Сізді сағындым...

Сізді сағындым...
жеке
блог

Өткен жылдың күзінде күнделігіме енген жазба еді...

   Мен тіпті, өз туған ауылымнан ондай адамды көрген емеспін. Бұрын-соңды еш жерден кездестірмеппін. Жүрегі соншалықты таза,шәкірт десе ішкен асын ары ысырып, соның қайғысымен қайғырып, қуанышымен бөлісетін ұстазды алғаш көрдім. Алматыда қатыгездіктен тоңып жүргенімде, өзінің ақ жүрегімен мені жылытқан, ұстаздық махаббатына бөлеген Мұрат ағайыма деген алғысым шексіз. Ол кісі менің адам болып қалыптасуымда көп еңбек сіңірді. Қолыма алған қаламды қалай қарай бағыттау керектігін үйретті. Жақтырмайтын Алматыны, жақсы көргізіп, оған ғашық етті. Себебі, ол кісі Алматыға мәңгі ғашық адам. Ол қазақты бар жан жүрегімен жақсы көреді. Оның қандай екенін білсе де, ұлтына деген құрметін үзбеген. Үнемі бір жарық күннің келеріне сеніп жүреді. Сол сөзін біз сабағына барып, әр қайсысымыз мақала оқығанда алғаш рет айтқан болатын. «Үзіліп бара жатқан үмітімді сендер жақтыңдар»... Мен ол сөзді ешқашан естен шығарған емеспін. Кедергіге сүрініп, өмірден құлазып бара жатқан уақыттарда сол сөз бойыма қуат күшін беретін. Себебі, мен оны әр қайсысымызға артқан сенім деп білдім...
Ал қазір мен Алматыдан біржола алыстап кеттім. Өзге маңда жүрмін. Оқудан қайтқан уақытта үнемі ойға батамын. Алтын ағайым, мұндағы жағдай басқа екен. Өзіңіздей жан таба алмадым. Бұл жақтың ұстаздары өзіңіздей ойламайды. Тіпті, адамдарынан сіздің бойыңыздағы адамдықты, адамгершілікті, қазаққа деген шексіз махаббатты таба алмадым. Кіршіксіздік ада екен. Дәл қазір жол үстінде жанарым жасқа малынып келеді. «Ағаааааай» деп созыла бұрынғыдай еркелеп, әкемдей құшақтағым келіп отыр. Бәрін қойшы, ақ жүрек ағай мен сізді қатты сағындым...