Обырдың алдын алуға болады

Обыр. Осы тақырыпты таңдау себебім – менің де отбасымның осы қасіретті басынан кешіруі. Біз обыр туралы таныстарымыз немесе жақындарымыз ауырмағанша ойланбаймыз. Ал басымызға түскенде, уақытты артқа айналдырып, қатерлі ісікті қайткенде де болдыртпау үшін бәріне де дайын екенімізді түсінеміз. Неге біз оның алдын алудың жолдарын қазір ойламаймыз? Төменде обырдың қатерлі факторларының салдары және олардан сақтанудың жолдары қарастырылмақ.

Дұрыс тамақтанбаудың зардабы

Біздің елімізде обырдың кең тараған түрлерінің бірі - асқазандағы қатерлі ісік. Оның себебі - гастрит және асқазанның ойық жара аурулырының елімізде көп кездесуі. Дұрыс емдемеу нәтижесінде, қабыну орнында обыр пайда болады. Сол себепті, асқазан обырының алдын алу мақсатында, аталған аурулардың еміне шындап кірісу қажет. Одан да жақсы шешім - осы аурулардың алдын алу. Ол үшін уақытында дұрыс тамақтану керек. Фастфудпен, алкагольді сусындармен, ыстық және ащы тағамдармен әуестенуге болмайды. Өзіңізді және жақындарыңызды гастрит ауруынан сақтаңыз!

Зиянды заттарға әуестік залалы 

Ғалымдардың байқауынша, обырдың қатерлі факторларының 2/3 бөлігін зиянды әдеттер құрайды. Оларға шылым шегу, алкоголь тұтыну, артық салмақ және қозғалыссыз өмір салты жатады. Әркім өзін зиянды заттардан аулақ ұстап өзін пайдалы әдеттерге тәрбиелеу қажет. Сонымен қатар, күніне кемінде 30 минут физикалық жаттығулар жасауға дағдылануыңыз жөн.

Күн сәулелерінің қаупі

Күн астында көп уақыт өткізу - терінің қатерлі ісігінің пайда болу қаупін арттырады. Күннің көзі неғұрлым интенсивті болған кезінде, дене терісіндегі меңдеріңізді бақылап жүрген жөн. Егер олардың түсі, мөлшері немесе пішіні өзгерсе, дәрігерге көрінуіңіз керек. Осындай меңнің дер кезіндегі алынуы - меланоманы, терідегі қатерлі ісікті,болдыртпаудың бірден-бір жолы. Сонымен қатар, бала кезден бастап күннен қорғану өте маңызды. Себебі, 80% ультрафиолет сәулелерінің мөлшері 20 жасқа дейін қабылданады екен. Осылайша, жас кезінде күн астында  қатты күйген адамдарда меланоманың пайда болу қаупі ұлғаяды. Күннен қорғану мақсатында, жабық киім киіп, қорғаныс факторы 15 тен кем емес иісмайлар қолдану керек. Оның қорғанысы қанша уақытқа жарайтындығын білу үшін, күнге күйе бастайтын уақыт аралығын 15 ке көбейтіңіз. Мысалы, сіз 10 минут аралығында күйе бастасаңыз, иісмайдың қорғанысы  150 минутқа жетеді.  

Радиациядан қауіптену керек пе?

Обырдың қатерлі факторларының бірі - радиация. Радиация әсерінен пайда болатын обыр түрлеріне сүт безі мен қалқанша безінің обыры жатады. Радиация тек белгілі бір сәуле таратушы аппараттармен жұмыс істейтін немесе радиация көзіне жақын орналасқан адамдарға ғана қауіпті деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ, ол күнделікті қолданыстағы бұйымдарда да болады. Оларға мысал ойыншықтар, әшекей бұйымдар, тіпті тағамдарда да кездеседі. Радиациадан қорғанудың бірден-бір жолы - дозиметрді иелену. Оның көмегімен бұйымдардың қауіпсіздігін бірден тексеруге болады. 

Обырдың белгілері бірден байқалмайтындықтан, ол күтпеген жерден келіп, төбеге жай түскендей болады. Көбінесе, қатерлі ісік өзінің кейінгі сатысында байқалады. Бастапқы сатыдағы обырдан емделудің ықтималдылығы статистика бойынша өте жоғары. Сол себепті, біздің және жақындарымыздың ауруы мүмкін емес болып көрінсе де, тым болмаса жылына бір рет тексерістен өту керек. Біреулерге тексерістен өту, ауру іздегендей көрінуі мүмкін. Қайткенде де, уақытылы тексеріс әрбіреуіміз үшін қажет. "Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік". 



Бөлісу: