Do you speak english?

Өткен айда жатақханама жақын орналасқан кітапханалардың біріне бардым. Барғандағы мақсатым алған кітаптарымды тапсыру болатын. Сол кітапханадан ғаламторға шығып тұрамын. Келген сайын бір көрініс қайталанады. Коюпьютерлер тұрған бөлмеде бір есік бар. Құдды «Мың бір түн» ертегілеріндегі айтылатын ашуға болмайтын құпия есік іспетті. Ол бөлмеге біреудің кіргенін көрген емеспін… Содан ішімде қызығушылық пайда болып, қарап отырмай әлгі құпия есікке жақындадым. Есікті үреймен шаққа аштым… Имене басып, кірдім. Кірсем ағылшынша кітаптар сөрелерде самсап тұр екен. Ішінде бейтаныс тәте отыр. Ол кісі осында жұмыс істейді екен. Жұмысы рақат. Жан қинайтын жұмыс емес. Күніне бір есікті ашып, уақыты біткенде құлыптайды. Осымен ол кісінің жұмысы бітті. Әлгі тәтеймен сөйлеспекке бекіндім. Қазақша амандасып, бұл бөлменің не екенін сұрадым. Ол кісі орысша жауап берді. Бірін түсінсем, бірін түсінбеймін. Әйтеуір, ұққаным ағылшынша үйрететін клуб екен… Содан әлгі тәтей атын айтып, мен ол кісіге атымды айтып таныстықтың алғашқы қадамын жасадық. Сөйтіп есімін де біліп қалдым. Ныспысы — Дина екен. Жап-жақсы адам. Тек орысша сөйлейтіні болмаса… Бірақ, орысша тәрбие көріп, оқуды да орысша тәмамдағаны көрініп-ақ тұр. Содан не керек ол кісі мені сенбі күні өтетін пікір алмасу клубына келетіндердің тізіміне жазды. Іштей қысылып мен тұрмын.

— Ты знаешь английский язык?, — деп сұрақ қойды. Қапелімде не деп жауап берерімді білмей қалдым. Бірнеше секундтар өткенде барып: «elementary» деңгейіндемін, — деп тіл қаттым. Оның өзін зорға айттым. Екі күннен кейін келіп, өтірігім шығып қалады ма деп те тұрмын. Бірақ, ағылшын тілінен курс алғаным рас енді. Қайталамағалы біраз ай өткесін әдейі «elementary» деңгейіндемін деп айттым. Содан көптен күткен сенбі де келді-ау әутеуір… Қорқасоқтап, әлгі бөлмеге кірдім. Ол бөлмеде емес, қуыршақ театрының залында өтті пікір алмасу сабағымыз. Кірсем 4 қыз, 1 орыс бала отыр екен. Әлгілермен жайлап танысып алдым. Артымды ойлағандағым ғой өзімше. Ағылшынша танысуға әлім жетсе де төбеден қойғандай етіп сұрақ қойып қалса не демекпін деп үркіп отырдым. Бір уақытта қасымдағы Владимир есімді (Танысқан орыс студент — Ж.Б) жігіт: «room cold» деді өзінен-өзі. Бұл уақытта менде қорқыныш атаулысы аз да болса сейілген болатын. «Бөлме салқын» деген мағына білдіретінін бірден білдім. Бірақ ол жігіт: «Бөлме суықтау екен, тоңып отырмын» дегісі келген сияқты. Өйткені, қимылдары соған саятын. Ішімнен күлкіден түйіліп қалдым. Басында Владимирдің ағылшыншасы жақсы шығар деп ойлағам…
 Сөйтсем, оның ағылшыншасы менің «орысшам» сияқты екен. Менің орысшам оның ағылшыншасынан сәл-пәл тәуірлеу шығар. Күлуге ұялдым. Біртіндеп қыз-жігіттер жиналды. Дина тәтей бәрімізбен ағылшынша амандасып, бір-бірлеп тұрғызып алып танысты. Кезек маған да келді. Орнымнан тұрғанда Дина апай, мектептегі мұғалімдердей ұрысып жатқандай көрінді. Сөздерінің бірін ұқсам, бірін ұқпаймын. М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-де оқитынымды, оның ішінде "қазақ филологиясында" білім алып жатқанымды тілімді бұрап шаққа айттым. Содан кейін үндемей отырып тыңдадым. Ақылбек есімді жігіт пен Анджела есімді қыздың ағылшыншасы жақсы екенін байқадым. Айта берсем сол күні қызық көп болды.  

Сөздің қысқасы тезірек ағылшынша үйрену керек екен. «Тіл білгеннің пайдасы көп», — дейді жанымдағылар… 
Қазіргі заман тіл білген адамның артта қалмайтынын әлдеқашан дәлелдеп тастады.

Айтпақшы, Do you speak english?



Бөлісу: