Ердің анасы - елдің анасы (байқау)

"Абай жолы" роман-эпопеясында жалпы аналардың да рөлі ерекше екеніне көзім жетіп жатыр. Алдыңғы жолы сіздерге Абайдың ұлы анасы - Зеренің парасатты әже болғанына сүйсініп, сол кісі жайлы сөз қозғап едім. Ендігі оқырманды өзінің ерекше ақылдылығымен баурайтын, нағыз қазақ әйелінің бейнесі, Абайдың анасы - Ұлжан туралы өз түйгенімді баяндамақпын.

 Ұлжан жайлы қысқаша дерек келтірсем, ол 1810 жылы дүниеге келген. Арғы атасы Орта жүздің Қаракесегінен тарайды. Ол Құнанбайдың екінші әйелі болған. Өмірге Тәңірберді, Ибраһим (Абай), Ысқақ, Оспан атты төрт ұлды дүниеге әкеледі. Ұлжан өте сабырлы, кең мінезді, сөзге ұста, тапқыр, шешен кісі болған. Абайдың ерек бала болып өсуіне де анасының үлесі зор.

  Құнанбай жасы жетпіске келсе де Құдай алдындағы борышы - қажылыққа барып қайтуды ойлайды. Кетерінде жолға өте мол қаражат алып, ал баласы Абай болса өзі оқыған Шығыс әдебиетінен жолдағы қалалар туралы, олардың кәсібі, тілі, халқы жайлы әкесіне көп мағлұмат береді. Ұзақ жолға аттанар алдында қасына өңкей жақындары жиналып шығарып салады. Өйткені, сапардан қайту қайтпауына ешкім кепілдік бермейді. Алдарыңызға тағлымы мол Құнанбай мен жары Ұлжанның диалогын ұсынамын.

  "Құнанбай: Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кешкен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел өзің едің. Өзіме тағдыр бақ берген жанмын деуші ем. Айтыспасақ та, жер танытып отыратын қабақ пен жүрек бар еді, соған сенуші ем де, кейде шәлкес, кейде қия да басып кете беруші ем. Бағыма масайып еркелегенім болса керек. Енді қай дөңнің басында қалармыз, кім біледі. Сенің айтар кінәң болса да, менің саған артар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ бейілің үшін балаларыңның бағы ашылсын. Мен айтарды өзің айтыпсың. Менің арманымды өз арманың етіпсің. - деді. Ұлжанның нұрлы біткен ақшыл-қызғылт жүзі ішін тоңазытқан сезімнен көкшіл тартып, қатты өзгерді. Бірақ көпке шейін үндемей отырып, жүрек тоқтатты.

 - Мырза, аталық арманыңды ақтар балаң болсын. Сен үшін де, өзім үшін де тілер бар тілегім осы ғана! Мынадай сапарыңа кінә түгіл, наз ертсем, оным білместік болар еді. Мені дардай етіп көтеріп айттың. Бірақ мен ондай емеспін ғой. Әр кездегі ісімді ойласам, өзімнің де кінәм көп. Жөн бе, теріс пе, білмеймін, мырза, - деп күйеуінің бетіне салмақпен қарады."

  Абай заманында сонымен қатар отбасындағы түйткілді мәселенің бірі - бай бағланның бір емес, бірнеше әйелі болуы. Абай екінші әйелі Әйгерімге үйленгелі жатқанында бұған негізінде анасы қарсы болған. Бұны сіздерге не үлгі алыңыздар немесе жиреніңіздер деп айталмай отырмын. Бірақ Ұлжанның Абайға айтқан ақылын ұсынуды жөн көрдім.

"Абайжан, балам, ниетіңді ұғындым. Маған ақыл салыпсың. Жақсы ма осыным дейсің ғой? Жақсы демеймін. Сөзім қысқа. Мен айтардың көбін өзің көзіңмен көріп өсіп ең. Көгі қатынның бірі мен болғанда, сол көп қатынның бірінен туған көп баланың бірі сен боп өсіп ең. Сырлас, шерлес ек қой. Тәтті ме еді маған да? Жеңіл ме еді саған да? Біз басқан ізді баспаса екен дегенде, мың да бір ойлайтыным осы жер еді. Өкінесің деп қорқамын. Алды қызық көрінгенімен, оңай түйілгенімен, арты зар еді мұның. Опық жейсің балам.Міне, айтарымды айттым. Бірақ көрер қызық та өзіңдікі татар зәр де өзіңнің ғана сыбағаң. Қаупімді айтып шықтым.Ендігіңді өзің біл! Өзің ойлап, өзің шеш!"

 Солай, романды оқи отырып ерекше көзіме түскен кейіпкердің бірі - Абайдың досы Ербол. Ол әрқашан Абайдың жан жолдасы болып, қиын-қыстауда демеу болған. Сөзге шешен, әзілқой Ербол Абаймен бірге ылғи сыйлы қонақтарды күтіскен. 

  Тағы бір тарихи жағдайды көзім шалды. Бұл Абайдың "Көзімнің қарасы" әнінің тарихтағы қос ғашық Еңлік-Кебектің басына барғанда туындаған ән екен. Бірге тыңдайық.



Бөлісу: