Студенттер - бақыттылар!

ҚарМУ-дың филология факультетінде "Студенттер күні" биыл ерекше атап өтілді. Әуелеткен әнші де, таң қалдырған биші де, нағыз өнерпаз жастар да осы факультетке жиналғандай. 

17-қараша студенттер күні екенін бұрын-соңды біріміз білсек, біріміз білмейтінбіз. Жоғарғы оқу орнына оқуға түсіп, студент атанған алғашқы жылымызда үйімізді сағынып, жаңа ортаға үйренісе алмай жүргенде 1-2 жақынымыз хабарласып, мерекемен құттықтаған болатын. Шыны керек, ол кезде студент екендігімізді әлі сезіне де қоймағанбыз. 

Биыл 2-курсқа өттік. Қыркүйекте келгеннен бастап, 1-курстарға төбесінен қарап, өзімізше ақыл айтып жүрдік. "Балмұздақ" деген аттан арылдық. "Студент" деген сөздің астындағы қаншама ұғымды енді түсінгендейміз. Студент - қанағатпен қарын тойдырып, "ертең рубежка" дегенде түнімен шпор жасап, қалтасы қалың болмаса да апта сайын, күн сайын тойын тойлап жүретін ғажап халық! Сонда да шаршадым, біттім демейді, екі езуі құлағында жүреді! Жалпы, біз нағыз бақыттылармыз!

 Корпусымыздың сәнін келтіріп, не жағдай болса да көмектерін аймай жүрген 4-курс студенттері үшін биылғы мереке соңғысы. Жан-жағына таңарқай қарап, кім жылы сөйлесе жақсыға балап жүрген 1-курс студенттері үшін биылғы мереке ең алғашқысы. Тобымызбен ақылдаса келе, биылғы төл мерекемізді барынша көңілді өткізейік деп шештік. Өзімізше, тосын сый жасаймыз деп, ешкімге тіс жармай, сабақтың арасында әр жерге бір жиналып, 3-4 күн дайындалдық. 

17-қараша да жетті. Дайындық нашар, сіркеміз су көтермей, бір-бірімізбен ренжісіп жүрміз... Концерттік бағдарламамызды ұсынатын уақыт жеткенде кейбіріміз жаттаған өлеңдерімізді де ұмытып қалдық. Ешкімге байқатпай, келесіміз сөзді жалғастырып, біраз әуреге түстік. Нағыз қызық мұғалімдер қауымын ортаға шақырғанда басталды. Студенттермен қосыла ойын ойнап, би билеген ұстаздарымыздың жарқын жүздеріндегі күлкі бізге онан сайын керемет көңіл-күй бағыштады. Үлкен демей, кіші демей бәрі сыйласып, бір-біріне қолдау көрсетіп отырды.

Сонда, еріксіз, іштей "Міне! Міне, студенттік шақтың лебі!"-деп, өз-өзіме қайталай бердім. Сезіндім! Күнде көріп жүрген адамдардың бәрі мен үшін бүгін өзгеше ыстық көрінді. Ортамыздағы 4-курс студенттерінің көңілдері босап, көздерінен жас парлап отыр. Жүректерін қимастық сезімі мазалаған болу керек. 

Концерттік бағдарламамыз, мәресіне жеткен соң күллі жиналған студенттер қауымы тобымызға өз алғыстарын жаудырып жатты... Біз ерекше қуаныштымыз. Себебі, топ болып, бірігіп мұндай іс-шараны алғаш рет ұйымдастырған едік. Бәрі де ойдағыдай өткеніне мәзбіз!


 



Бөлісу: