Кез келген адамның қолынан келеді

Марк Цукерберг сұқбаттарының бірінде: «Хакер – тәуелсіздікке ие бағдарламашы», - деп айтқан болатын. Шындығында ол хакер, ал қол астындағы инженерлер бағдарламашылар болып табылады. Себебі олар Facebook платформасын дамыту мақсатында жұмыс істейді. Бизнес иесіне тәуелді түрде еңбек етеді. Шындығында, кез келген бағдарламашы хакер статусын иемдене алмайды.

Қазіргі қоғамда интернет ресурсын бағындырғандар алпауыт компаниялардың  негізін қалауда. Билл Гейтс Microsoft компаниясын дамыту арқылы, әлемдегі "ең бай адам" ($79,2 млрд) атанып отыр. Расында ол да Гарвардтағы жоғары білімін аяқтамай, тәуекелге бас ұрған болатын. Оның бағдарламалық қамтуға байланысты бірінші жобасы сәтсіздікке ұшырайды. Сонда да, ол оқудан кеткеніне өкінбей, қайта-қайта тырысып көреді. Генри Форд, Ричард БрэнсонСтив ДжобсЛарри Пейдж, Сергей Брин, Марк Цукерберг, Джек Ма, Элон Маск, Питер Тиль тағы басқа белгілі тұлғалар осы бағыттан таймай, алыптар қатарынан көрініп отыр. Ендеше олардың қолынан келсе, біздің де мұны алқымдай алатынымыз туралы ойланып көрейік. Альберт Эйнштейннің идеясы бірнеше физикті ойландырғаны анық. Бірақ оны жүзеге асырған тек өзі болды. Томас Эдисон электр лампасын ойлап таппағанымен, оны патенттеп, бизнес жолына айналдыра алды. Стив Джобс музыкалық плеер, смартфон, планшет немесе компьютерді ойлап тапқан жоқ. Дегенмен оның ерекше қырларын дамытып, тұтынушыға ұсына білді.

"Менің қарапайым қызметтегі әке-шешемнің бар жинағаны колледждегі оқуыма бағытталған болатын. Алты айдан кейін колледждің мені бағдарлай алмайтынын түсіндім. Болашақта немен айналысатынымды анықтай алмай жүрген сәтім еді. Бұл өрісте колледждің маған қалай көмектесе алатынын да білмедім. Сондықтан колледжден кетуді ұйғардым ... Егер мен сол кезде колледжден кетпегенімде, қазіргі қоғам тұтынып жатқан компьютерлік технология болмауы да мүмкін еді".

Стив Джобс, Apple компаниясының негізін салушы.

"Бизнесті енді бастаған кезде оқудан қалып, жоғары білім дәрежесін (магистратура) иемдене алмай қаламыз ба, деп уайымдаған едік. Бастапқыда компанияны үнемі дамытып отыру керек болды. Бұл идеяны ата-анамыз да құптамады. Алдымызда әртүрлі шешілмеген мәселелер тұрды".

Ларри Пейдж, Google корпорациясының негізін қалаушылардың бірі ($29,7 млрд).

"Жаңа жобаны Гарвард жатақханасында бірге тұратын достарыммен бірге бастадым. Ол кезде компанияның қазіргі деңгейге дейін үлкейіп кететіні туралы еш ойламаған да болатынмын. Себебі мен небәрі 19 жастағы студент едім. Миллиардтаған доллар құндылыққа ие компания құру былай тұрсын, миллионды қамту да ойыма келмеген. Бізге жаңа платформаның өте ұтымды жақтары қызық болды. Егер осыдан 11 жыл бұрын фейсбукті біз құрмасақ, оны басқа біреу жасайтыны белгілі еді. Интернет арқылы үнемі байланыста болуды қамтамасыз етуді мақсат еттік. Дегенмен мұның интернет ресурсын түбегейлі өзгертіп жіберуі мүмкін екені ойымызға да келмепті".

Марк Цукерберг, Facebook әлеуметтік желісінің негізін салушы ($33,4 млрд).

"Мен бала кезімде актриса болуды армандайтынмын. Ал әкем біздей халық үшін әртіс болу қайда деп, құлазыған болатын. Әкеме осылай айтқаныма ұяламын. Себебі ол осы сөздерінен кейін көп өтпей өмірден озды. Өмір бойы оның айтқаны есімнен кетпес. Сол мезетте, әкем солай деген кезде, мен арманымнан бас тартатынымды айтпағаныма өкінемін".

Опра Уинфри, "Опра Уинфри шоуы" жобасының продюсері ($2,8 млрд).

"Amazon сайты бастапқыда тек кітаптарды сатумен айналысады. Себебі әлемде басылып шыққан миллиондаған кітаптар болғанымен, оларды оқығысы келетін адамдарға барлығын қамтитын қарапайым каталог дайындау мүмкін емес еді. Мұндай мүмкіндікті тек интернет ғана бере алатын. Себебі оны басып шығарудың керегі жоқ және үйде отырып-ақ тапсырыс беруге болады.

Amazon.com хостингін ресми тіркеген кезімде интернет енді ғана дами бастаған болатын. Бар жинағанымды сол бизнеске салған кезде сәтсіздікке ұшырасам не болатыны ойымнан кетпей қойған. Асылы, бизнесті бастамай жатып оның құлдырауы туралы ойлау – қорқақтық. Егер сол кезде бизнестің онлайн платформасын дамытудан бас тартқанымда, өмір бойы өзімді кешіре алмас едім".

Джефф Безос, Amazon.com интернет-компаниясы мен Blue Origin ғарыш концернінің және The Washington Post басылымының иесі ($34,8 млрд).

"Кәсіпкерлікті дамытудың екі жолы бар. Бірі көптің бірі болмай, джунглиден шығу жолын табуға тырысу болса, екіншісі бастаған істің нәтижесін көрмейінше қайтпай, қайсарлық таныту".

Ричард Брэнсон, Virgin Group корпорациясының негізін салушы, әртүрлі профильде жұмыс істейтін әлемдегі 400-ден аса компанияның иесі ($5 млрд).

"Бизнесті жүргізуге қарағанда оны бастау қиын. Себебі ол үшін алға қойған мақсатыңа жетуге мұрша бермейтін кедергілерді анықтау керек. Содан кейін олардан өтудің амалын табуға тиіспіз. Онсыз ешбір нәтиже көрінбейді. Ал мен оны жасауға тиіс едім. Себебі балаларымның менен жақсы өмір сүргенін қаладым, себебі үнемі өмір жолында жеңіле бермейтінімді дәлелдегім келді".

Джек Ма, Alibaba Group интернет компаниясының негізін салушы, құрлықтағы Қытайдан шыққан тұңғыш миллиардер ($35 млрд).



Бөлісу: