Ұмытылмайсыз, ұстазым!

Ұмытылмайсыз, ұстазым!
жеке
блог

Тағы бір оқу жылы, тағы күз. Қарт Алатауға еркелей жатқан әсем Алматының қоңыр күзі. Абай атындағы қара шаңырақ.

Жаны жайсаң жомарт жанмен таныс еткен осы мезгіл, осы мекен еді. Алыс еткен де дәл сол мезгіл, сол мекен...

«Егер тірі болса...» деп айтудың өзі күпірлік болары сөзсіз. Хақ Тағала өлшеп 45 жыл өмір берген екен, талассыз 45 жыл сүрген саналы ғұмыры десем қателеспеймін. Одан кейінгі өткен 3 жыл ағайымызды қимастықпен, сағынышпен, Алладан әркез жанының жәннатта болуын тілеуімізбен өткен уақыт деп білемін.

ОСПАНОВ ТӘҢІРБЕРГЕН АЛДАНЫШҰЛЫ! Менің үшін санамда сақталған ұлы ұстазым! Алғаш студент атанып, әркімге бір жалтақтап жүрген «жабайы» біздерге тас қаланың «тасбауыр» адамдарының ішінен жарқ етіп сәулесін төге жолыққаныңызды қалай ғана ұмытамыз? Кейіндеп ең жақынымызға айналарыңызды да білмедік  ғой. Енді есімізде ерекше сақталған естеліктер ғана...

Ағай бір жолы сабаққа кіре сала есімізді жиып үлгерместен фонетикалық талдау үшін бірден мені шақырды тақтаға. Мүмкіндігінше барымды салып, шатаспай айтып шықтым. Студенттер маған бір, артымдағы интерактивті тақтаға бір қарап жымыңдасады. Болғасын ағай тақтаға мені қаратты. Сөйтсем, мен айтып жатқан дүниелердің дұрыс нұсқасы түгелдей слайд түрінде өтіп жатыпты. Өзінің үйретуі бойынша шатаспай орындап шыққаныма ағайым ризашылығын білдірді. Мен де іштей мақтанып, марқайып қалдым. Алғаш рет кішкентай дүние арқылы болсын, ол кісінің сенімін ақтағаным деп білген едім.

Келесі сабақта көлемдірек бір тақырып пен әдебиеттер тізімін атап, баяндама жазуға біреуімізге бермекке ойланып тұрып мені таңдады. Артынша:  «– Мен бұл жұмысты неге Толғанайға бердім, білесіңдер ме? Мен Толғанайды жақсы көргендіктен бердім!» деп риясыз күлген еді. Жанға жылы екіауыз сөзі мәңгі жатталды да қалды санамда. Ағай бұны елді бөле-жара, біреуді артық көргеннен айтпағанын білем. Еркелеткенді ұнататын ағай. Реті келгенде... Әрқайсысымызды...

Иә, мен де сізді жақсы көремін, ағай! Әке ретінде, ұстаз ретінде жүрегімнен орын алдыңыз. Сонымен, баяндаманы жазып, қосымша презентациясымен дайындап ала бардым сабаққа. Тамаша тақырып еді. Сол күні тобымызда сабақты маған өткіздіртті. Сәтті шыққандай. Бұл екінші рет... Азғантай еңбегіммен ағайымның сенімін тағы ақтағандай болдым. Ағайдың әркімге ықылас-пейілі ерекше еді. Әр баланы өзінше сүйіп, өзінше еркелетіп, өзінше зілсіз ұрсып та алатын.

Тағы бір сабағында топтағы Мұрат пародия жанрынан кастингке қатыспақ болып ағайдың сабағынан рұқсат сұрағанында, алдымен бізге де көрсетсеңші өнеріңді деп, ел президентінің даусын салған Мұратқа:

– Құрбан айтымыз мүбәрак болсын! Тәңірберген ағайымызбен Құрбан айттан келесі айтқа аман-есен жете берейік! – деп айтшы дегені бар еді жарықтық жарқырай күліп... Ал одан бері үшінші Құрбан айт мерекесі жылжып өтті.

Жалпы Тәңірберген ағай табиғатынан тым жылдам қимылдайтын, шапшаң адам. Тың идеялар мен игі бастамалардан кенде емес, үнемі бір іс-шараларды жоспарлап, ойластыратын да жүретін. 

Сол күн жұма еді. 10-шы қараша... Кезекті 411 аудитория. Ағай бұрыннан айтып та жүретін: алдағы желтоқсан айында университетте бір сайыс өткізбекке ниеттеніп жүргенін. Түсінуімше, білім сайысы, тіл сайысы. Өзінің іріктеуімен мен де қазірден-ақ сол сайысқа қатысушымын. Ағайдың үкілеген үмітін, өзіме артқан сенімін ақтайтын, жалпы сыналатын сәтіміз деп дайындықты бастап та кеткем сабақтан келе сала. Арада екі күн өте... ағайымыз бізді тастап кете барды бақи дүниеге... 12-ші қарашада! Ағай, ел кезегі үшке жетпеді-ау. Сеніміңді ақтай алмадым ғой үшінші рет.

Артыңда қалған туғаның мен мың балаң қара шаңырақты ордамызда аңырап, аза тұтып қала бердік. «Уақыт болды!»

Осы сөзді айтуға бізге енді рұқсат берілгендей... Тәңірберген ағайымыз ұнатпайтын бұл сөзді. Ешқашан сабақта айтқызбайтын-ды.

– Ол жақсы сөз емес, – дейтін ағай. – Айтпаңдар, өзім сабақ аяқталғанда ескертіп, босатам, – дейтұғын. Бір-бірімен үнсіз астасқан сөз бен құбылыс. 

Маңдайымызға сыймай кеткен ұлы ұстазымыз!

4-қабат, 411 аудитория... Ағайымызға қатысты естелікке толы ұя. Ортамыздан өзі кеткенімен, елесі айналып шықпай жүргендей көрінеді. Әлі күнге сол аудиторияға кіре қалсам, артынша бізге асығып ағай да кіріп келердей болады да тұрады. Дәл үш жыл бұрынғыдай... Расында, ол жер әлі күнге ыстық, бәрі бір ерекше. 

Бүгін жабық тұр екен... Сізді іздеп бардым, ағай... Жүрегім елжіреп, есіктің тұтқасынан ұстап ұзааақ тұрдым. Ішінде Сіз дәл бұрынғыдай сабағыңызды өтіп, зырылдап жүргендей сезілді. 

Мен студенттігім басталар-басталмастан-ақ ағайды дипломдық жетекшім сайлап алған едім. Ағайдан білерім көп дейтінмін. Жазмыш солай болды. Асыл ұстазымызды ешкім де ешқашан ұмытпайтынына сенімдімін.  

Тәңірім өзі жарылқап берген Тәңірберген ағайымның рухын пейіштің нұрында шалқытсын! Ұмытылмайсыз, ұстазым!