"Титандардың қаһары" есімде қалмады

"Титандардың қаһары" есімде қалмады
жеке
блог

Гераклды шетке ысырып қойып, Персейге кіріскен екен ғой. Осыдан екі жыл бұрынғы «Титандар шайқасын» көргенде осы ой жылт ете қалған-ды. Яки, голливудтық сценаристердің миының қатпарларын жегідей жеген грек аңыздары коммерциялық табысқа жетудің зерттеусіз кепілі екенін айта кету керек. Дәлірегін айтсақ, мифтердегі қиялдың шегі алдыңа да, артыңа да 3D эффектілер арқылы әсер етуге жағдай жасап-ақ қойған.

Титандардың қаһары

Гераклды шетке ысырып қойып, Персейге кіріскен екен ғой. Осыдан екі жыл бұрынғы «Титандар шайқасын» көргенде осы ой жылт ете қалған-ды. Яки, голливудтық сценаристердің миының қатпарларын жегідей жеген грек аңыздары коммерциялық табысқа жетудің зерттеусіз кепілі екенін айта кету керек. Дәлірегін айтсақ, мифтердегі қиялдың шегі алдыңа да, артыңа да 3D эффектілер арқылы әсер етуге жағдай жасап-ақ қойған.

Грек аңыздары мен мифтері, шынымен-ақ, кітапты оқи бастағанда, түрін тыржитатын кез келген бозбаланы үйіріп әкетеді. Гректердің құдайлар иерархиясы мен олардың жарты-құдай балалары туралы хикаялары ешкімнің назарынан тыс қалмайтын сияқты. «Титандардың қаһарындағы» дәл осы желі мен трейлеріндегі көзді қыздырған эффектілер менің елең ете қоймайтын талғамыма от салған еді. Бекер екен.

Титандардың қаһары

Алдыңғы фильміне қарағанда, «Титандардың қаһарының» түсіру тобы толықтай дерлік ауысқан. Дегенмен, актерлік құрамның негізгі бөлігі сақталған. Персей (Сэм Уоррингтон) батырдың шашы жалбырай өскен. Андромеданы бітімі бөлек Розамунд Пайк сомдап шыққан. Ал екеуінің арасындағы махаббат оты фильмнің 3D эффектілердің тасасында қалып кеткендей-ақ болды.

Фильмнің сюжеті жайлы бірдеңе айтып қалып, спойлерге жол беріп аламын ба деп қорқып та әуре болудың қажеті жоқ сияқты. Сюжеттің банальдігін, диалогтардың клишелігін, актерлік ойынның кей тұстарда ақсап жатқандығын бір-ақ фактор арқылы жабуға тырысқандай – Тартардан атып шығып, адамзатты құрдымға жіберуге асыққан Кроностың лавалы жаңбыры.

Титандардың қаһары

Фильм өмірдегі өзінің орнын балықшылыққа арнап, баласын қан-жоса қырғындардан құтқаруды мұрат тұтқан Персейдің күнделікті тіршілігінен басталады. Сол уақытта Олимптің құдайлары арасындағы теке тірес шарықтау шегіне жетіп, Аид пен Арес бірігіп, найзағай Зевске қарсы шығады. Қарсы шығып қана қоймай, өздерінің әкесі Кроносты босатуға тырысып, Зевсті өлімге қиюға дайын тұрады. Әкесінің басындағы сөзіне құлақ аса қоймаған Персейдің өзі бір жамандық болғанын сезгендей болады. Сол кезде кезіге кеткен Посейдонның өсиетін арқалап, Персей Тартарға аттанады.

Қысқасы, фильмде бәрі бар және бәрі болатын орнында емес, болуы тиіс болған соң ғана жүрген сияқты көрінді. Минотаврдың пайда бола сала, Персейден оңбай таяқ жеп, көзден бұл-бұл ұшқаны, Гефестің де сібірге айдалған образындағы бұрынғы құдай кейпі, Тартардың адам түсінбейтіндей құрастырылған лабиринті – бәрі, болуы тиіс болған соң бар сияқты. Кейбірі орынды, кейбірі орынсыз.

Титандардың қаһары

Фильмнің айтылуға тиіс артықшылықтары ретінде Циклоптардың түсініксіз тілде сөйлесуі мен жылжымалы лабиринтін ғана атауға болатын шығар. Ал, Гефестің өмір сүретін, қарапайым адамға көріне қоймайтын аралдың табиғатын да ерекше атаған жөн.

Фильмнің кемшіліктері — сюжеттің жоқтығы мен сюжеттегі оқиғалардың бір-бірімен жөні түзу байласпайтындығы. Қайда қалған Титандар, қалған құдайлар, сондай-ақ Титандардың қаһарының өзі кішкене әлсіздеу шыққандай ма.

Фильмнің бағасы 10-ның 6-сы. Ал алтауының көбісі – арнайы эффектілер үшін.

Фильмдегі өзге фильмдерден ұрланған эффектілер:

1) Кроностың қол шоқпарлары «300 спартандықтағы» Кир патшаның жендеттеріне келіңкірейді; 2) Тартардың лабиринті Ноланның «Бастау» фильміндегі түстер лабиринті сияқты; 3) Арестің Гефестің аралына аспаннан атып жерге түсуі «Құдайлар соғысы: Ажалсыздар» фильмінен алынған.
Байқағандарың болса, қоса отырыңдар.

Киностан