Қоғамдық көліктердегі жол билеті мәселесі

Астана қаласының қоғамдық көліктерінің жолаушыларының бірі болғанымнан бастап, көп автобустарда кондукторлардың билет бермеген кездерін жиі байқай бастадым. Бірде, үйге қайтар жолымда жолақыны төлегеннен кейін, кондуктор әйел маған әдеттегідей билетті ұсынды. Алайда, бұл автобустағы жол жүруім әдеттегі тәртіптен өзгешелеу көрінді.Дәл сол кезде қолымдағы билетіме үңілсем, барлығы өз орнына келгендей болды. Қолымдағы тозығы жеткен мыж-мыж билет – өзге біреудің қолданған билеті болып шықты. Демек, менің төлеген жолақым кондуктордың тікелей қалтасына кетті. Сол сәтте бұл жағдайға көңіл аудармай, аялмадамнан шыққаннан кейін билетімді қоқыс жәшігіне тастадым да жүре бердім. Күн өткен сайын билет берілмеген жолақы мәселесіне жиі тап бола бастадым. Кешкі ауысымдарда билеттің біткендігі сияқты сылтаулар мен шығу аялдамасының жақындығын пайдалану арқасында кондукторлар билет бермеуді әдетке айналдырды. Кезекті сапарымда өзіме тиесілі билетті ала алмағанымнан кейін, осы жағдайдың неге байланысты болуы мүмкін екендігі жайлы ойлана бастадым. Түкке тұрғысыз мәселеге назар аудармай, барлығын өз жайымен қалдыру дұрыс па, әлде өз дегеніңде тұрып, билетті талап ету қажет пе? Осы жайлы аздап сөз тоқтатсам деймін...

       «Бір билет алмағанымда тұрған не бар? Бәрібір ол қоқыс ретінде қалады. Автобус кондукторының жалақысы аз емес пе? Бес-он тиыннан кедей болмаймын ғой» - деген пікірлер халық ойына жиі келеді. Алайда, бұл алдамшы пікірдің жолаушыға кері әсерін тигізе алатын кездері де болады екен. Себебі, автобус билеті тек жолақының төленгенінің белгісі болып қана қоймай, жол-көлік оқиғасы кезінде сақтандыру полисі ретінде қарастырылады. Ал, қолыңызда билет болмай жатса, төтенше жағдай кезінде денсаулығыңызға тигізілген зиянға байланысты өтемақыны талап ете алмайсыз.

       Бұдан басқа, билетсіз жолаушы жергілікті автопарктің, ары кете, мемлекет бюджетіне кері әсерін тигізеді. Былай қарап отырсақ, автопарк қазынасына түспеген қаражат жергілікті қалалық жолаушылар тасымалдау жүйесін дамытуға жұмсалар еді. Мәселен, бұл қаражат тозығы жеткен көліктерді жөндеуге және қосымша көліктерді қосу арқылы автобустардың жүру жиілігін арттыруға септігін тигізер еді. Сонымен қатар, билет талап етпейтін жолаушылар автопарк  бюджетінің тапшылығы мен жол ақысының қымбаттатылуына алып келуі мүмкін. Біраз кеңірек ойлансақ, кірістің төмендеуі мемлекет деңгейінде салық базасының азаюына әкеліп соғады. Салық жүйесі өз кезегінде, транспорт, білім, ғылым, медицина сияқты мемлекеттің аса маңызды секторларының дамуына үлес қосады. Жолаушылардың билет талап етпеуі - кондукторға жасалған жақсылық емес, керісінше, жергілікті өңіріңе, мемлекетіңе, халқыңа тигізген зияны.

       Қорытындылай келе, егер төлеген жолақың өзге біреудің қалтасына түспей, қоғамның   пайдасына тигенін  қаласаң, қоғамдық көліктерде өзіңе тиесілі билетті талап ет.

 

 



Бөлісу: