«Еуразия» бірінші арнасында ретро әндерді насихаттайтын жоба көрерменге жол тартты

 Жоба аясында өнер көрсететін әншілер арасында Заттыбек Көпбосынұлы да бар. Біз жобаға қатысты өнер иесінің пікірін білген едік.

-          Мұны ретро әндер жобасы деді. Сіз өзіңіздің қандай әндеріңізді орындайсыз?

-          Мен халықтың ең жақсы көретін, өзімнің «Ақмаржанымды» орындаймын. Одан кейін халықтың танып жатқан, біліп жатқан әндерімнен бұл жобаға 7-8 әнімді сұрап отыр. Оның ішінде «Перзент тілегі» деген ата-анаға арналған ән бар. Қалғаны бұрынғы, халықтың арасында танылған әндер. Менің өзімнің әндерім және көше әндері.

-          Осы жоба туралы айтып кетсеңіз. Жалпы қандай баға бересіз?

-          Енді естіп-көріп жүрмін әлеуметтік желілерден. Бірақ бірінші рет арнаның ұсынысы бойынша келіп, түсірілімге қатысайын деп отырмыз. Жалпы өте жақсы. Былайша, қарап отсаңыз, бір әншінің өзіне үлкен мүмкіндіктер бар. Басқа жобалар сияқты 1-2 әнмен шектелмейді. Әнші өзінің репертуарындағы мүмкіндіктерін, жақсы әндерін халыққа көрсете алады. Бір жағынан бұл қай әншілер, қай әріптес болмасын өте қуанатын жобалардың бірі. Себебі өзінің мүмкіндігін көрсете алады. 5-6 ән сұрап отыр. Үлкен нәрсе бұл. Ал енді арнайы Астанадан, Алматыдан, Шымкенттен келесің. Тек бір әнге бола келесің. Ал бұл жобаға қалай келсе де арзиды, себебі 7-8 ән сұрап отыр. Сондықтан, өте қуанарлық жағдай.

-          Сіздіңше, мұндай жобалар Қазақстандағы шоу-бизнестің дамуына ықпал ете ме?

-          Әрине, оның бағасын тыңдарман, көрермен халық береді ғой. Бірақ, меніңше, рейтингісі жақсы болатын сияқты. Өйткені, жобаның ішінде тек ретро әндер емес, жаңа әндер де бар. Сосын әртүрлі бағыттағы әншілер бар. Сондықтан бұл жобаның халықтың арасындағы танымалдылығы, таралымы жақсы болады деп ойлаймын.

-          Ал сіздің қазіргі таңдағы өз рейтингіңізге көңіліңіз тола ма?

-          Әрине. Қай бағдарламаға, қай жобаға қатыссам да, содан кейінгі жақсы пікірлерді, халықтың маған деген жылы лебіздерін, сындарын да естіп жатамын. Соған қарағанда ол жоба жақсы.

-          Алдағы уақыттағы шығармашылық жоспарларыңыз қандай? Қандай әндер жаздыратын ойыңыз бар?

-          Енді жобада тұрған әндер көп. Бірақ, жақында біз жас әнші қызбен дуэт жасадық.

-          Кіммен?

-          Назерке деген Шымкенттің қызы. Сонымен «Кім білер?» деген әнге дуэт жасадық. Енді сол ән халықтың арасында дұрыс жолға түсіп жатқан сияқты. Өйткені, тыңдармандар жақсы пікірлер айтып жатыр. Жалпы қыздың әншілігі де, қазақилығы да жоғары, жалпы эстрада жанрында өз орнын табатындай мүмкіндігі бар. Сондықтан сол қарындасыммен ары қарай жұмыс жасасам деген жоспарым бар. Алда үлкен жұмыстар бар.

-          Сұхбатыңызға рақмет, ісіңізге табыс тілейміз!



Бөлісу: