«Bala Turkvizyon-Казақстан» байқауы Шымкент қаласында

      Кеше Шымкент қаласында «Bala Turkvizyon» Халықаралық балалар әні байқауының Ұлттық іріктеу кезеңі аяқталды. Іріктеуге Оңтүстік аймақтан 250-ден астам қатысушылармен бірге ата-ана, туған-туыс, ұстаздары жиналды. «Bala Turkvizyon-Казақстан» Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қорының ең ірі жобаларының бірі. Әлия Назарбаеваның қоры 3 жылдан бері білім, мәдениет саласындағы және қайырылымдылық шараларына арналған көптеген жобалардың бастамашысы. «Bala Turkvizyon» байқауының Ұлттық іріктеуі  «Жандану әлемі» қорының балаларға арналған кезекті  жобасы. Әрбір қатысушы марапатқа, құрметке ие. Олар қордың «Bala Turkvizyon» Ұлттық іріктеуінің қатысушысына арналған сертификаты мен Ұлттық іріктеу әнұраны жазылған CD-дисктерге ие болады.

      Оңтүстіктің барлық аймақтарынан өнер көрсетем деп келушілер көп болды, Қатысушылардың ішінен ең үздік отыздықты таңдап алу үшін, ұйымдастырушылар екі топқа бөлініп тыңдауға тура келді.  Жеңімпазды Айдар Тұрғанбек бастаған «Жігіттер» тобының әншілері анықтады. Жеңімпазды Республикалық финалға дайындауға Айдармен бірге Бағлан Әбдірайымов пен Ердос Қанаев өз күштерін салады. Тәлімгерлер қатысушыларды тек тыңдап қана қоймай, өз ақыл-кеңестерін айтып,  тәжірибелерімен бөлісіп, кішкентай өнерпаздарға қолдау көрсетіп отырды.

       Егер музыкалық білімің болмаса, сахнада тәжірибең болмаса, қазылар алқасының алдында өнер көрсету қиын. Бірақ, «Bala Turkvizyon-Казақстан»  байқауының есігі -  қазақстандық ән салам дейтін әрбір балаға ашық. Қатысушы балалардың көбі дарынымен, даусымен жұлдызды тәлімгерлерді таң қалдыра білді. Олардың ішінде ерекше көзге түскені, көзі нашар көретін балаларға арналған «Үміт» мектеп-интернатының тәрбиеленушілері «Самғау» дуэті. Назима Исаханова мен Ырысдаулет Орынбек іріктеуге тәлімгерлері Тамара Шидерхановамен бірге келді.  

        Үздік отыздықтың ішіне өтіп, өз өнерін көрсеткен Назима Исаханова Ұлттық іріктеудің жеңімпазы болып танылды. Он екі жастағы Назима, Түркістан қаласында тұратын көпбалалы отбасыдан. Анасы – үйде, әкесі – электрмен пісіруші болып жұмыс істейді. 4 жасынан бастап Назима интернатта оқиды, мультфильмдердегі кейіпкерлердің даусын айнытпай салатын қыздың ән салу қабілетін ұстазы бірден байқаған. Сол кезден бастап, республикалық әрі халықаралық байқауларға қатысып, жүлдемен оралуда. Бірде Ресейдің танымал әншісі Диана Гурцкая Назиманы Мәскеу қаласына шақырып, «Белая трось» фестиваліне қатысуына мүмкіндік жасаған. Өкінішке қарай, Назима зағип жан, бірақ, өзінің әсем даусымен көпшіліктің көңілін баурап алады. Барлық қатысушылар Назиманың жеңісіне риза болып, қолдау көсетті.

       Оңтүстік Қазақстан өңірі дарынды жас өнерпаздарға бай екендіктерін тағы бір рет көрсетті. Қазақтың халық әндерін қатысушы Евгения Белокурова нақышына келтіріп орындай білді. Ол қазақ тілінде таза сөйлейді және халық әндерін жақсы көреді. Қазақ Өнерімен таныстырған ұстазы Роза Әмрековаға алғысы шексіз. Женяға тәлімгер -  Айдар Тұрғанбектің шығармашылығы ұнайды. Бұл күні, Айдармен танысып қана қоймай, әнін тыңдау – бүлдіршінге екі есе қуаныш сыйлады.

      Ұйымдастырушылар мен тәлімгерлерді ең кішкентай қатысушы, сегіз жасар Шәмші Амантай өзінің ширақ мінезімен таң қалдырды. Шәмші үш тілді тереңдетіп оқытатын мектептің оқушысы. Ол «Мен күнде тойға барып ән айтам, біздің туыстарымыз мені ән айтып, би билеп, халықтың көңілін көтеретінім үшін, жақсы көреді» дейді. Анасының айтуы бойынша түсінде бір қария келіп Шәмші Қалдаяқовтың кітабын сыйға берген екен.   Ата-ана болашақ баласының атын «Шәмші» қоюды жөн көріпті.

        Оңтүстік Қазақстан облысы әншілерге бай өңір екеніне сөз жоқ. Бірақ, алдыда әлі 11 аймақ бар. «Bala Turkvizyon-Казақстан» жаңа дарындарды, жеңімпаздарды, өнерпаздарды күтеді. Келесі аялдама  - Тараз қаласы, Ұлттық іріктеу 25 маусым күні.



Бөлісу: