алу қабілетінің төмендеуі сынды  ауруларға шалдығады. Ал қауіп-қатердің алдын  алу үшін ойыншықтардың сапасына аса  мән беру қажет. Егер сапалы  ойыншықтар  іздесеңіз, дүкендерге  барғаныңыз  абзал. Алайда, ол жақта да Қытайдан  келген тауар. Тек сапалырақ, әрі қымбат. Қазіргі нарық заманында көптеген отбасылардың әлеуметтік жағдайының төмендігін ескерсек, дүкендердегі  ойыншықтарды алуға қалталары көтере бермегендіктен, амал жоқ қара базардың сын көтермейтін ойыншықтарын сатып алуға мәжбүр. Дегенмен, бұл ойыншықтар бүлдіршіндердің денсаулығын ғана құртып қоймай, сана-сезімдерінің өсуіне де әсер етеді. Бүгінде шетелдік мультфильмдер мен  фильмдердің кейіпкерлері бейнесіндегі қуыршақтар саны өте көп. Олардың бәрі өсіп  келе жатқан сәбилердің  саналарын улайды. Мұндай ойыншықтардың орнына  өзіміздің аңыз- әңгімелер мен ертегілердегі кейіпкерлерді, ержүрек батырларды, көркіне ақылы сай аруларымызды бейнелейтін  отандық ойыншықтар көбейсе нұр үстіне нұр болар еді. Осы орайда, продюссер, әнші Қыдырәлі Болмановтың еңбегі өте зор. Бүгінде, "Балбала" ойыншықтар компаниясы 80 мың қуыршықтарды сатылымға шығарған. Бұл қуыршақтар ана тілімізде ән салып, би билеп, бүлдіршіндерді күннен-күнге қуантуда. Бір өкініштісі, мұндай ойыншықтарды алуда  кез-келген  ата-ана   қаражаты жете бермейді.

  Жалпы, сапасыз ойыншықтар бүгінгі күннің  өзекті проблемаларының бірі. Тіпті, 2008 жылдың 1 қаңтарында "ҚР ойыншықтардың қауіпсіздігі жайлы" заңы күшіне енгізілгенімен халыққа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Сондықтан, кез-келген ата-ана осындай өзекті мәселе туралы ойланғандары жөн. Себебі, бала болашағына немқұрайлы қарау-өз тамырыңа балта шапқанмен тең. Сонымен, үйдегі еркетотайларыңызға бір сәттік  қуаныш сыйлаймын деп,  айықпас дертке  шалдықтырудан сақтаныңыздар!



Бөлісу: