5 күндік өмір 21/90

5 күндік өмір 21/90
жеке
блог

Блог жазбағалы 5 күннің жүзі болыпты. Бұл  әрине, мен эксперименттен бас тарттым деген сөз емес. Сонымен, осы  күндер ішінде не істегенімді бір-бірлеп баяндап берейін.

Сенбі-жексенбі күндері әдеттегідей, үй жинау, кір жуу, киім үтіктеу сынды істермен өтті. Осы неге ер бала болып туылмадым екен?! хД Сосын туғандарыма жылы шұлықтар сатып алайын деп, Көк Базарға бардым. Өңмеңіңнен өтетін сыз жерде тұрып жұмыс істеу- ерліктің нағыз өзі. Азды, көпті тиын табу көзі болған соң, сатушы әйелдердің кейбірі қулығын асырмақ болды. Жаным ашығандықтан болар, ондайға мән бермеуге тырыстым. Ығы-жығы адам. Әйтеуір қызуы қайнап, бір-бірін итеріп, қағып, жан-жаққа асыққандардың куәсі болып қайттым.

зелбазар

Дүйсенбі мен сейсенбі күндері, сенсеңіздер, 4-ақ сағат ұйықтауға мүмкіндігім болды. Кеш келіп, шаруаларымды бітіруге ғана шамам жетті. Мені іздеп, сағынғандар болса, көп күттірткеніме кешірім сұраймын (Осы неге адамдар өз маңыздылығын асыра бағалайды екен?!)

Сондықтан, бүгін ертерек блог жазып қоюды шештім.

Кеше, яғни 27. 10. 2015 "Алтын Жүрек" премиясының салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Осы кештің куәсі болдым. Естулеріңіз бар шығар, бұл премия еліміздегі қайырымдылықпен айналысатын жандарды елеп-ескеру және марапаттауға бағытталған.

Премия лауреаттарына мынандай статуэтка табыс етіледі.

алтынжурек

Әлемде жақсылық пен жамандық, ақ пен қара  қатар жүретіні бәріне мәлім. Бірақ осындай шараларды көргенде, жер бетінде жақсылықтың басымырақ екенін  аңғарасың. Шынымен, адамның жүрегі алтын болғанда ғана, жан-жағына жылу шуағын шаша алады. Алған әсерімді сөзбен жеткізу мүмкін емес.

Қайырымдылық пен игі істер жасағанды ұнатамын. Бірнеше қайырымдылық қорларының еріктілер қатарында болғанмын. Бірақ, соңғы кездері қарақан басымның қамын ғана ойлап жүрген секілдімін. Сондықтан, келесідей ой келді. Менің бар бөлісе алатыным- менің білімім. Сол себепті, белгілі бір себептермен (материалдық, уақыттың тығыздығы, т.ғ.ғ) ағылшын тілін үйрене алмай жүрген адам болса, ТЕГІН 1 ай көлемінде интернет арқылы үйретуге дайынмын. Ол үшін, өзіңіз туралы қысқаша мәлімет жазып (телефон, электрондық поштаңызды қоса), осы массагеттегі менің профайліме хат жолдаңыз. Тығыз уақытыма байланысты, тек 1 адамға ғана үйретуге мүмкіндігім бар. Хаттарыңызды 31.10.2015, сағ. 10.00  дейін күтемін. Сұрақтарыңыз болса, сұрауға ұялмаңыздар :)

Бүгінге осы. Ертеңге дейін ;)