Көптілді білім берудің білікті маман даярлаудағы рөлі

Көптілді білім берудің білікті маман даярлаудағы рөлі
жеке
блог

 Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың көптілді білімді дамытуға баса назар аударып, «…еліміздің маңызды құн­дылықтарының бірі және басты ар­тықшылығы – көпұлттылық пен көп­тілділік» деп атап көрсеткені белгілі. Ондағы мақсат - білім беру жүйесінде үш тілдің  - мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін, ұлтаралық қатынас тілі ретінде орыс тілін және әлемдік экономикаға үйлесімді кірігу тілі ретінде ағылшын тілін меңгерген, бәсекеге қабілетті маман даярлау. Яғни,  оқу орындарына өмірден өз орнын таңдай алатын өзара қарым – қатынаста өзін еркін ұстап, кез келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласында білімі мен білігін көрсете алатын, көптілді және көпмәдениетті жеке тұлға қалыптастыру міндеті қойылып отыр.

Көптілді білім берудің екі жағы бар, біріншіден, өскелең ұрпақтың бірнеше тіл білуі, заман талабына сай бәсекеге қабілетті мамандар даярлау; ауыл мектептерін бітірген қазақтілді жастардың бірнеше тілді меңгеруі, олардың бәсекеге қабілетті маман болуы жүзеге асса; екіншіден, мемлекеттік қызметте «Үштұғырлы тіл» саясатына сүйеніп мемлекеттік қызметте қазақ тілінің еркін қолданылуына кедергі жасалмаса екен дейміз; дегенмен, бұл бағыт еліміздің біраз мектептеріне де енгізіліп, тәжірибе ретінде қолға алынуда. Мемлекеттік тіл, орыс тілі және ағылшын тілі, яғни полилингвизм – жаһанданып жатқан әлемнің талабы. Қазірдің өзінде жаһандану үрдісі етек алған заманда халықаралық байланыс құралы және халықаралық экономика, халықаралық білім беру тілі – ағылшын тілін білу қажеттілігін тудырды.

Көптілді білім беру саясаты елімізде қолға алына бастауы, қазақ халқына, қазақ тіліне тағы бір сыннан немесе белестен өтуді жүктейді. Өсіп келе жатқан ұрпақ ата-бабамыздан мирас боп келе жатқан халқымыздың бай да көркем тілін, болмысын, дүниетанымын бойына сіңіріп өсуі қажет. Оларға орыс және ағылшын тілдерін шет тілдері ретінде үйреніп, керегіне жарату үшін пайдалануды санасына сіңіруіміз керек. Тәуелсіздік алғалы бері қазақ мектептерінің саны артып, қазақтілді жастардың саны көбейіп қалғаны барлығымызға аян. Одан кейінгілері көптілді білім алуға көшеді, одан қалса орыс мектептеріндегі балалардың дүниетанымы сөз жоқ орысша қалыптасуда және олар енді көптілді білім алып шығады. Осыдан олардың орыс, ағылшын тілінде сайрап, қазақ тілін шала біліп шығуына жол бермеудің жолдарын қарастырған жөн. Бүкіл қазақ халқы «Үш тұғырлы тіл» саясатының жүргізілуі барысында қоғамда қателіктерге бой алдырмай, ұрпақтың орыстанбай, батыстанбай қазақы қалпын сақтап қалуына күш салуымыз қажет.

Қазақ тілі ең алдымен қазақтарға қажет, оны сақтайтын да, көркейтетін де қазақтар. Әрбір қазақпын деген азамат тілінің қоғамда қажет болуына, оның қолданылуына өз үлесін қосып отырғаны абзал.

 Мемлекеттік тілді еркін меңгерген бәсекеге қабілетті маман даярлауда жаңа үрдіс, тың идеялар, үлкен ізденіс қажет екені даусыз. Көптілді білім беру саясаты бүгінгі ұрпаққа мемлекеттік тілді халықаралық тілдер қатарында  еркін меңгеріп шығуы үшін тағы бір тың бағыт бола алады.