Адам өмірі

Дүнмені тегіс  жаратып болған соң, жер мен көкті Жаратушы - адамды, басқа мақұлықты өзінің алдына шақырыпты. Сондағы ойы олардың әрбіріне  бір түрлі мінез, дүниеде тұруына белгілі өмір беру керек екен. Ең алдымен барған адам екен, оған айтыпты:

- Сен адам, жаратушылардың ішінде сенің түр-сипатың артық. Саған сөйлеуге сөз, ойлауға ақыл бердім. Басқа мақұлықтардың бәрі сенен төмен болып, олардың бәрі сенің өміріңде болады, олардың баршасына сен үкім қыларсың. Қырдағы шөп, ағаштардың жемісі, телегей теңіздер, таулы қияндар - бәрі саған қарайды және өзің жер үстінде отыз жыл өмір сүресің,-депті.

Сонда адам бұған разы болмай,бір жағынан бұрылып кетіп, өз-өзіне айтыпты: "Егер мен дүниенің патшасы болсам маған бар дүниеде жоқ сипат тиісті болса, отыз жыл өмір сүргеннің не пайдасы бар?"-деп кейбір көп өмір алған хайуандарды көре алмай, қарап тұрыпты.

Сонда кезек есекке келіпті. Есекке айтты:

- Сен жазаны көп көріп, михнатты көп шегесің, сен ылғи ауыр жүк тасып, таяқтан әбден өлгенше шаршап болдырып жүресің. Тыныштығын аз болып, жейтін жемің дәмсіз, ішетін суың лай болар. Сондықтан сенің өмірің елу жыл болсын,-дейді.

Есек тізесінен жығылып, басын жерге ұрып тұрып:

- Егер мен дүниеде сонша азаппен жүретін болғанда, менің өмірімді жиырма жылдай азайтса тәуір болар еді,-деді.

Сол уақытта адам жақындап "Тәуір болар еді",-деді.

- Есектің тастап тұрған жиырма жасын маған қоссаңыз екен,-деді. Онысы қабыл алынады. Одан кейін кезек итке келеді. Итке айтты:

- Сенің міндетті жұмысың үй күзету, нәрселерге көз болу. Жат біреу келсе - сен үруге міндеттісің және көлеңкеде жатып өзің сүйек кеміретін боларсың. Сенің жасын қырық жыл,-депті.

Ит сонда бас ұрып, арыз қылыпты: "Егер мен дүниеде сондай қорлықпен тұрып, адамның үйін, мүлкін күзетіп, сүйек кеміріп күнелтетін болғанда менің жасымды жиырма жылдай азайтса жақсы болар еді",-депті. Ол уақытта адам қайта келіп сұрай бастайды.

- Иттің алмай тұрған жиырма жасын маған қосыңыз,-депті. Ол арыз да қабыл алынады.

Ең соңына кезек маймылға келіпті. Оған айтылған сөз мынау:

- Сенің сыртқы сипатың адамға ұқсас, бірақ сол уақытта бала рауышты ақымақ боларсың. Балаларға ермек боларсың. Үлкен кісіге  де ойын болып дүниеде алпыс жыл жүрерсің,-дейді.

Маймыл сорлы тізесінен тұра қалып арыз қылады.

- Егер мен тек сыртым адамға ұқсап, өзім ақымақ, балаларға ермек қана болсам, менің жасымды отыз жылдай қысқартса тәуір болар еді,-деп тұрғанда, бір жағынан адам тағы жетіп келіп:

- Сол маймылдың тастайын деп тұрған отыз жасын маған берсеңіз,-дейді. Бұл жолы да ерінбей жүрген адамның арызы қабыл болыпты.

Сонан соң барша мақұлықтар өз жұмыстарын біліп, бет-бетімен тарапты. Сонда адам да барып, өзіне әуел берген отыз жылдың ішінде жақсы дәурен сүріп, еш уайымсыз жас жігіт болып тұрыпты. Одан соң отыздан асып елуге шейін  ауыр жұмыстар істеп көп михнатпен жүріпті. Тіршілік қылуға әр түрлі шаруа қылып, көп қиналыпты. Бұл қиналған жиырма жастары баяғы есектен алған жиырма жыл екен. 

Одан соң адам елуден аса, енді жетпіс жасына шейін өзінің үй-ішіндегі оны-мұныларын көздейді (күзетеді), не болса соны кәдік көргіш келеді. Сол кезде кім болса соған айғайлап, сүйекке таласудан да таймайды. Бұл адамның иттен алған жасы болады. Жетпістен асқан соң адам аз-аздап ақылынан айырылады, бала тәрізді болады. Ол уақытта белі бүкірейіп, денесі иіліп те кетеді. Балаларға әңгіме, ермек, ойын болады. Бұл жас та өз еркімен маймылдан алған жасы екен.

 


Бөлісу: