Өмірдің бір тиын құны жоқ па?

Адам өмірінің осыншама құнсыздығына қайранмын. Интернет әлемі пайда болғалы, адам баласының бір-бірінен жасырар сыры қалмаған тәрізді. Ия, бәріміз интернетте, әсіресе әлеуметтік желіде батырмыз, күштіміз, ойымызды ашық айтамыз. Бір сөзбен айтқанда интернет демократияның ошағы тәрізді. Жоқ демократияның ошағы емес, әркімнің құсығын тастай салар қоқыс жәшігі тәрізді кейде.

Интернет - үлкен кеңістік. Сол кеңістікке кірсен толған негатив. Бәленше әйелін өртепті, түгенше өзін өртепті, пышақ салыпты, атып кетіпті, зорлап кетіпті. Көптігі соншалық таң қалудан, таң қалу былай тұрсын шошудан қалдық. Бірақ керек дүниелер бары да рас. Сол себепті де, интернеттен бас тарта алмайтынымыз рас. Айтпағым бұл емес еді. Айтпағым қазан айының аяғында Ерлан Бектібаевтың өзін-өзі өртеуі туралы еді. Шынын айтқанда бұл блогты жазбас едім.

Бүгін тағы Көкшетауда әйелімен ұрысып қалған 20 жасар жігіт өзін-өзі бензин құйып өртепті жіберіпті. Осы оқиға түрткі болып отыр. Қысқа уақыттың ішінде өзін-өзі өртеудің қайталануы, мені ойландырмай қоймады. Тіпті кейбір пікір жазушылар, "өзін-өзі өртеу мода болған ба?" деп айтып жүр. Күлкілі емес әрине. Ал бірақ екеуін салыстырсақ мүлдем бір-біріне кереғар нәрсе. Бірі анасынан ерте айырылған, әке жылуын сезбеген жетімнің мұңы болса, бірі айдын күні аманында азаматтық некедегі әйелімен ұрысып қалған жігіттің ақымақтығы тәрізді.

Ақымақтық емей немене, Алла сыйға берген өмірді, бір тал сіріңкемен құрта салу. Жә, біреудің өміріңе араласар жайым жоқ. Тек Құдай аясын деймін. Менің айтпағым тірі адамдарға! Өмірді аялайық, Алла берген өмірге құрметпен қарайық. Мейлі тығырықта тұрайық, кез-келген тығырықтан шығар жол бар. Өмір бірде қатал, бірде мейірімді. Сол үшін де ол өмір!

Ойлап қарасақ, кейбір адамдар бұл дүниеде айықпас дертке шалдығатыны рас, бірақ сол адамдар өмір үшін күресіп, ақырында рухы мықтылар, иманы мықтылар жеңіп шығатыны рас. Өйткені өмір жеңімпаздарға арналған. Ал иманы, рухы әлсіздер шыдамай өліп кетеді. Ендеше иманыңыз мықты болсын. Өмірден түңілмеңіз, кез-келген тығырықтан шығар жол бар. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Барлық бәле осымен кетсін деп, осы блогымды аяқтаймын. Миды ашытты деп сөкпеңіздер, өмірді аялайық, бір тал сіріңкемен, бір литр бензинмен өмірді текке кетірмейік. Ойланайық, келесі де мұндайға жол бермейік.

P.S. Келесіде интернетте материал салмастан бұрын ойланғанымыз дұрыс тәрізді. Адамдардың психологиясына қалай әсер етеді деп. Әйтпесе әлгі видеолар адам санасына жағымсыз әсер ететіні рас...



Бөлісу: