Ғаламтор саудасы: Қазақстанға алып келуге болатын заттар

Ғаламтор саудасы: Қазақстанға алып келуге болатын заттар
жеке
блог

Қазақстанға алып келуге болатын заттар

 Ғаламтордағы дүкендер мен аукциондарда тауарлардың түр-түрі толып жатыр. Бірақ солардың кез-келгенін Қазақстанға алып келе беруге бола ма? Әкелуге болса неше данасын алуға рұқсат етілген? 

Белгілі бір шектеулердің болмауы мүмкін емес, мемлекет өз пайдасын ешқашан жібермейді ғой. Жыл сайын шекарада алынатын кеденпұл еліміздің қазынасына миллиондаған теңге түрінде түсіп отырады. Алайда мыңдап, тонналап зат әкелетін кәсіпорындар мен бір-екі тал зат алатын жеке адамдардардан алынатын ақша бірдей емес. Жеке адамдардан көп жағдайда кеденпұл мүлде алынбайды. Мұны бұрыннан білетінмін. Енді осыны нақтылап алғым келді.

Ең алдымен өзіміздің Қазпочта мен Қазақстандық кеден жүйесінің сайттарына кіріп, мәлімет іздеп көрдім. Одан кейін түрлі форумдардарды парақтадым, тәжірибелі таныстарыма телефон шалдым. Сол ізденістерімнің нәтижесі осы жазбама түсіп отыр.

Қазақстанға алып келуге болмайтын заттардың түрі өте көп. Оның ішінде қару-жарақ, есерткі, радиоактивті және улы заттар, тірі жануарлар мен жәндіктер, озон қабатына зиянды заттар сияқты белгілі нәрселермен қатар толып жатқан басқалары да бар екен. Оларды толығымен келтіре алмаймын, өйткені әкелуге тыйым салынған заттардың тізімі тұрмақ түрлерінің тізімдернің тізімі шамамен екі бет болады. Оларды керек кезінде өздеріңіз аталмыш сайттардан көріп аларсыздар. Әрі әр мемлекеттің біздікінен бірсыпыра айырмашылықтары бар өз тізімдері бар екенін ескеруді ұмытпаған жөн.

Мұндай заттарға жолайын деп тұрған мен жоқ, Қазақстанға алып келуге болатын заттар тізімінің өзі де бар сұранысымды қанағаттандырып тұр. Мұнда бірқатар шектеулер бар. Ең бастысы мыналар: шетелден ай сайын алып келінетін заттардың жалпы құны 1000 еуродан және салмағы 32 килограммнан аспау керек.


Айына: 1000 еуро, 32 кг

Әрі бұл заттар кәсіпкерлікке арналмаған болу керек. Сонда ғана жеке тұлғадан кеденпұл алынбайды. Әрине, кейбір заттарды кәсіпкерлікке арналмағанын дәлелдеуге тұра келіп жатады. Бірақ ашкөзденіп, айталық, он ұялы телефон алсаң, оларыңды «сатуға емес, өз қажетіме алдым» деп ешқашан дәлелдей алмайсың.

Сонда неше данасын алуға болады? Бұл сауалыма жауапты Қазақстан Республикасы Үкіметінің  2005 жылдың 9 наурызындағы №217 Қаулысынан таптым. Қазақстан шекарасынан жеке адамдарға алып өтуге болатын заттардың мөлшері төменде көрсетілгеннен аспау керек екен.

Атауы, өлшемі мен фасоны бірдей жаңа заттар үшін:

Киім-кешек - 2 дана;

Бас киім - 2 дана;

Аяқ-киім - 2 дана;

Ұсталған, киілген заттарға мұндай шектеу қойылмайды. Адамдарға бұл шектеулер еш қиындық тұдырмайды деп ойлаймын. Тіпті төртаяқтап жүреттіндердің де құқықтарына нұқсан келтірілмеген. Тек үшемдердің ата-аналары ренжіп жүрген шығар. Е, үшбасты айдаһарларды ұмытып кетіппін ғой.

Тағамдар - 10 килограмм;

Шетелдің интернет-дүкендерден тамақ алу ойымда да жоқ болатын, бірақ мынаны көргенде жұбайыма кәмпит пен шоколад сатып алғым келіп кетті. Өзі керемет тәтті жегіш, 10 килограмм кәмпитке әбден риза болар. Әрі оларды тауысқан соң тісі ауырып, үндемей отырады.

Иіссу, сусабын, далап, бетмай және басқа парфюмерлік-косметикалық бұйымдар - 3 дана;

Мұнда да шектеу тек жаңа заттарға қойылған. Алғашында "ұсталғанын алатындар да бола ма екен?!" деп мырс еттім. Сосын жатақханамызда қыздардын орталанып қалған далаптарын жымқырып, "жанама сүйісу" деп ерніне жағатын бір жындысүре болғаны есіме түсіп кетті. Ол кезде әлі баламыз ғой, мұнысына сайқымазақ көргендей мәз болатынбыз. Бұл әдетін оншақты қыздың жабылып көкала қойдай етіп сабағанынан кейін ғана қойды.

Жиһаз - 1 жиынтық немесе гарнитур;

Ас үй ыдыстары мен бұйымдары - 2 жиынтық немесе сервиз;

Төсек жабдықтары - 2 жиынтық;

Фото-, аудио-, видео-, оргтехника, тұрмыстық техника мен электр құрылғылары - әр атаудан 1 зат;

Өзіме ең керегі осы. Алсам да бір данадан артық алмаймын ғой.

Зергерлік бұйымдар - 6 зат;

Мұнда бір нәрсені ұқпай отырмын - сырғалар жұбымен жүреді ғой, олар екі зат болып есептеле ме? Одан басқа жұпталып тағылатын зергерлік бұйымдар да аз емес. Бірақ пирсингке әбден әуестеніп алғандар болмаса алты зат деген де жетіп жатыр ғой. 

Музыкалық аспаптар - 1 зат;

Сонда егер мен құрамында кем дегенде 8 заты бар барабан құрылғысын алатын болсам сатушыға 8 танысымның атына бөліп сал деп жалынуым керек пе? 

Спорт жабдықтары - 1 жиынтық;

Дәрі-дәрмек - 500 грамм;

Жалпы ғаламтордан дәрі-дәрмек алмаған жөн екенін айтпаса да түсінікті. 

Түрлі басылымдар, видео-, аудиотаспалар, компакт дискілер, фототаспалар - әр атаудан 10 дана;

Велосипедтер - 2 дана;

Бала ойыншықтары - 2 зат немесе жиынтық;

Арба-бесік (коляска) - 1 дана;

Жоғарыда көрсетілмеген, бірақ үй шарушылығы мен тұрмысқа қажетті басқа заттар - 2 дана;

Мінеки, ең негізгілелі осылар.

Бүгінгі әңгімеміз жалпы Қазақстан шекарасынан алып өтуге болатын заттар мен олардың мөлшерлері туралы болды, почталық жіберілімдер де соған кіреді. Бір ұққаным, шетелден көлемді, ауыр заттарды әкелу тиімсіз – жолы қымбаттау болады екен. Жиһаз бен велосипедтерді, керек болып жатса, осы жерден-ақ алармын.

Жалғасы: Қауіпсіздіктің қарапайым ережелері

Алдыңғысы: Төлем картасын ашу