Кеттік, Маңғыстауға!

Папкаларды тазартып отырғанымда, екінші курста "Әдеби сын" пәнінен тапсырма ретінде жазған "очеркімді" тауып алдым. Бұл - менің ең алғаш қолыма қалам алып, очерк жазған тәжірибем еді. Оған "Киелі Маңғыстауға саяхат" деген атау қойдым. Ал, кеттік...

2012-ның жазында жанұямызбен көптен бері дайындалып жүрген сапарымызға «аттандық». Бұл жолы аспанды шарлап, бұлтты бұзып, үш сағатта жеткізетін ақ қанатты ұшаққа емес, өмір жайлы толық ойланып-толғануға мұрша беретін үш күндік поезға да емес, өзіміздің төрт дөңгелекті көлігімізге саяхатымызды сеніп тапсырдық. Бұл шешімді әкем қабылдаған еді. Ал бізді көндіру мақсатында былай деді:

– Не істейміз поезда үш күн пысынап, одан да мәшінмен, солтүстіктегі қалаларды аралап, табиғатты тамашалап бармаймыз ба? Ал самолет ол не? Зу етіп апарады, дым қызығы да жоқ. Уақыт бар, отпускімізді алдық, боспыз. Сүйтпедік пе, ә?

Бұған біз үшеуіміз де қарсы болмадық. Тек сіңлім Дина көзі мөлдіреп:

– Бәрін ойластырыпсыңдар, ал менің мысығым ше? Оны қайда қалдырмақсыңдар? – деді.

– Менің құрбым осы жазды үйінде өткізеді. Соған тапсырамыз, уайымдама, – дедім. Бұны жөн көргенімен Дина сонда да қабағын шытып, біраз отырды. Мысығын жанындай жақсы көреді ғой, қайтсін.

Сүйтіп, бензин, жол, ұйқы, демалыс, тамақ деген мәселелерді талқылап, әрқайсысын ойластырып, бүге-шігесіне дейін жоспарлап болған соң, «Магнумымызға» барып, анамның айтуынша «жын-жыпыр, бәле-бәтерлеріңді көп ала бермеңдер» дегенін елемей, шоколадтан бастап, картоп чипстерімен аяқтап, жүксалғышты толтырдық. Фотоаппаратымызды қуаттап, жылы көрпемізді жамылып, таңғы 5-те қаладан шықтық.

Алматының жер бедері біртіндеп, Сарыарқаға қарай жоталарға ауысып, аласара берді. Сүйтіп, міне, Балқашқа да жетіп қалдық. Қаланың қақ ортасында өскен бізге көкпеңбек көлді көрген бір өмірде бола бермейтін құбылыс секілденді. Терезеге жабысып қараймыз. Ал, Балқаш бітпейді. Әттең, алыстап барады. Жағасында кім, я не жүргенін көре алмайсың. Әкеміздің «қайтарда шомыламыз» деген уәдесіне көніп, терезеден түстік.

Қарағандыға дейін тоқтаусыз келеміз. Бұл сол ауылға тезірек жету мақсаты ғой. Қаладан алшақтап барып, демалыс, кідіріске арналған жерде тоқтадық. Әкем көлігімізді тексергенше, біз үйден қайнатып алған жұмыртқа, картоптарымызды шығарып, сусындарымызды мұздатқыштан алып, түскі тамақты дайындап жаттық. Тамақтанып, сергіп алғаннан кейін, дүниемізді жинап, қоқысымызды тастап, ары қарай жолға аттандық.

Солай Астанаға да жеттік. Түнімізді мұнда өткізбейміз деп шешіп, кідірмей кете бердік. Міне, енді нағыз табиғат сұлулығын көре алатын жерлер кездесті. Көкшетау. Жап-жасыл дала, әртүрлі пішіндегі таулар, керемет ауа – бәрі Көкшетаудың табиғаты. Біз мұндай сұлулықты алғаш көруіміз. Әбден суретке түсіріп, көзіміз тойған соң осы жерде түнейтін болып, қалаға кіріп, «Көкшетау» қонақүйінде орналастық. Кешкі асымызды ішіп алып, ұйықтап қалдық.

Қайтадан таңда ерте тұрып, көлігімізге отырып, Қостанай, Әулиекөлге жол жүрдік.

Солтүстік Қазақстанның Рузаевка деген елді мекенін басып өтіп, Қостанай облысына жақындай бастадық. Бұл екі облыстың өзіне тән бір керемет ерекшелігі бар, ол – орман. Қарағайлы қалың орман. Бізбен бірге тоқтап, мына тамаша табиғатты суретке түсіріп жатқандар да бар, жәй қарап, тамсанып тұрғандар да бар. Бұл орман қаптаған ағаш емес, бейне бір ғажап, сыры бар қасиетті жер сияқты. Өзіме бейтаныс сезім. Әр ағаштың қасында өзіндік аурасы бар. Оны ауыр, жеңіл деп кесіп айту мүмкін емес. Ол, расымен, бізге де, сізге де бейтаныс нәрсе, құбылыс. Бұл жердің тарихын білмегендіктен, бұл орман қалай, қандай жағдайда пайда болғаны бізге беймәлім. Бұл сол манағы аураны айырып-білуге бөгет болып тұрған себептің бірі, бірақ өзі емес. Бұл құпияны әзірше ешкім аша алмайды. Сонысы да дұрыс шығар. Бұл – осы жердің қасиеті, ерекшелігі.

Ары қарай жолды жалғастыру керектіктен, жиналып, Аманқарағаймен уақытша қоштасып, біз де кеттік. Солай қалаға да жетік. Тобылдан өтіп, Қостанаймен ішімнен қоштасып, облыстан шықтық. Хромтаудағы қонақүйге жайғастық. Денеміз тырысып қалғаны сонша, жүру қиынға соғып, жаттығу жасап жібергеннен кейін ғана денеміз сергіді. Жатқан бойда, ешбір философиясыз тез ұйықтап қалдым. Ертесіне қайтадан күнмен таласа тұрып, кідірмей, таңғы асымызды да күте алмай кетіп қалдық.

Ресеймен шекаралас жерде келе жатқандықтан, ұялы телефондарымызға «Ресейге қош келдіңіз!» деген хаттар келе бастады. Бұған әкем «Астапыралла» деп қана қойды.

Қарағанды жерінде бір қара құсты байқаған едім. Өзін суретке түсіруге мұрша бермей, біраз төбемізде самғап, ұшып кетті. Ақтөбе жерінде келе жатып терезеге қарап қалғанымда, қайтадан қара құсты көріп, таңдандым. Негізі, ол қазақта жақсы құстың қатарына жатпайды. Бірақ маған бұл қара құс бізді қолдап, қорғап, жолымыздың серігі болып келе жатқандай болды. Мүмкін, ата-бабамыздың құсы болар, кім біледі?

Ақтөбеге кешке жақын уақытта жеттік. Бұл қаланы «жастар қаласы» деп айтылып жүргенін естіген ем, бірақ Алматыдан кейін мұндайға сену қиындау. Расымен өте әдемі, әсем қала. Көшеде жастар топ-топпен жарысып бірдеңе айтып, күліп жүр. Үлкен кісілер қайда кеткен? Жол сұрап жіберетін таксистер де көрінбейді. Сүйтіп, «Е» деген нөмірлі көлікті көре салып, соның соңынан ердік. Олар бізбен Оралға дейін сапарлас болды. Бұл жақтағы атмосфера өзгеше. Алматыда қазақ-орыс аралас жүрсе, мұнда қазағың да, орысың да орысша сайрап жүр. Өздері мәдениетті. Шаршап, ызаланып жүрген адамды көрмейсің.

Бұл қалада түнеп қалайық деп шештік. Орал. Алғаш келуім мұнда. Тынымсыз мегаполистен шыққалы 2 күн болды. Содан бері өзге планетада жүргендеймін. Тек облыстардың, қала-ауылдардың тіршілігі ата-бабамның, қазақтың жерінде екенімді еске салып қояды.

Менің байқағаным, осы қалада уақыт Алматыдағыдай тез өте кетпейді. Әр минут, тіпті секунд өзіне берілген мүмкіндікті сәл ұзағырақ пайдаланатын секілді. Еш әбігерлік жоқ. Бұл мегаполистен кішірек қалалардың бәріне тән ерекшелік шығар. Осы қалада жүріп, мені «уақыт шектеулі, қашан бітетінін білмейсің» деген ой өзімді-өзіммен қалдырды.

Бұл күні таңертең күндегіден ерекше тез-тез жиналып (себебі бүгін ауылға жетеміз ғой), төртеуіміз көліктің төрт есігін жарысып ашып, жайғаса отырып, жүріп кеттік.

500 километрді терезеге қараумен өткіздім. Жол жаман, берекеңді кетіреді. Осындай әкемнің жолдан жалығып, шаршағанын байқағанда, анам екеуіміз алдын ала жазып алған СD-дискімізді қосып, әнге қосылып, шырқай бастаймыз. Бұл әкеміздің көзі ілініп кетпесін деген ниетпен ойлап тапқан идеямыз. Айгүл Қосанова, Ақылбек Жеменей, Музарт, Тамара Асарларға қосылып, дауысымыз жету-жетпеуінен хабарымыз жоқ, айта бердік, айта бердік.

Одан өзіміз де шаршаған соң, көлігімізді тоқтатып, бір асханаға тамақтануға кірдік. Осы үш күндік жолда алған сабағым: Солтүстік, Батыс облыстарда жүрсең, кафе-асханаларда лагман дегенге тапсырыс бермеу керек. Алдыңа езіліп кеткен спагеттиді сорпаға салып, әкеліп береді, одан «галина бланканың» жұпар иісі аңқып тұрады. Атырауға жақындап қалғандықтан, бұл жерде енді не жеу керек деп ойланып отырғанымда, бір қара домалақ қыз «манпардан басқа дым жоқ» деді. Бұл бойжеткеннің диалектілік акцентін естігенде өзім байқамай күлімсіреп отырып қалыппын. Ол сөзін қайталап, мені есімді жиюға шақырды. «Жақсы, шәймен әкеліңізші» деп шығарып салдым. Ауылымызға шамалы жақындап қалғанымызды сездірген осы даяшы қыз еді.

Тамақтан бәріміз біраз қуат жинап, Маңғыстауға беттедік. Атырауда көлігімізді жуып алайық, ұят болар деп, көзіміз түскен көлік жууға кірдік. 40 градусты ыстық ауалы далада отырғанымызда Атырауды-Атырау қылып жүрген масалар піскілеп, бізге «қош келдіңіз» айтты. Қанымыздың дәмі ұнаған болар, кеткенше талап тастады.

Көлігіміз тап-таза болып шығып, Атыраумен қоштасып, киелі жер Маңғыстауға кірдік. Соңғы 500 километрде барымызды салып ән салып, қуанып келдік. Туылғалы әке-шешем үйреткен «Бекет ата, қолдай көр!» деумен уақыт, километр санаумен отырдым.

Біздің ендігі бағытымыз – Сарға ауылы еді. Осыған дейін поезбен келгенде, марқұм Кәрім ағам күтіп алып, шыр айналып, үйге алып келетін. Тамақ үнемі әзір, апаларым, ағаларым, кішкентайлар бәріміз дастарқан басында жиналып отыратын едік. Бұл мен үшін ҮЛКЕН БАҚЫТ еді. Әлі күнге дейін солай. Маңғыстау жеріне барып, "жер столға" отыра кетіп, жеңеше-ағаларыммен шай ішіп отыру – баға жетпес бақыт. Бұл жолы біз көлікпен алғаш келіп тұрмыз. Үнемі алдымыздан ақ жигулиімен шығатын ағамыздың жоқтығы бұл жолы айқын білінді. Біраз адасып, түн жарымда Сарғаға да жеттік. Ауылға кірер жолда ақ жеңгем мен апам жылап көрісіп, қарсы алды. Бұл – ағаның жоқтығы үшін кешірім сұраған әрекеті секілденді. Апам-ау, алтын апам.

Ертесіне ауылымыздың өзіне, Тұрышқа ағаларымның бірінің көлігімен кететін болдық. Оған дейін осы ауыл кісілерінің берген қонағасысын жеп, жолға шықтық.

Қазіргі Сам ауылы, Тұрыш ата ауылында әжем бар. Нағашыларым бар. Осы ауылыма жетіп, бәрімен амандасып болған соң, кідірмей ауыл шетіндегі қорымға, атамның басына беттедім. Кішкентай кезімде соңғы рет көзін көрген атаммен амандасып, басында біраз отырдым.

Солтүстік Қазақстан мен Батыс Қазақстан жерлері жап-жасыл табиғат. Орал жерінен Атырау облысына кірген соң жер қуаң тартып сала берді. Бірақ Атырау, Маңғыстау жерлері керемет бір жұмбақ қасиетке ие.

Асау-Барақ, Мұса қожа, Бекет ата, Дәулетбай сұпы, Бармақ әулиелерінің басына барғанымда, осы бабаларымның рухын сезгендей болдым. Бұл жерлерге адамдар емделуге келіп жатады. Түнеп, шырақ жағып, денсаулық тілеп жүреді. Алла оларға сұрағанын берсін.

362 әулиелі Маңғыстау – жер жаннаты болмағанымен, тарихи ескерткіштерге бай, жеті жұртқа мекен болған жер. Менің жүрегім өзін керемет сезінетін жер. Отаным десем де, туған жерім десем де артық айтпаймын. Болашақта балаларымды осы жермен таныстырамын, осы жердің бүкіл құдіретін, қасиетін көздеріне көрсетуге тырысамын.

Күз, 2012 жыл.



Бөлісу: