Айбек Қалиев: Ақындардың барлығы бірдей келісіп айтыспайды

Жуырда киелі Торғай өңірінің тумасы, айтыстың ақтаңгер ақыны, ф.ғ.к., доценті Айбек Қалиев ағамызбен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

— «Қылыш — батырдың қаруы болса, домбыра — ақынның қаруы» деп айтады. Сіз айтыскер ақын ретінде бұл жауапкершілікті қаншалықты сезініп жүрсіз?

— Өз басым ел алдына шығып екі ауыз сөз сөйлесем де үлкен жауапкершілікпен сөйлеу керек деп есептеймін. Ал, айтыс сахнасында айтылатын әңгіменің ауқымы одан кеңірек. Сондықтан да әрбір айтыста елдің көкейінде жүрген мәселелерді айтып шығуға тырысамын. Қазақ халқы үшін ақынның жырынан қымбат не бар? Бір ауыз сөзбен тыныш жатқан елді көтеріп жіберуге де, көтерілген қылышты қынына қайта кіргізіп, елді басуға да болады. Ауыздан шыққан әр сөзге абай болмасақ, «Айтылған сөз – атылған оқ», «Он күнәнің тоғызы – тілден» деп есептейтін қазақ жұрты үшін кеселді сөздің кесірі тұтас ұлт үшін қауіпті болуы мүмкін.

— Бүгінгі таңда айтыстың шектен тыс импровизацияланып, шоуға айналып кетуіне көзқарасыңыз қалай?

— Импровизация – айтыстың негізгі қасиеті, шоу деген сөздің өзі ойын-сауық, көпшіліктің көңілін көтеруге арналған думан деген ұғымды білдірмей ме?! Театры, концерт залдары жоқ қазақ халқы үшін айтыс шын мағынадағы шоудың рөлін атқарып келген. Ал, қазіргі шоу аталып жүрген жарқылдақ, жалтылдақ, мәнсіз-нәрсіз дүниелерді мен шоу деп есептемеймін. Айтыс заман көшінен қалмауға тиісті, негізгі қасиетінен айырмай жаңа, креативті тың идеялармен жаңа заманға лайықтау жағына қарсы емеспін.

— Халық арасында «айтыс өнері кең көлемде насихатталып жатқан жоқ», — деген әңгіме жиі айтылады. Сіздің қазақ айтыс өнерінің қазіргі аяқ алысына көңіліңіз тола ма?

— Расында да айтыс соңғы кездері телеэфирден өте сирек беріледі. Әр жерде өтіп жатқан айтыстарға тек сол жерде тұратын көрермендер ғана келіп тамашалайды. Ақпарат алу көздерінің жылдам дамуы, әсіресе интернет желісіне салынған айтыстарды тек интернетке қолы жетімді айтыссүйер қауым ғана көре алады. Ал, интернеттен алыс, айтыстың нағыз жанкүйерлері ауыл тұрғындары болғандықтан олардың мүмкіншілігі жоқ. Сол себепті де айтысты насихаттау үшін телеарналардан жиі көрсетіп тұру керек. «Фобия» және сол сияқты хайуани шоусымақтарды көрсеткеннен гөрі халықтың рухын көтеріп, қайратын қайрап, жігерін жанитын айтысты көрсетсе елге рухани азық болатынын түсіну үшін қаншалықты ақыл керек екенін түсінбей-ақ қойдым. Осыған жаупты кісілер Қазақстандағы телеарналарда көрсетіліп жатқан бағдарламаларға шолу жасап, ревизиялау қажет, әйтпесе жоғарыда атап өткен хайуани шоусымақтар қазақ рухын құрдымға кетіреді.
Қазіргі айтыс көркемдік деңгейі жағынан біршама өскенімен, кезіндегі Аманжол, Мэлс, Мұхамеджан, Оразалы, Бекжан, Дәулеткерейлердің айтыстарындағы көркемдіктен көп кейін қалғанын мойындауымыз керек. Содан кейін айтыстың тым саясиланып кетуі де немесе тым театрландырылып кетуі де айтыстың табиғатын бұзады. Сондықтан әр нәрсе өз мөлшерімен болғандығы жөн.

— «Ақындар өзара келісіп айтысады» — деген пікір қаншалықты шындыққа жанасады?

— Оны мойындауымыз керек, айтыста мұндай келеңсіздіктің бары рас. Бірақ оған қарап айтыскер ақындардың барлығы бірдей келісіп айтысады деген ойдан аулақ болуымыз керек. Айтыс ұжымдық шығармашылық. Екі ақынның дарын қуаты, тапқырлығы, ақындық шеберлігі, актерлік шеберлігі тұтасып келіп біртұтас көркем туындыны – айтысты тудырады. Егер екі ақын да мықты болса, олардың айтысы да мықты болмақ. Осы тұрғыдан алғанда айтыс жақсы шығуы үшін бағыт-бағдарын бір-бірімен сөйлесіп, жобалап алуы да мүмкін. Ал бір жердегі айтысын келесі жерге барып сол қалпында қайталап беруге қарсымын.

— Соңғы сауал. Қазақ айтысында сөз бостандығы бар ма?

— Айтыста сөз бостандығы бар. Ақындардың тілін байлап жатқан ешкім жоқ, ананы айтпа, мынаны айт деп жататындар ішінара кездескенімен, ақындар айтқысы келген ойын бүкпесіз айтып жүр. Тек сол айтылған сөздер айтыс телеарнадан көрсетілгенде Ринат айтпақшы «аборт» жасалынып, монтаждалады.



Бөлісу: